Заңдағы өзгерістердің оңтайлылығы көп

Азаматтық хал-актілерін тіркеу қызметі (АХАТ) қашанда маңызды болып келді. Өйткені, адам өмірінің ең айтулы кезеңдері мен өзгерістер азаматтық хал-актілері бо-йынша тіркелгенде ғана заңды болып табылады. Ақмола облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Гүлмира Акимова облысымыздағы азаматтық хал-актілерін тіркеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, сала қызметіндегі заңдық өзгерістер жайында өз ой-пікірлерімен бөліседі.

– Өңіріміздегі қазіргі атқарылып жатқан АХАТ қызметі туралы не айтасыз?
– Биылғы жылдың басынан бері облысымызда дүние есігін жаңа ашқан 5439 сәби тіркелген екен. Бұл сәбилердің 2833-і ұл бала болса, 2606-ы қыз балалар. Балаларға есім қоюға көбінесе сол кезеңдегі қоғамдағы жағдай мен қоршаған ортаның әсері тиіп жататыны белгілі. Ата-аналардың көбі ұл балаларына Әмір, Әлихан, Рамазан, Арлан, Ислам, Нұрислам, Ерасыл деген есімдер қойса, қыздарына Айзере, Мәдина, Әмина, Ай-ару, Аяла, Томирис, Айша, Милана сияқты есімдер қойған.
Елімізде орын алған төтенше жағдайларға қарамастан, жастар арасында үйлену, шаңырақ көтеру азаймай отырғаны қуантады. Жыл басынан бері 1304 қыз бен жігіт некесін қиғызып, отбасылық өмірге аяқ басты. Айта кету керек, ерлі-зайыптыларды тіркеу көбінесе электронды негізде қашықтан өткізілуде. Сонымен бірге, осы кезең ішінде әділет және басқа да мемлекеттік органдардан шыққан 345 ресми құжаттар апостильдендірілді.
– «Неке туралы» Кодекске біршама өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Ол қандай өзгерістер және оның оңтайлы жақтары қандай?
– Азаматтық хал-актілерін тіркеу қызметін оңтайландыру мақсатында Кодекстің 50-ден астам баптарына өзгерістер енгізілген еді. Кодекстегі жаңа өзгерістерге сай азаматтық хал-ахуал актілерін қайталап алу үшін адамдардың енді бұрынғыша алғашқы алған мекемеге барудың еш қажеті жоқ. Мұндай анықтамалар мен куәліктерді енді еліміздің кез-келген аймағынан алуына болады.
Ендігі уақытта ата-аналар жаңа туған сәбиін ұялы телефон жазбасы, яғни, СМС арқылы тіркете алады. Ол үшін әділет органына дүниеге сәбидің қай уақытта келгені жөнінде СМС жіберсе болғаны. Жаңа өзгерісте сондай-ақ, сәбидің анасының жеке басы куәлігі болмаған жағдайда сәбиді тіркеу мүмкіндіктері де қарастырылған. Ендігі уақытта балаларға арасына дефис қойылып екі тіркестен тұратын есімді беруге де болады. Жаңа Кодекс бойынша Қазақстан аумағынан тыс жерде туған сәбилерге куәлік беруде де оңтайлы өзгерістер бар. Мәселен, сәби Өзбекстанда туса, тууы туралы куәлікті сол елден алса, баланың ата-анасы өз қалауларынша қазақстандық куәлік үлгісін еліміздің кез-келген әділет органынан кедергісіз алуларына болады.
Кодекстегі өзгерістер ата-аналарға балаларын бала бақшаға, медициналық мекемеге тіркеу, әлеуметтік көмек алу қызметтерін электронды нұсқада пайдалануға кең мүмкіндік береді. Бұл өзгерістердің бәрі азаматтарымызға көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасы мен оңтайлылығын, жеделдігін арттыруға жағдай жасайды.

Сұхбатты жазып алған Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар