Көкшелік ғалымның биігі

Тәуелсіз Қазақстанның ақиқатты тарихын зерттеуде шырақ ұстап, бағыт-бағдар көрсетіп жүрген зерттеушілердің бірі, жерлесіміз Қадыржан Қабиденұлы Әбуев. Жылдың басында 80 жылдық мерейтойын атап өткен ағамыздың тарих ғылымына сіңірген еңбегінің мойындалуы мен марапатталуы Ресей астанасы Мәскеу қаласында өз жалғасын тапты. Мұнда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, тарих және қоғамдық ғылымдар Академиясының академигі, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің тарапынан берілетін «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының екі мәрте иегері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-нің профессоры Қ.Қ.Әбуевке Ресей Жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі атағы беріліп, «Ғылым мен білім беру ісінің еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен марапатталды. Мұндай құрметті атақ ғылым мен техниканың басым бағыттарын зерттеуге үлес қосқан, ғылыми мектеп қалыптастырған ғылым докторларына беріледі.

Қадыржан Қабиденұлы университетіміздің мақтанышы мен абыройы және ел жанашыры болып табылады. Халқымыз «бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, профессор ағамыз бірқатар шәкірттерді дайындап, ғылыми мектеп қалыптастырған ғалым. Университетімізде дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын «Шоқан тағылымы» халықаралық конференциясы да профессор ағамыздың іскерлік және ұйымдастырушылық қасиеттерінің арқасында жүзеге асқан.
Бүгінде профессор Қ.Қ.Әбуев 300-ден астам ғылыми еңбектің авторы болып табылады. Қарқынды ғылыми қызметі Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін басталды. Ол күрделі өтпелі кезеңде адаспай, бірден ғылыми ізденістерінің аясын анықтап алды. Мүмкіндік туысымен ол кеңес дәуірінде рұқсат етілмей, жабық түрде қалған тақырыптарды ақтаруға кіріседі. Оның ғылыми ізденістері әрдайым өзінің туған өлкесінің тарихымен тығыз байланысты. Ол Абылай хан, Кенесары Қасымұлы, Шыңғыс Уәлиханов, Науан хазірет, Шоқан Уәлиханов және басқа да тарихи тұлғаларды зерттеді. Нәтижесінде 1997 жылы өлкенің тарихы бойынша құнды басылымға айналып, оқырмандар тарапынан кең сұранысқа ие болған «Көкшетау. Тарихи очерктер» атты еңбегі жарық көрді. 2017 жылдың соңында ғалымның «Ч.Валиханов и его современники» атты монографиясы Германияның Майндағы Франфурт қаласында, 2018 жылы Испанияның Барселона қаласында өткен халықаралық кітаптар көрмесінде алтын медальмен марапатталды. Өткен 2018 жылдың соңында жарық көрген «Ақмола облысының тарих және мәдениет қайраткерлері» атты кітабы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарық көрген басылым болып табылады.
30 жылдан астам уақыт бойы профессор Қадыржан Қабиденұлы Әбуев «Қазақстан тарихы» кафедрасын басқарды. Бүгінде бұл кафедра ел аузында «Әбуевтің кафедрасы» деп аталып жүр. Әбуевтің кафедрасы қорғалған диссертациялардың санымен және сапасымен, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен және жарияланған монографиялар, оқу құралдарымен ерекшеленеді. Профессордың қарамағындағы оқытушылар «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атақтары және халықаралық «Болашақ» стипендияларына қол жеткізуде.
Профессор Қ.Қ.Әбуев жас мамандарды дайындауға үлкен мән береді, оның бастамасымен тарих мамандығы бойынша 1998 жылы магистратура ашылып, бүгінгі күнге дейін 60 адам білім алған. Қазіргі таңда бұл түлектер еліміздің түкпір-түкпірінде енбек етуде. 2006 жылдан бастап 2010 жылы жаңа үш деңгейлік жүйе енгізілгенге дейін кафедра аспирантура бағдарламасы бойынша мамандарды дайындады. Ал, 2015 жылдан бастап жаңа талаптарға сәйкес, тарих мамандығы бойынша докторантура білім беру бағдарламасы іске асырылуда.
Профессор Қ.Қ.Әбуев әрдайым ғылыми ізденіс жолында. Мәселен, оның басқаруымен кафедра ұжымы «Ақмола облысы», «Ш.Уәлиханов», «Абылай хан» атты үш энциклопедияны дайындап, баспаға шығарумен айналысты.
Қадыржан ағамыз ғылыми және педагогикалық қызметімен бірге, белсенді қоғамдық қайраткер. Ол Ақмола облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Ақмола облысы мен Көкшетау қаласының ономастикалық комиссияларының мүшесі. Тарихшы ғалымның ҚР еңбек сіңірген қайраткері атануы, «ҚР білім беру қызметінің үздігі», «Қазақстанның ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін», Ы.Алтынсарин медалінің берілуі, «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атағына ие болуы оның ғылыми-педагогикалық және қоғамдық-саяси қызметінің жоғары бағалануының куәсі болып табылады. Шығармашылық тұлға ретінде ол әріптестерімен, шәкірттерімен әрқашан тығыз байланыс пен ізденіс үстінде. Тарлан тұлғаны Ресей Жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі атағын алуымен шын жүректен құттықтап, ғылыми-шығармашылық бастамалар мен табыстар тілейміз.

Марат ӨТЕГЕНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар