Күй – құдірет. Күй – өмір

Күй – қазақ халқының көнеден бүгінге дейін жеткен ұлы мұраттарының бірі, қастерлі де киелі өнер. Қорқыт бабадан бастап, бертінгі Қазанғап, Тәттімбет, Құрманғазылардың күйлерін бүгінде талантты да талапты күйшілер дәріптеп, жас ұрпаққа үлгі-өнеге етуде. Мәдени мұраларымызды Көкшетаудағы жас буынға үйретіп, шәкірт тәрбиелеп жүрген азаматтардың бірі – өнер иесі, күйші, дирижер Руслан Қойшыбаев. Оның өнері мен еңбек жолы туралы өзімен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Руслан Есентайұлы, өнер, күй құдіреті, жалпы күйшілік жайлы сөз бастамас бұрын, алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз… Өзіңіз осы сал-серілер мекені киелі Көкшетаудан боласыз ба?
– Иә, мен өзім осы Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай бабаларымыз сауық құрған, олардың қасиеті мен өнерінің құдіреті қонған сұлу Көкшенің перзентімін деп айтсам болады. 1979 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Айыртау ауданы Саумалкөл ауылында қарапайым отбасында дүниеге келдім. 1985 жылға дейін отбасымызбен Құмтөккен деген ауылда тұрдық. Мектепке баратын шағымда, 6 жасымда ата-анам Көкшетау қаласына көшіп келді. Бас кезінде жатақханада тұрдық, кейін пәтер алдық. Мен қаладағы №16 орта мектепте білім нәрімен сусындап, тәлім-тәрбие алдым. 1999 жылы Астана қаласындағы қазақ ұлттық музыка академиясына оқуға түстім. Оны аяқтаған соң туған жерге қайтып оралдым. Осында еңбек жолымды бастадым. Қазір Біржан сал атындағы колледжде шәкірт тәрбиелеп жатқан жайым бар.
–Домбыраға деген қызығушылығыңыз қашан пайда болды? Әлде, бұл ата-бабаңыздан қонған дарын ба?
–Біздің қазақта музыкалық үйдің жақсысы – ағашынан, жігіттің жақсысы –нағашыдан» деген аталы сөз бар. Өнер маған нағашыларымнан дарыған. Балалық шағымда жазғы каникул кезінде нағашыларыма ауылға жиі баратын едім. Нағашы атам мен анамның інілері домбыра тартатын. Сол кезде мен де домбыра шертіп, үйрене бастадым. Содан қызығушылығым артты. Бақытжан деген нағашым қалаға бір келген кезде бір-екі күй үйреніп алып жүрдім. Өнердің бір пайызы табиғи берілген талант болса да, оның тоқсан тоғызы талап пен ізденуден келеді. Міне, анам менің қарым-қабілетім мен талабымды көріп, арнайы үйірмеге бергісі келді. Сөйтіп жүргенде, күндердің күнінде газеттен жарнамаларды оқып отырып, бір үйірме тауып алды. Ол кезде «Ақбидай» деп аталатын қазіргі «Достар» мәдениет сарайына мені алып барды. Оразбек Қуанышбайұлы Бейсекеев деген ағам менің домбыра тартқанымды тыңдап, есту және есте сақтау қабілетімді тексерді. Бір ай үйірмеге барып жүріп ұстазымның арқасында күй тартуға деген қабілетім біраз дамып, жақсарып қалды. Ноталарды үйреткенде де мен тез қағып алып жүрдім, мұны байқаған ұстазым маған музыка мектебінде оқуым керектігін айтты. Бұл 1991 жыл болатын. Оқу жылы басталып кеткен еді, бірақ, ұстазымның көмегімен оған қарамай мені музыка мектебіне қабылдады. Оразбек Қуанышбайұлы бар білімін аянбай маған беруге тырысты. Түрлі байқауларға дайындап, менімен көп жұмыс істеді. Домбыраның қыр-сырын үйретті десем болады. Тіпті, домбыраны күтіп ұстау, пернелерін қалай байлап, қандай ішек тағу қажеттігіне дейін үйретті. Қарап отырсақ, ұсақ-түйек дүние тәрізді, бірақ, домбыра тарту үшін осының барлығы аса маңызды екендігін ұғындым.
–«Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» деген бар. Бұлай деп отырғаным, қазір домбыра тартуға ынтасы бар балалар көп болса да, күйшіліктен бас тартып жатады. Оның себебі неде деп ойлайсыз? Көбі домбыра тарта білсе де, дәстүрлі әнші болудан гөрі, эстрадаға бет бұрып жатады. Ал, сіз болсаңыз, осы күй тарту бағытында өнеріңізді дамытып, шыңдап әкете алдыңыз…
–Алғашқы кәсіби білім алуға жігерлендіріп, өнерге баулыған ұстазым Оразбек ағам мені жоғарыда атап өткенімдей байқауларға жиі қатыстырды. 1993 жылы республикада күй тартудан бір байқау өтіп, оның облыстық кезеңінде бірінші орынды иелендім. Республикалық кезеңі Атырау қаласында өтті. Қазылар алқасының мүшелері сонда менің отырысымнан бастап, домбыраны ұстау мәнеріме, оны игеруіме қатысты жақсы пікірлерін айтты. Мұның бәрі ұстазымның еңбегі еді. 1995 жылы музыка мектебінің 5 сыныптық бағдарламасын 4 жылдың ішінде меңгеріп шықтым. Одан әрі оқуымды музыка колледжінде жалғастырдым. Колледждегі ұстазым қазіргі Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры, мәдениет қайраткері – Тұрлығожа Базаров болды. Колледжді тәмамдаған соң, 1999 жылы Астана қаласындағы қазақ ұлттық музыка академиясына оқуға түстім. Жоғары оқу орнында Марат Нүкеевтен сабақ алдым. Ол кісі қазір қазақ ұлттық өнер университетінің дәстүрлі өнер факультетінің деканы. Кәсіби шеберлігімді арттыруға осындай өнер майталмандарының еңбегі сіңді, солардың шекпенінен шықтым. Оқып жүріп филармонияда қазақ халық аспаптар оркестрінде, фольклорлық ансамбльдерінде біраз жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. 2003 жылы оқуды бітіріп, Көкшетауға оралдым. Ал, күйшілікті таңдауым – ол менің жүрек қалауым. Күй деген құдірет! Күй деген тарих! Күй мен үшін – өмір. Шынымен, қазір күй тартуға жастардың барлығы бара бермейді. Шоу-бизнеске қарай, әсіресе, эстрадаға талпынып жатады. Дәстүрлі өнер туындыларымен, соның ішінде дәстүрлі ән мен күйге санаулы балалар ғана талпынады. Қазіргі заманғы жастардың таным-түсінігі солай болар. Десе де, музыка мектебіне түсіп жатқан балаларды дәстүрлі өнерге баулытып жатырмыз. Епті, талапты, таланттыларын түрлі байқауларға қатыстырып, ақырындап шыңдай береміз. Болашақта, таңдауды өздері жасайды.
–Руслан Есентайұлы, өзіңіздің қарым-қабілетіңізді, талантыңызды білесіз. Керемет күйші, домбырашысыз. Неге Көкшетауға қайтып оралдыңыз? Мысалы, басқа өнерпаздар тәрізді үлкен сахна, атақ-даңқ қуып, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына қарай бет алуға болушы еді ғой…
–Қазақта «өзге жерде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген аталы сөз бар. Әрине, өзге өнерпаздар секілді мен де өнердің ордасы, мәдениеттің ортасы деп қарт Алатаудың етегіндегі Алматыға кетіп, сонда тұрақтап қалуыма немесе елордадағы өнер ұжымдарының біріне барып, жұмысқа тұруыма болушы еді. Бірақ, мен өзім дүниеге келген, өсіп-өнген топырағымды, табиғаты көркем даламды, айдын шалқар көлдерім мен суларымды, әсем де сұлу Көкшемді аңсаймын ғой. Алыстасам, жырақ кетсем, оның таза ауасы мен көкорай шалғын даласын сағынамын. Бұл қасиетті мекеннен рухани азықтанып, ерекше шабыт аламын.
–Еңбек жолыңызға қарап отырсақ, осы күнге дейін біраз жерде жұмыс істеп, еңбектеніпсіз…
–Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, қазіргі Үкілі Ыбырай бабамыздың атындағы облыстық филармонияға келіп, қазақ халық аспаптар оркестріне жұмысқа орналастым. Екі жылдан соң филармонияда жаңадан құрылған «Айнакөл» фольклорлық ансамблінің жетекшісі болып тағайындалдым. Ансамбль алғаш құрылған жылдары еліміздің бірқатар аймақтарында шағын концертімізді беріп танылып жүрдік. Содан, 2005  жылы «Шабыт» халықаралық фестивалінде жүлделі орыннан көріндік. Жалпы, біз шетелдерге барған кезімізде ол жақтан көп тәжірибе алуға тырыстық. Кейбір шетел әндерін өзіміздің мәдениетімізге сәйкестендіріп өңдеп, орындадық. Оркестрде және ансамбльде біраз жылдар бойы жұмыс істедім. Бұл екі ұжымның да репертуар қоры бай. Кейін 2009 жылы Біржан сал атындағы музыкалық колледжге оқытушы болып орналастым. 2011 жылы Ерлан Есматов деген оқушым біраз жетістіктерге жетті. 2015 жылы Ақмола облыстық филармониясының Кенжебек Күмісбеков атындағы казақ халық аспаптар оркестріне екінші дирижері болып тағайындалдым, колледжде де сабақ беріп жүрдім. Қазіргі уақытта колледждегі қазақ халық аспаптар оркестрінің дирижерымын және «Оқжетпес» фольклорлық ансамблінің жетекшісі болып жұмыс істеп келемін. Сонымен қатар, колледж жанындағы балалар музыка мектебінде домбыра сыныбынан сабақ беремін.
–Жалпы, қазір көп адамдарымыз атақ-даңқ қуып кетті ғой. Сіздің қандай марапаттарыңыз бар?
– Мен өзім атақ, абырой қууға құмар адам емеспін. Халқым бағалап, қолпаштаса да жеткілікті. Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ секілді дала дарындыларына мемлекет тарапынан ешкім атақ бермеген, халқы өзі-ақ мойындап, оларға сал-сері деген үлкен атақтарын беріп қойды емес пе?! Сондықтан, қара халықтың сый-құрметі мен өнеріңді бағалауы өнер адамы үшін ең үлкен атақ та, даңқ та! Ал, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып тұратыным бар. Олардың жүлделерінен кенде емеспін, түрлі фестивальдер мен конкурстардың лауреаты, дипломантымын. Онда қатысудағы мақсат – өзіммен үзеңгілес өнерпаздармен танысып, тәжірибе алмасу. Филармонияда жұмыс істеп жүргенде «Қазақ хандығына 550 жыл» медалімен марапатталдым.
–Репертуарыңыз туралы айтсаңыз. Қандай күйлерді ерекше шабыттанып, рахаттанып орындайсыз?
–«Балуанға оң мен солы бір» дейді ғой. Негізі кез келген күйлерді орындай беремін. Репертуар қорында төкпе де, шертпе күйлер бар. Атап айтқанда, Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Дәулеткерей, Сүгірдің, қазіргі заман күйшілерінен Қаршыға Ахмедияровтың, Секен Тұрысбектің, Нұрғиса Тілендиевтің күйлерімен қоса, халық күйлерін де орындағанды ұнатамын.
–Өзіңіз күй шығарасыз ба?
– Күй шығару қазіргі таңда оңай емес. Былтыр Тараз қаласында этно-фольклорлық ансамбльдер арасында бірінші рет республикалық байқау болды. Бұл байқаудың ережесі бойынша бір жаңа туынды жазу керек болатын. Сонда «Қарахан баба» атты күй-шығарма жазып, «Оқжетпес» фольклорлық ансамблімен барып қатыстым. Алғашқы туындым осы. Жүлделі үшінші орынға ие болдық.
–Шабытты қайдан аласыз?
–Ол жайында ойлап көрмеппін. Күй тарту, күй шығару деген негізінен көңіл-күйге байланысты. Күйдің өзі адамның ішкі толқынысынан, тебіренісінен, сезімі мен рухани таным-түсінігінен пайда болатын көркем туынды ғой.
–Отбасыңыз туралы да айта отырсаңыз…
–Жоғары оқу орнында оқып жүргенде үйлендім, қазір үш ұлым бар. Үлкен ұлым домбыра тарта алады. Өзім үйреттім. Бірақ, мамандық таңдау кезінде өнер жолын таңдамады, оған мен де қарсы болмадым. Қазір ол Павлодар қаласындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде білім алуда. Әкеммен тұрамын. Анам марқұм, жатқан жері жарық болсын, осыдан екі жыл бұрын дүниеден озды. Қазір отбасыммен Көкшетау қаласында тату-тәтті өмір сүріп жатқан жайым бар.
–Сұхбатыңызға рахмет! Шығармашылықтың шырқау биігінен көріне беріңіз. Өнеріңіз өрге жүзсін.
Сұхбатты жүргізген Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар