Жүзін қуаныш кернеп!..

Өнер иесі болу – мен үшін арманды белесімнің, ән ғұмырымның айқын мақсаты еді. Сол ғұмырда бұл өнер – мені жақсылар мен жайсаңдар, ардақты тұлғалар, қоғамның қайраткерлерімен жолықтырып, өнер әлемінде алғыстарын алып, зор құрметке бөледі.

Менің өнер әлеміндегі сондай шуақты кезеңдерімнің бірі деп, Елбасының алдында өнер көрсетіп, ықыласына, құрметіне бөленген уақыттарымды айтар едім. Ол кісінің ұлттық өнерімізге, салт-дәстүрімізге ерекше мән беріп, өзі де домбыра шертіп, небір әндерді тамылжыта шырқаған кездері әлі есімде.
Қазақ елі көп ұлтты мемлекет болғандықтан, халықтар достастығына, олардың мәдениеті, өнері, тыныс-тіршілігіне де көп еңбегі сіңді. Елбасы мен үшін өте қарапайым жан. Ән десе, ән айтып, күй десе, күй шертіп, би десе халықпен бірге көңіл көтере де алатын.
Киелі Торғай өңірінде еңбек етіп жүргенде, Елбасы сол өңірдің қандай да бір оқиғасынан қалмай, үнемі қатысушы еді. Торғай елі – Нұр ағамызды өз перзентіндей қабылдады. Сол кездегі өнер иелері халық ақыны Қонысбай Әбіл, күйші Анар Мұздаханова, әншіден мен – ағамыздың алдында жыр арнап, күй шалқытып, ән салдық. Сол кездерде Жетісу өңірінің халық әні, ел арасына тараған «Бүлдіргеннің» бірнеше нұсқасын жинақтап орындап жүрген едім. Бұл ән – ағамыздың керемет жақсы көретін әні екен. Менің орындауымда тыңдағанда жүзін қуаныш кернеп, өзі де шабытпен орындады.
«Ала қарға», «Дедімай-ау», «Иманжүсіптің әні», «Бұлбұлым», «Ақ кербез» әндері ол кісінің ерекше шабытпен орындайтын әндері болатын. Сол ұлттық өнерімізге деген құрметінің арқасында «Ұлттық Домбыра күні» аталып өтіп, жыл сайын қазақпен егіз жаралғандай, домбыра үні салтанат құрды. Елбасына мың алғыс! Жасай берсін! Қазақ елін, осы барлық қуанышымен құттықтаймын! Қазақ өнері шалқи берсін!

Ғазиза ЖҰМЕКЕНОВА,
Қазақстан Республикасының
еңбек сіңірген әртісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар