Колледжде көлік тіркемесі шығарылуда

Колледжде көлік тіркемесі шығарылуда

Көкшетаудағы жоғары техникалық колледжі жеңіл көліктерге арналған жүк тасу тіркемелері өндірісін қолға алды. Тіркеме 570 келі салмақты көтереді.

Бұл бастамаға «КамАЗ автосервистік орталығы» серіктестігінің директоры Рамис Юзликаевтің ақпан айында оқу орнына келуі себеп болды,–дейді аға өндірістік оқыту шебері Дмитрий Блинов. Ол колледждің материалдық-техникалық базасымен танысу барысында, металл бұйымдарын кескіндеу және жартылай автоматты жоғары технологиялық дәнекерлеу станоктарына айрықша қызығушылық білдірді. Бұл сирек кездесетін құралдар екендігіне назар аударған кәсіпорын басшысы бізге жеңіл көліктерге арналған тіркемелерді құрастыруға ұсыныс жасады. Аталған іске «Казприцеп» компаниясы да мүдделі екендігі айтылды. Көп ұзамай әріптестік ынтымақтастықтағы меморандумға қол қойылды.
Өңірдің техникалық және өндірістік бағыттағы оқу орындарында тұңғыш рет қолға алынып отырған іске құлшына кіріскен ұстаздар мен студенттер жоғарыда аталған кәсіпорындардың өндірістік учаскелерінде болып, тәжірибе жинақтады және компьютер арқылы жеке ізденістерін ұштады. «Қазприцеп» компаниясы оқу орнына шағын техниканы құрастыруға қажетті барлық бөлшектерді ұсынып отыр.
Коронавирус індетіне байланысты жарияланған төтенше жағдай колледждегі өндірісті уақытша тоқтата тұруға мәжбүрлеген. Әйткенмен, наурыздың екі аптасындағы жұмыс барысында едәуір істер атқарылды деуіміз керек. Олар осы мерзімде ұзындығы 2 және 2,5 метрлік екі модельдегі төрт тіркемені дайындап үлгерген. Болашақта екі белдікті, жүк ауқымы мол трейлер түріндегі тіркемелерді құрастыру да жоспарланыпты. Бұл тапсырыстарды жоғарыда аталған әріптестер беріп, өнімді өткізу мәселесін мойындарына алып отыр.
Біз бірінші санаттағы өндірістік оқыту шеберлері Сергей Герасименко және Жеңіс Шетеновпен сөйлескенімізде, цехта оқу тәжірибесін өткізуге толыққанды жағдай жасалғанын білдік. Металды иіп, сызбалар бойынша қалыпқа келтіретін шағын әрі әмбебап 12 дәнкерлеу бекеті жасақталған. Жалпы, алдағы кезде айына он дана тіркеме дайындауға мүмкіндік бар. Өйткені, студенттердің қазіргі қарқыны күн санап еселене түсуде. Бұлардың арасынан Игорь Панов, Александр Скета, Ілияс Әубәкіров, Андрей Стрижко, Максим Катиннің жаңа кәсіпке машықтанып қалғаны байқалады.
Ұстаздардың пікірінше, колледждегі жаңа өндірістің екі жақты тиімділігі бар. Өйткені, бұл іске болашақ газбен және электрмен дәнекерлеушілер, автомеханиктер, авто-
электриктер, бақылау-өлшеу аппараттарының мамандары қатысады әрі нағыз өндірістік деңгейде тәжірибе жинақтайды. Тіпті, олар каникул кезінде де жұмыс істеуге ынталы болып отыр. Екіншіден, қаламыздағы автоиндустрия саласы осы студенттер қатарынан оңтайлы кадр саясатын жүргізе алатыны анық.
Бұны кешенді қызмет бағытын ұстанатын колледждің абырой-беделі де айқындайды. Колледж 2019 жылы облыстық байқауда үздік шығып, 24 миллион теңгенің грантын жеңіп алды. Оқу орны Қазақстанның ТОП-10 тобына енген және «WorldSkills Kazakhstan» чемпионатының 16 медалімен марапатталған. «Жас маман», «Aqmola power» инновациялық жобаларының белсенді қатысушысы. Ал, Ербол Амантаев салалық оқу орындары арасындағы «Қазақстан Республикасының үздік студенті-2019» байқауының жеңімпазы.
Ботакөз БАҚБЕРГЕН,
Еуразия Ұлттық университетінің
журналистика факультетінің студенті.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *