Алғы шептегілерге алғыс айтайық

Алғы шептегілерге алғыс айтайық

Жауапкершілік – полиция қызметінің бұлжымас қағидасы. Әйткенмен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетіне байланысты жариялаған төтенше жағдай режимі бұл қызмет саласын да айрықша сынға салғаны мәлім. Бүгінгі күні аталған шектеу алынып тасталғанымен, сол күндердің себеп-салдарлары баршаны терең ойға қалдыруға тиісті деп санаймыз.

Зерделеп көріңіздер, бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет порталдары аталған екі айдағы тәртіп бұзушылықтарды, оның адам өліміне алып келген қылмыстық көріністерін әлі күнге жарыса жазып жатқаны неліктен? Басқасын қойып, мысалдарды блок-бекеттерден алып қарасақ та біраз мәселенің шеті қылтияды. Жоғарыда «әлі күнге» дегеніміз, блок-бекеттер түрінде болмағанымен, алдағы уақытта да белгілікті дәрежедегі шектеулер сақталатыны белгілі.
Деректер төтенше жағдай кезінде тұрғындардан теперіш көрген полицейлерге қатысты 460 дерек тіркелгенін айтады. Көп жағдайда азаматтар карантин талабын бұзып, тәртіп сақшыларының ескертуіне құлақ аспай балағаттап, тіпті қол көтеруге дейін барған. Төтенше жағдайдың өзінде әмірі жүрмеген полицейлерге әлімжеттік жасағысы келетіндер аз емес екен. Мұндай мысалдардың бейнежазбасы әлеуметтік желілерде өріп жүр. Тәртіп сақшысының ескертуін құлағына қыстырмай балағаттап, жағаласқандарға қатысты 460 дерек тіркеліп отыр. Бұлардың 262-сі полиция қызметкерін қорлау, 99-ы полиция қызметкеріне бағынбау, дәл осынша адам полиция қызметкерлеріне қарсы күш қолдану бойынша қылмыстық істерге тартылған. Осының өзі еліміз үшін елеңдетерлік дерек екендігі анық.
Ресми тізімге ілінбегенімен, бұл келеңсіздіктен біздің облыс та шет қалмаған. Өзіміз арнайы іссапарда болған Бұланды ауданында орын алған мысалдардан сөз өрбітейік. Жүзіндегі «қызмет бабындағы үйреншікті жағдай ойға» жататын ащылау жымиыстың өзі аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Алмат Метаевтың дерек қоры жеткілікті екенін байқадық.
Аудан «Нұр-Сұлтан-Бурабай» алты жолақты автобанының бойында орналасқан. Төтенше жағдай кезінде, 12 қызметкерден тұратын үш блок-бекет құрылыпты. Бұларға бөлім бастығының үш орынбасары жетекшілік етеді. Сондай-ақ, Макинск қаласының төрт мөлтек ауданында 9 полицей мен әскери жиынға шақырылған азаматтар тәулік бойы кезекшілік атқарды. Автопатрульдің жұмысында да тыным жоқ. Бұны күн сайын, дөңгелетіп айтқанымызда, 25 құқық бұзушылық ауыздықталып отырғаны дәлелдейді. Жалпы, 15 нау-рыз бен 15 мамыр аралығында төтенше жағдай режиміне қатысты 476 баппен 452 әкімшілік іс қозғалғып отыр. Ал, жыл басынан есептесек, 1212 іс бойынша 4 миллион 547 мың теңгенің айыппұлы салынып, 2 миллион 708 мың теңге өндіріп алынғаны қыруар істен дерек береді.
Біз осынау бұрын болмаған сын кезеңде айрықша көзге түскен қызметкерлер жайлы айтып беруін өтінгенімізде, аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Виталий Гобузов кабинетіне жеті офицер мен сержантты шақырып, өзгелері кезекшілікте немесе демалып жатқанын айтты. Осыдан-ақ, сұрағымыздың аса келісті шықпағанын, аталған маусымда жеке құрамның тапсырманы жауапкершілікпен атқарғанын аңғардық. Ал, әлгі жеті жігітпен тілдескенімізде, «бұл біздің міндетіміз» дегеннен аспады. Олар үшін Виталий Васильевич сөйлей бастады.
– Мынау отырған капитан Елжас Қыйықов №1 блок-бекетте бірінші күннен бүгінге дейін кезекшілік атқарып жүр, – дейді В.Гобузов. Бұл бөгеттен «Сергек» бағдарламасында көзделген тәртіппен, арнайы тізімдегі көліктердің жіберілуіне рұқсат берілген. Көліктер мен ондағы адамдар арнайы белгілер орнатылған дәліздердегі тексерістерден сатылап өткізіледі. Сәуірдің алтысындағы таңғы мезетте төтенше оқиға орын алды. Щучинск жағынан қатты жылдамдықпен келе жатқан «Тойота» автомашинасы полиция қызметкерінің тоқтау белгісіне қарамастан бірінші бекетті қағып өтіп, бар екпінімен екінші және үшінші бекеттерді де ысыра-мысыра ызғыта жөнелді. Полицияның кезекші бөлімі «Құрықтау» жоспарын дабылдап, Е.Қыйықовтың экипажы оның соңына түсті. «Тойота» тоқтар емес. Арада бір жарым сағат өткенде «Нива» бұл көлікті Степногорск қаласында қуып жеткен. Артынан мәлім болғанындай, көлік иесі «Қазақалтын» компаниясының жұмысқа асығып бара жатқан қызметкері екен. Ол өз түсінігінде бойын белгісіз үрей билеп, іс-әрекетіне есеп бере алатындай жағдайда болмағанын жазыпты. Медициналық тексеріс жігіттің алкогольді ішімдік ішпегенін көрсеткен. Әйтеуір, төтенше жол оқиғасына жол берілмеді. Көлік жүргізушісінің үстінен үш баппен әкімшілік және қылмыстық іс қозғалды.
Тағы бір мысал. Офицерлер Есентай Қинаятов пен Ерсін Кикаринов төтенше жағдай кезінде арақ ішіп, төбелес шығарған төрт адамды құрықтаған. Бұлардың үстінен 378 баппен қылмыстық іс қозғалып, тиісті шара қолданылды. Осы орайда, аға лейтенант Ерсін Кикариновтың азаматтық парызына қатысты мына жайды айта кетуді жөн көрдік. Ол 2016 жылы қатты сырқаттанған қарындасына бір бүйрегін беріп, отаның сәтті өтуіне септік жасаған. Бұны да Виталий Гобузовтан біліп отырмыз.
Тағы бір өнегелі іс тіл ұшында тұр. Төтенше жағдай жариялануына байланыс-ты Бұланды ауданының запастағы әскери міндетті 21 азаматы уақытша әскери жиынға шақырылып, абыройлы қызметімен танылыпты. Мұның өзі облыстағы ең жоғары көрсеткіш. Тіпті, кейбір жігіттер алдағы өмірін ішкі істер қызметімен байланыстыру жөнінде өтініш жасап отырған көрінеді.
Жалпы, Төтенше жағдай сәтті өтті дегіміз келеді. Бірақ, бұл жаймашуақ тіршілікке дағдыланған тұрғындарымызды сілкініске түсіретін, маңыздылығына терең бойлау қажеттігін, өзара түсіністік пен жеке жауапкершілікті еселейтін сын сағаттарға дайындығымызды пайымдайтын жағдай екендігін алға тартты. Уақыт көші бұралаңдығын көрсетіп қалды. Халық даналығы «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Тағдыршешті істен шетте қалып, шатқаяқтануды ешкім көтермейді. Әрдайым алда болайық. Алғы шептегілерге алғыс айтайық!
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

#Жақыныңа жанашыр бол

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *