Киіктер егістікпен жосады екен!..

Киіктер  егістікпен жосады екен!..

Бұл жағдай ауыл диқандарын алаңдатып отыр. Қазіргі жағдайда егістік алқаптарын басып, таптап кетіп жатқан жабайы киіктерден миллиардтаған теңге шығынға батуымыз мүмкін деп дабыл қағуда шаруалар. Осы орайда ашынған диқандар мен киік қорыған қорықшылар арасында кейбірде дау-дамай да орын алып жатады.

Сарыарқаның сар даласын мекен етіп, үнемі жосып жүрер киелі жануар киік кең жазира өлкенің сәніне айналғалы да қашан?! Талайғы бір апаттардан да, талайғы бір жұттардан да аман-сау сақталып келе жатқан дала киіктері қазір айрықша қорғауға алынып отыр. Өйткені, соңғы жылдары Қазақстанда киік саны күрт кеміп кеткендігі жайлы деректер де бар. 2006 жылы Қазақстан Үкiметі киіктердi «Қызыл кiтапқа» енгізіп, айрықша қорғауға алып отыр. Әрине, бүгінгідей қоршаған орта мен жан-жануарлар әлемін қорғау мен сақтап қалу мәселесі әлем бойынша өзекті бола түсіп отырған жағдайда біздің елімізде киіктердің де заңмен қорғауға алынуы орынды болса керек. Жасыратыны тағы да жоқ, соңғы кездері емдік қасиеті бар мүйіздері үшін киіктерді заңсыз ату етек те алып кеткенін білеміз. Тіпті браконерьлердің қолынан қорықшылардың да опат болған жайлары да орын алды. Енді осы жағдайда даланың ерке де еркін тағысы киіктердің ауыл диқандарының егістіктерін жайпап кетіп жататыны жайлы да дабыл қағыла бастады.
Біздің ірі астықты өңірлердің бірі Егіндікөл ауданындағы шаруа қожалықтарының біріне иелік ететін Нұржан Бисимбаев 500 гектар алқапқа егілген егінімді киіктер таптап кетті деп зар илеп отыр. Ол ашына сөйлеп, мән-жайды айтып берді.
–Биылғы еңбегім зая болды. Киіктер тек менің ғана 500 гектардан астам егінімді таптап кетті. Жақын маңдағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің де егіндері киіктердің тұяғының астында тапталып жатыр. Біздің маңайдағы Абай, Жаманқұлақ ауылдық округтеріндегі серіктестіктер орасан мөлшерде зиян шекті. 10 шақты шаруа қожалығы мен серіктестіктердің ғана 5000 гектардан астам егінін жермен-жексен етті. Орта есеппен, бір гектарына 10 центнер өнім аламыз деп есептегеннің өзінде, 450 миллион теңгеден астам шығын болды. Биыл өзіңіз де байқап отырсыз, сорымызға қарай, күн қатты ыстық болып, жауын-шашын аз болды. Бізге мемлекет тарапынан қолдау қажет. Киіктерді басқа жаққа жер аудартып, не болмаса зиян шеккендерге субсидия бөлінсе екен дейміз. Қорықшылар түк жұмыс істемейді. Ал, біз киіктерді қусақ қарсы шығып, заңмен қудалаймыз деп қоқан-лоққы көрсетеді. Әбден қорқытып болды. Енді сотқа беруден басқа амалым қалмады, – дейді Егіндікөл ауданындағы «Арма-Вир» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Нұржан Бисимбаев.
Расында да осы өңірді мекендейтін киіктер соңғы жылдары ауыл диқандарының бас ауруына айналған екен. Киіктер егіннің үстін жайпап, тіпті жатып алатын көрінеді. «Қызыл кітапқа» енгізілгендіктен атуға заңмен тыйым салынған. «Еш қайран қыла алмай, жігерлері құм болып отырғандығын және де аталған мәселенің бар екендігін Егіндікөл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жарасбек Жақанов та растап отыр.
–Биыл біздің ауданның диқандары 10 мың гектардан астам алқапқа егін сепкен болатын. Қазір ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілері орасан зор зиян шегіп отыр. Әсіресе, «Қоржынкөл», «Бау-ман», «Арма-Вир», «Ушаков Агро», «Алтын Дән» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің егістік алқаптарын киіктер тақырлап жеп кетті. Қорықшылар киіктерді қызғыштай қорып, шаруашылық серіктестіктеріне қуғызбайды. Ауданның аграрлық серіктестіктері де, біз де «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалдарына хат жаздық. Облыс әкімдігі орман, балық және аң шаруашылығы комитетіне хат жазды. Бірақ, мәселенің әлі шешімін табатын түрі көрінбейді», – деді Жарасбек Жақанов.
Орын алып отырған осы мәселенің анық-қанығын анықтау үшін облыстағы тиісті органдардың басшыларымен тілдесуді ұйғардық.
Киік еліміздің Қызыл кітабына енгізілген. Жойы-лып бара жатқан жануарлардың қатарына кіреді. Оларды атуға 2023 жылға дейін мораторий жарияланған.
Сонымен бірге, жүргізілген бақылау бойынша Ақмола облысының аумағына биыл 70 мыңнан астам киік ауып келген көрінеді. Әсіресе, Нұра, Қорғалжын, Бетпақдала жақтан біздің өңірге қоныс аударып, өріс тапты. Сәуір-мамыр айларында олар лақтаған екен. Бір киік екі кейде үш төлден туады. Қазіргі уақытта Ақмола облысының аумағында шамамен алғанда киік саны 130-140 мыңға жетіп қалуы мүмкін дейді мамандар. Әрине, қазіргі уақытта заң бойынша киіктерді атуға тыйым салынып отыр. Шаруаларды түсінуге болады. Егіндері тапталып, орасан зор зиян шегіп жатыр. Біздегі қолда бар деректер бойынша, Атбасар, Қорғалжын, Егіндікөл, Астрахан, Жақсы, Егіндікөл аудандарының диқандары айтарлықтай зардап шеккен.
–Киік жайылатын, қолайлы жерлерге қоныс аударатын жануар. Диқандарға егіндерін күзетіп, мотоцикл және басқа да көліктермен күні-түні қорулары қажет. Мәселен, Атбасар ауданындағы «Сепе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі егінін киіктен қорғау үшін күзетшілеріне мотоцикл мінгізіп, күніне 10 мың теңгеден төлем жасайды. Киіктер үй жануарлары сияқты емес. Адамның қарасын көрсе бірден көзден таса болады. Сондықтан, егіндерін бақылап, күнделікті торуылдағандары жөн»,– дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсенов.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 65-бабына сәйкес, киіктер – жойылып бара жатқан жануарлар түріне жатады. Сондықтан, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы төрағасының бұйрығымен Қазақстан Республикасының аумағында киіктерді ғылыми мақсаттардан басқаға қолдануға тыйым салынған. Бір киікті атып, болмаса мерт қылсаңыз 6 миллион 250 мың 500 теңге сомасында айыппұл салынады. Осы қалыптасып отырған қазіргі уақытта миллиондаған теңгеге шығынға батып отырған диқандар мемлекеттен көмектің қажет екенін айтып, зар қағуда. Ал, саланы басқаратын комитет шаруаларға егіндерін қоршап, киіктерден қорғауға кеңес беріп келеді.
–Киік – жабайы жануар. Олар бұған дейін де осы жерді мекендеп келді. Ауыл шаруашылығымен айналысатын фермерлер мен диқандар өз аумақтарын қоршауға алып, қорғауы қажет, – дейді орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет.
Диқандар қорықшыларды кінәлағанымен, «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі орталық өңірлік филиалының басшысы Айбек Әліпбайдың айтар өз уәжі бар. Оның сөзінше, тиісті жер көлемінің аса үлкен болуы, сонымен қатар, инспекторлардың аздығы көп жағдайда қолбайлау болады. Расында да мыңдаған гектар егіс алқабын шарбақтап түгел қоршап тастау мүмкін бе? Бұл да диқан үшін үлкен шығын екендігін айтқан жөн.
–Киік бір жерден екінші жерге көшіп жүретін жануар. Қазіргі уақытта киіктердің миграциясы өзгеріп жатыр. Қорықшылар күндіз-түні жануарлар дүниесін қориды. Біздің негізгі міндетіміз – жануарлар әлемін қорғап, құқық бұзушылықтың алдын алу. Орталық өңірлік филиалға 4 облыс қарайды. Жалпы, 51 миллион гектардағы жануарлар дүниесіне бақылау жасаймыз. Қарауымыздағы жерлердің бір шеті Балқаш көліне, Жамбыл облысына, батыста Ақтөбе облыстарына дейін жетеді. 51 миллион гектар жерде 51 инспектор ғана бар. Сондықтан, барлығын толықтай өз бақылауымызға алуға еш мүмкіндігіміз жетпейді. Біз үлгере бермейміз. Ал, диқандарға айтар кеңесім – киіктерді қуып отыру керек. Киік ежелден алдын адамға бермейтін киелі жануар. Біз ауыл шаруашылығы серіктестіктері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жиналыстар ұйымдастырып келеміз», – деді Айбек Әліпбай.
Әрине, киік те даламыздың байлығы, жайқалып өсер егін де ырысымыз! Бұл дау тудырмайтын мәселе. Даланың киелі киігін топырлатып атып, азайтып жатсақ, ол да обал, қолы күс болып, маңдайының терін төгіп еккен егіні тапталып, зиян шегіп жатқан диқанға да обал! Бұл мәселені тегінде мемлекеттік тұрғыдан шешкен абзал болар.
Абзал ТОҚАНОВ.
(Арнайы «Арқа ажары» үшін).

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *