Абай мұрасы және қазіргі білім беру жүйесі

Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің ұйымдастыруымен өткен халықаралық онлайн конференция ұлы ойшыл, ақын, кемеңгер Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына және аталмыш білім ордасының 30 жылдығына арналды. «Абай мұрасы және қазіргі білім беру» тақырыбында өткен бұл іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Мәлғаждар Тәткеев құттықтау сөз сөйлеп, данышпан ақынның толық адам тұжырымдамасына жастардың зор көңіл бөлу керектігіне басым назар аударды.

ZOOM платформасы арқылы тікелей видеобайланыс форматында өткен  аталмыш конференцияға филология ғылымдарының кандидаты, әдебиетші-ғалым, колледж директоры Нұртас Ахат төрағалық етті.
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі – Ақмола облысындағы тұғыры биік, еңселі оқу орны. Бүгінде республикамызда зор беделге ие білім ордасының өзіндік тағылымға толы тарихы бар. Ұлтымыздың ұлтжанды азаматтарын тәрбиелеген колледж бүгінде заманауи педагогикалық кадрлар даярлауда ғана емес, сонымен қатар, өңіріміздің мәдениет пен өнер саласын дамытуға, зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға елеулі үлес қосып келеді. Оқу орнында, ең әуелі, халықаралық байланысты орнату қызметі жүйелі жолға қойылған. Бұған аталмыш халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының өткізіліп отырғандығы айқын дәлел. Колледж Ұлыбритания, Ресей, Башқұртстан, Қырғызстан елдерінің кәсіптік білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық байланыс орнатқан.
Онлайн-конференцияның пленарлық мәжілісінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мәлғаждар Тәткеев, Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова, облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов құттықтау сөз сөйлеп, ұлы тұлғаға арналған конференцияның сәтті өтуіне тілектерін білдірді.
–«Абай күллі адамзаттың рухани сардарларының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абай еңбектерінің бүгінгі таңдағы өзектілігі кеңінен айтылды. Абайдың ақындығы, ағартушылығы мен даналығынан бөлек, оның әділ басшы, саяси қайраткер болғаны белгілі. Өлеңдері мен қара сөздері «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мазмұнымен сәйкес келеді. Биыл Ақмола облысында да ұлы тұлғаның мерейтойына орай лайықты, ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Абайдың әдеби орталығы ашылып, ескерткіш орнату, білім ордасына есімін беру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, биыл облысымызда Абайдың мерейтойына арналған мыңнан астам әртүрлі форматтағы іс-шаралар жоспарланған,–дей келе, облыс әкімінің орынбасары Абайдың толық адам тұжырымдамасына тоқталды.
Сонымен бірге, пленарлық мәжілісте Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы, Башқұртстан Республикасының Сибай педагогикалық колледжінің директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Ильдар Хамитов, Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің жанындағы кәсіптік колледж директоры, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Аскар Акматов және тағы басқалары қазақтың бас ақыны туралы танымдық, тағылымдық баяндамаларын ұсынды.
Елімізде өршіген коронавирус індетіне байланысты жаңаша форматта өткен жиында дәстүрлі әншілер тобының «Абайға арнау»,  «Самғау» студенттер хорының «Абайға жүгін, Адамзат», «Наркескен» ер балалар хорының орындауындағы «Абай-Гималай» әндерінің тұсаукесер бейнебаяндары көрсетілді. Пленарлық мәжіліс «Кәсіптік білім беру: тәжірибе және перспективалары», «Білім. Ғылым және инновация», «Абай тағылымы – адами құндылықтар өлшемі» атты секциялық бағыттар бойынша жалғасып, онда Башқұртстан, Қырғыз Рес-
публикалары мен Ресей Федерациясының Қорған қаласы, Саха, Алтай елдерінен және отандық  ғалым, зерттеушілер баяндамалар жасады.
Конференция барысында ұлы Абайдың рухани мұрасы, білім және ғылымға, ұлттық құндылықтарға қатысты көзқарастары талқыланды. Қазақстандағы жаңартылған білім беру мазмұнына байланысты мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, бастауыш білім беру, негізгі білім беру, техникалық және кәсіптік білім берудің өзекті мәселелері талданды. Еліміздегі білім берудің кейбір мәселелері шетелдік білім жүйесімен салыстырмалы тұрғыда талқыланып, бүгінгі жағдайдағы қашықтықтан оқытудың бас-
ты проблемалары зерделенді. Онлайн-конференциясының баяндамалары жеке жинақ болып шықты. Сонымен бірге, колледждің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздікпен тағдырлас білім ордасы» атты энциклопедиялық альбом кітап пен филология ғылымдарының кандидаты Аян Қажыбайдың «Сөз құдіреті»  атты кітабы жарыққа шықты.
Колледж директоры Нұртас Ахатұлы конференцияны қорытындылай келе, барлық қатысушыларға, баяндамашыларға зор алғысы мен құрметін білдірді.
–Биылғы оқу жылы білім беру саласы үшін оңай жыл болған жоқ, еліміздегі төтенше жағдайға байланысты барлық құрылымдағы білім беру жүйесі қашықтықтан оқытуға көшірілді. Қазіргі жаһандану дәуірінде жаңа технологияның қарқынды дамуы өмірімізге түбегейлі өзгерістер әкелді. Осы тұста білім ордасының оқытушыларының атқарып жатқан еңбектері зор. Педагогикалық колледждің бүгінгі күнге дейін бағындырған белестері – ұстаздар қауымының ерен еңбегінің нәтижесі. Мұнда педагог мамандарды отыз жыл бойы дайындап келе жатқан алдыңғы толқын – тәжірибелі ұстаз да, колледждегі қызметін енді бастаған жас маман да бар. Оларға ортақ бір мүдде – білімді, жан-жақты, қызметіне адалдық танытатын мұғалім даярлау. Бұл жол – ауыр жол. Тамыры тереңде жатқан, өзіндік оқыту жүйесі қалыптасқан, педагогикалық білім беру мекемелерінің көшін бастаған колледжде қызмет атқару кім-кімнің болсын арманы деп есептеймін. Бұл оқу орны тәлім алушыларға сапалы білім беруімен ғана емес, рухани байлық сыйлауымен де құнды. Ұлттық құндылықтардың дәріптеліп, талант пен дарынның шыңдалар орны. Жастарды өнерге баулу, танылмай жүрген талантын ашу – бұрыннан қалыптасқан, бүгінгі күні жалғасын тапқан игі дәстүр, –деді колледж директоры қорытынды сөзінде.
Ырысалды ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар