Журналист жолы

Со-сонау 1965 жылдың мамыражай жаз айы болатын. Турасын айтсам, соның алдында ғана Чкалов орта мектебін тәмамдап, қолға аттестат алғанбыз. Ендігі мақсат – жоғары білімді журналист болу. Бәз біреулер:
– Туған ауылыңнан ұзап, жүдеп-жадап қайда бармақсың. Осындағы ағайындардың көпшілігі 5-6 кластық біліммен де өз нанын өзі тауып жүр емес пе. Бірі – механизатор, енді бірі – малшы дегендейін. Солардан сен кембісің, «әлде» деп есіркегендей болады. Қайтейін. Үндемей құтылам. Ондағы ойым – бала күнімнен әдебиетке деген құмартушылығым. Оның үстіне 5-6 сыныптан бастап республикалық «Қазақстан пионері», «Спорт» газеттеріне, қала берді, «Балдырған» журналына, облыстық «Көкшетау правдасы», өлкелік «Тың өлкесі» басылымдарында жарық көрген хабар-ошарларымды жинақтап, қайтсем де журналист боламын деген ерен арман тағы бар. Сол жылдың жазында Алматы қаласындағы Киров атындағы (қазіргі Әл-Фараби) Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне барлық құжаттарымды, соның ішінде әлгінде айтқан жазып-сызғандарымды бір альбом етіп тапсырмақшы едім, қас қылғандай ондағылар қабылдамады.
– Саған іштей оқу үшін ең кемі – екі жыл еңбек өтілі қажет, онсыз болмайды,–деп қасарысып отырып алды.
– Мектеп бітіргеніміз енді ғана, сол себепті бізде қандай еңбек өтілі болмақ,–десек әлгілер тіпті ерегіскендей сыңай танытты.
Содан не керек, бармақ тістеп, өкіне-өкіне елге қайттым. Тиіп-қашып, анда-мында жұмыс істеген болдық. Арада тағы бір жыл өте шықты. Келесі жылдың жазында артынып-тартынып, Алматыға екінші қайта аттандым. Бұл жолы да бағым жанбады. Мұндағылардың сылтауы – енді бір жыл еңбек өтілінсіз сынаққа жібермейміз.
«Қайтсем де журналистика факультетіне түспей қоймаймын» деген оймен 1966 жылдың күзінде ҚазГУ-дың сырттай бөліміне құжаттарымды тапсырдым. Жатар орным дайын – есімі елге танымал ақын Жақан ағайдың, кәдімгі Жақан Сыздықовтың үйі. Алғашқы үш пәннен де сүрінбей өткен мен неміс тілінен сынақ тапсырарда қатты қысылдым. Өйткені, аудиторияға кіргендердің біразы осы пәннен омақаса «құлап» шықты. Қыздар жағы жылап та жатыр. Дес бергенде осы кезде қасымнан профессор Әбілфайыз (Алтай) Ыдырысов өтіп бара жатқан.
– Ағай,–дедім сасқалақтап, сізге бір өтінішім болғалы тұр. «Көкшетау правдасы» газетіндегі ағаларым қысылғанда өзіңізге бар деп әдейі сәлем айтып еді. Бәрінен құтылғанда мына пәннен тұтылатын түрім бар. Нендей көмегіңіз болады?..
– Е, әлгі Тұрсекең дос хат жолдағанда тұспалдаған бала сен екенсің ғой. Қазір,–деп ішке кіріп кетті. Ол кісінің Тұрсекең деп меңзегені – біздің Көкшетау облыстық газетінің со кездегі жауапты хатшысы әрі бұрынғы курстасы Тұрсынбай Кәкімов болатын. Осында келерде жолдама хатты қолын қойғызып, мөрін басқызып, содан алған едім. Енді не болар екен деп іштей күдіктеніп, тағы қобалжып тұрмын. Әрі-беріден соң сыртқа шыққан Әбілфайыз аға:
– Кір ішке,–деді. Ештеңеден қысылмай, дұрыстап жауабыңды бер.
Дұрыстап жауап бергенім сол, ақыры университет қабырғасының тақтайшасындағы журналистика факультетінің сырттай бөліміне оқуға түскен 50 абитуриенттің орта тұсында менің де ата-тегім түгелдей жазылғанын көргенімде қуанғанымнан жүрегі құрғыр жарылып кетердей болған еді…
Сөйтіп, сол 1966 жылдың күзінде мен облыстық газетке аудармашы-тілші лауазымында жарты ставкамен қызметке орналастым. Өтірік айтып қайтейін, мүйізі қарағайдай, манағы жауапты хатшымыз Тұрсекеңмен, одан бертінгі Октябрь Бұхарбаев, редакторларымыз Өміржан Оспанов, Жанайдар Мусин, орынбасарлары Естай Мырзахметов, Сүлеймен Ақтаев, кешелер дүниеден өткен Баян Нұрпейісов, Әуез Өтеев, Әбділда Дүйсенов, Хәкімтай Әміров, бөлім меңгерушілері Жомарт Оспанов, Маман Ементаев, Нұрқан Ысқақов, Мәтен Бижанов, Сәкен Хасенеев, Сәкен Әубәкіров, тілшілер Кенжетай Ғазизтегі, Ерғали Доспаев сияқты ағалармен қалам жарыстыра жұмыс істеу оңайға түспеді. Өйткені, газет жанрларынан түк хабарымыз жоқ, оның үстіне бұған дейін ұсақ-түйек дүниелерден басқа ештеңе жазып көрмеген біз сияқты жартыкештерге заматта көсіліп кету қайдан болсын. Әйтсе де, кейінірек газеттің шығу процесіне жиі қатысып, кезегімен келетін кезекшіліктен бастап, корректорларға ілесіп, беттерді жіті оқуға, тіпті әлдекім ауыра қалса «подчитчик» болуға, әжептәуір жердегі баспаханаға жаяулап материал таситын курьерлік міндетті де орындауға барымызды салдық.
Қайтесің, ол уақытта басшыларға «менің жалақым қандай болады?», «қаламақымды неге дұрыс қоймайды?», «лауазымдық қызметімді қашан жоғарылатады?» деген сияқты көкейдегі сұрақтарды қоя алмайтынсың. Әйтеуір, біреу құрлы қызмет істеп, тіршілік жасап жатқаныңа тәубе ететінсің. Ал қазір қарап отырсаң, заман басқаша, адамдардың көзқарасы да өзгеше болып барады.
Әзағаңның, Әзілхан Нұршайықовтың тілімен айтқанда: «Журналист бойына барлық қасиеттерді жинаған елгезек, елпек, қарапайым, кішіпейіл, жұғымды, ерінбейтін еңбекшіл, ұстамды, ұйымдастырғыш, жазғыш, айтқыш, ақылды азамат болуы керек» екендігін жүре ұғындық. Сондықтан, әуелгі бетте-ақ аға басылымдарда жарық көрген мақалалардың, не болмаса суреттемелердің, очерктердің, тағы басқа жанрдағы материалдардың қандайлық деңгейде екендігіне ой жүгіртіп, солардың жақсы жағынан тәлім алуға, солай жазуға талпындық. Міне, содан бергі жарты ғасырға жуық уақыт аралығында өз басымнан талай қиындықты да, талай жақсы кезеңдерді де өткіздім десем өтірік емес. Редакция табалдырығын алғаш аттаған жылдары тырнақалды жазғандарымызды қайсыбір ағаларымыздың орынсыз сызғылап, неше қайтара қайта бастыртқандары да есімізде. «Жақсы редактор түзейді, жаман редактор күзейді» демекші, тіпті әр адамның өз жазу стилі, өз айтар ойы бар екендігін де түсінгісі келмеді. Бірақ, аруақтары кешірсін, бізді олар қалай үйретуге тырысса да, біз де өзімізше өмір сүруге ұмтылып бақтық.
Газет жұмысына араласа жүріп, ара-арасында атақты ақын, не жазушы болмасақ та әдеби шығармалар жазуға да ден қоя бастадым. Бертінірек алғашқы мақалаларым, суреттемелерім республикалық «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің беттерінде, «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», «Ара», «Еңбек таңы» журналдарының беттерінде жарық көрді. Солардың біразын көңіл елегінен өткізіп, екшеп, арада 30 жыл өткен соң, яғни, 1996 жылдың жазында жергілікті баспаханадан «Өмірдің ащы шындығы» атты деректі мақалалар жинағым мен «Кәуіктің өкініші» тұңғыш сықақ кітабымды бастырып шығардым. Сөйтіп, алғашқы тырнақалды еңбегім үшін сол жылы облыс журналистері арасында жарияланған конкурста жеңімпаз деп танылып, Қазақстан Журналистер одағы Көкшетау облыстық бөлімшесінің Жанайдар Мусин атындағы сыйлығының лауреаты атандым.
Жалпы, әлгінде айтқанымдай, жарты ғасырдай көзмайымызды тауысып, жүйкемізді жұқартып біреуден ілгері, енді біреуден кейін дегендей қалам ұстаған жылдардағы еңбегім ескеріліп, 2007 жылы 60-қа толған мерейтойымда «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» атағын иеленсем, кейін «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін омырауыма таққандығымды да еске сала кетсем жөн деймін. Осы арада мына жәйтті де айта кетудің артықтығы жоқ сияқты. Мақтанғаным емес, журналистік мамандықты таңдап, журналист атанған 50 жыл ішінде газет беттерінде жарияланған түрлі жанрдағы материалдарымнан басқа осы күнге шейін ірілі-ұсақты жиырмадан астам кітабым қаладағы жеке баспаханалардан жарық көрген екен. Солардың ішінде манағы «Кәуіктің өкініші», «Бірқақпайлар», «Қырсыздықтың қырсығы», «Шырмауық», «Деген екен», «Күлсек күлейік, кәнекей», «Құныққанның кесірі» атты сықақ кітаптарым үшін кейбір ағайындар шыны ма, әзілдеп пе, «сатирик жазушы» деп те мадақтап қоятыны бар. Оған қоса, бүгінде зейнеткер журналистер қатарында болсам да, 70 жылдық мерейтойыма орай «Өмір-өзен» деген атаумен кезекті жаңа жинағымды да оқырмандар назарына ұсындым.
Әгәрки, өмір жолымды қайта бастар болсам журналистік мамандықты қайта таңдар едім. Өйткені, қоғамда болып жатқан дүбірлі өзгерістер лебінен кеш қалмай, заман ағысына үн қосу – менің өмірлік кредом. Ол үшін ашық ойымды, тың пікірімді, ұтымды ұсынысымды жүрек төрінен шығатын жалынды сөзіммен ғана білдіре аламын. Журналистиканың кедір-бұдыр жолында қасиет бар. Журналистиканың өз заңы, ішкі қағидаттарын сезінгенге не жетсін. Басты ұстаным – адалдық дейтініміз осыдан.

Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі, Мәдениет қайраткері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар