Мамандығына адал Жанар

Мамандығына адал Жанар

Ол жас болса да өте қарапайым, келешегі бар, өз ісінің білгір маманы. Осыдан бес жыл бұрын Қарағанды мемлекеттік медицина университетін тәмамдап, Ақмола облыстық Қ.Құрманбаев атындағы туберкулезге қарсы диспансеріне жұмысқа орналасқан.

Қазіргі уақытта осындағы коронавируспен ауырып жатқандар үшін арнайы жасақталған жұқпалы аурулар госпиталінде алғы шепте еңбек етіп жүрген өз ісіне адал жан. Міне, осылайша жас дәрігер-фтизиатр Жанар Сағындықова туралы оның әріптестері бізбен болған әңгіме барысында ерекше бір жылылық сезіммен сипаттап берді.
– Оның бойында медицинаға, әсіресе, өз саласына қатысты кез-келген жағдайды анық бағалап, алдын ала болжайтын көрегендік қасиеті бар. Ал, бұл қасиет жұмыс барысында өте қажет. Кейбір жас мамандарға қарап, олардың бойынан кез- келген дәрігерге қажетті әлеуетті жұмысқа орналасқан кезінен-ақ байқауға болады. Олар айтқаныңды жарты сөзіңнен-ақ ұғынып, әрі қарай өздері іліп әкетеді, алдарына мақсат қоя алады, тез үйренеді, олар жоғары кәсіби деңгейде жұмыс істеуге ұмтылып тұрады. Біздің Жанар Тілембекқызы жайында да осыны айтуға болады, –дейді диспансердің салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі маманы Татьяна Пегливанян. – Оның бойында басқалардан ерекшелеп тұратын өзіндік болмыс-бітімі бар. Ол ешқашан да жұмыстан бас тартпайды, кез-келген істі бар ынтасымен орындайды, бейімделгіш және сын-пікірлерге түсіністікпен қарайды. Өзіне сын айтқан адамдарға ешқашан да қарсы келмейді. Себебі, ол жұмыс барысындағы сын-пікірлерді өз тарапына ақыл-кеңес деп қабылдайды. Мәселен, егер сені біреу сынап жатса, онда сен өзіңнің әріптестеріңе көптің бірі емессің деген сөз. Егер саған ешкім назар аудармай, көңіл бөлмей, істеген ісің жайлы бір сөз айтпай, не болмаса сын-пікірін білдірмесе, міне, нағыз жаман нәрсе сол. Онда сен өспейсің де, өнбейсің де, яғни, сен жұртқа бәрібірсің. Ал, сен жайлы пікір айтты ма, онда сенің болашағың сол адамдарды алаңдатады деген сөз. Жанар мұндай сын-пікірлер айтқанда қысылмайды, қиналмайды, керісінше өзіне сабақ алады.
Жанар Тілембекқызы жұмысына ерекше мән беріп, ынта-жігермен қарайды, заманауи медицинаның дамуын үнемі қадағалап, назарда ұстайды, жаңашылдықтарды өздігінен зерттеп, зерделеп, меңгере береді екен.
– Менің пациенттерім өздерін тыңдап, денсаулықтарына қатысты берген кеңестерімнің оларға көмектескендігін айтқанда қатты қуанамын. Мен олардың алдында өзімнің кәсіби парызымды сонау ғасырларда негізін қалап кеткен Гиппократтың деонтология ұстанымы негізінде өтеймін. Бұл кезде дәрігерлердің көңіл-күйі, өзін сезінуі мен жағдайы науқастармен қарым-қатынас кезінде ешбір әсер етпеуі тиіс. Науқастар әрқашан да өздерін тыңдап, оның денсаулығына жаны ашитын, аяушылықпен қарайтын дәрігерге сенеді. Емделушілерді шынайы қолдау – өзара түсіністік пен нәтижелі емделіп шығуға көп көмегін тигізеді. Ал, қазіргі уақытта госпитальде коронавирустан емделіп жатқан науқастар үшін бұл аса маңызды. Ең бас-тысы, дәрігер өз мамандығының абырой-беделін ұстауы тиіс, – деп өз ойымен бөлісті жас маман Жанар Сағындықова.
Жанар Тілембекқызы осымен үшінші рет арнайы жасақталған жұқпалы аурулар бөлімшесінде кезекшілік атқаруда. Алғашқы 14 күндік кезекшілігінде ол дәрігер ретінде жұмыс істесе, соңғы екеуінде бөлімше меңгерушісі. Ол өзін жақсы ұйымдастырушы ретінде көрсете алды. Оның жұмысына әріптестерінің ғана емес, науқастардың да көңілі толады. Ол сыртынан қарағанда үнемі байсалды көрінеді, ал, ішінен әр науқас үшін қатты уайымдап жүреді екен. Науқастар оның байсалды мінезі мен өзіне деген сенімділігіне, күш-жігеріне қарап, жандары өздігінен тыныштанады.
Бүгінде жұқпалы аурулар бөлімшесінде өңіріміздің аудандары мен қалаларынан түскен 150-ден астам науқас ем қабылдап жатыр, олардың арасында өкініше орай, денсаулық жағдайлары қиындап кеткен де адамдар бар екен. Бұл мекемеде пандемия-мен медицинаның әр түрлі саласының 60-тан астам қызметкерлері алғы шепте күресуде, олардың ішінде қаланың емдеу-алдын алу мекемелерінен арнайы іссапармен жұмыс істеуге жолданғандары да аз емес. Бұл аты жаман індетпен күресуде олардың әрқайсысының да еңбектері ересен. Осындай әлем халқы күресіп жатқан дертке қарсы тұрып, сағат сайын өз бастарын да қауіпке төндіріп, ем жүргізіп жүрген ақ халатты абзал жандарға коронавируспен күресте тек қана сәттілік пен шыдамдылық тілейміз.
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *