Бұл кәсіпорын тұсауын Елбасының өзі кесіп еді!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2016 жылдың 22 қыркүйегінде Ақмола облысына жасаған жұмыс сапары барысында, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы тұңғыш бірлескен жоба – Көкшетаудағы «Қазақстанның агроинновациялық корпорациясы» жауап-кершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты.

Біз Елбасының осынау маңызды сапары туралы әңгімелемес бұрын, 2015 жылғы 16 наурызда Көкшетау жұртшылығымен кездесуіндегі мына бір сөздерін еске сала кеткіміз келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы облыстағы әлеуметтік саланың дамуына оң бағасын бере келіп: «Қазақстанда индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Өзге елдер зауыттар санын қысқартып жатқан уақытта біз жаңаларын салудамыз. Биылғы жылдың өзінде 75 жаңа кəсіпорын іске қосылып, 3 мыңдай адам жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі. Мемлекет ел аймақтарын дамыту бағытында бұл істі жалғастыра беретін болады», – деді. Міне, қанатын кеңге жайып отырған бүгінгі кәсіпорын жүзеге асырылған игі істердің орындалған көрінісі болып табылады.
Еуразиялық экономикалық кеңес аясында құрылған «Ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникаларының Қазақстан-Беларусь индустриялық-технологиялық паркі» инвестициялық жобасы 2012 жылы қолға алынды. Мұндағы мақсат – Беларусьтің коммуналдық және ауыл шаруашылығы салаларының озық техникаларын елімізде құрастырып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту. Жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін 2014 жылы Беларусьтің «Минск трактор зауыты» ашық акционерлік қоғамы және отандық «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы» ЖШС бірлесіп, «МТЗ-ҚАИК» серіктестігін құрған болатын. Бұл жоба Индустрияландыру картасына енгізілген. Кейін сумен, электрмен жабдықтау, кәріз және жылу жүйесі тәрізді инфрақұрылымды тарту мәселесі де оң шешілді.
Жалпы, беларусьтік компанияның Ақмола облысымен іскерлік байланысы 2010 жылдан бастау алады. Осы аралықта 5 миллион АҚШ долларына 7 түрлі техниканың 500 данасы құрастырылды. Шығарылған техникалардың бәрі – отандастарымыз тарапынан сұранысқа ие коммуналдық және ауыл шаруашылығы техникалары. Бірлескен кәсіпорын дайындап жатқан тракторлардың бағасы да қолжетімді. Қазір тракторлардан бөлек, жүк көліктері мен арнайы мақсаттағы машиналардың да бірнеше түрі шығарылуда. Осылайша кәсіпорын өндіріс көлемін жыл санап арттыра түсуде. Жобаны жүзеге асыру үшін 3,4 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Бүгінгі күні толыққанды жұмыс істеп тұрған кәсіпорын жыл сайын 25 түрлі ауыл шаруашылығы және коммуналдық қызметке арналған техникалардың 5 мың данасын шығарады.
Тұңғыш Президент «Қазақстанның агроинновациялық корпорациясы» ЖШС еңбек ұжымымен кездесуде жобаны ойдағыдай жүзеге асырып жатқан жұмысшыларға алғысын білдіріп, жаңа табыстар тіледі. Бұдан кейін Елбасы кәсіпорын ғимаратында аудан әкімдерімен, шаруашылық басшыларымен, бизнес және зиялы қауым өкілдерімен жүздесті.
– Құрметті ақмолалықтар, егін орағы науқаны кезінде астықты аймақтарды аралап шығатын әдетім бойынша Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарында болып, егін орағының барысымен, аймақтардың тыныс-тіршілігімен таныстым,-деп сөз бастаған Қазақстан Президенті биыл атап өтілгелі отырған Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында еліміздің өткен даму жолдарына шолу жасады. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында дүкен сөрелері босап, өндіріс тоқтап қалған ауыр кезеңде енді не істейміз, қалай дамимыз деген мәселе алда тұрған сәтте қиындықтан шығар жол іздеп, жедел жекешелендіру жұмыстарын жүргізіп, нарық талабына сай жұмыс жолға қойылды. 2000 жылдан бастап өндіріс өрге басып, даму жолына түстік. Міне, осы тұста Ұлттық қор құрылған еді. Кейін әлемдік дағдарыстар жағадан алған қиын кезеңдерде сол қордың арқасында қиындықтардан шыға алдық. Халықтың тұрмыс жағдайы жақсарып, жалақы, зейнетақы деңгейі өсті. Жаңа өндіріс орындары көптеп ашылып, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп саласы қарқынды дамуға бағыт алды. Біз әлеуметтік саясатқа беріктігімізді дәлелдеп келеміз. Тәуелсіздік жылдарында елімізге сырттан 250 миллиард доллар инвестиция тартылды. Оның бәрі де республика экономикасын дамытуға елеулі серпін бергені анық. Қазір Қазақстанның алтын валюта қоры 95 миллиард долларға жетіп отыр. Тәуелсіздік жылдарында елімізде алты мыңнан астам жаңа кәсіпорын іске қосылды.
Мемлекет басшысы еліміздің теңізге шығар жолы болмағандықтан, басқа елдермен сауда байланысына, ал, ол өз кезегінде өндірісіміздің дамуына кері әсерін тигізгенін, осы орайда тығырықтан шығар жол ретінде автокөлік және темір жол байланысын дамытуға жете көңіл бөлінгендігін атап өтті. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі жылдарда екі мың шақырымдай темір жол және бес мың шақырым автокөлік жолы салынған. Қазір Қазақстан автокөлік және темір жол өтетін транзитті ел болып отыр. Мұның өзі сауда қатынастарын дамытуға игі ықпалын тигізуде.
Бұдан әрі Мемлекет басшысы астаналық облыс саналатын Ақмола облысының қазіргі дамуы жайына тоқталып, соңғы жылдарда облыс шаруашылықтарының 10 мыңдай шетелдік техниканы сатып алғандығын, өнімділігі жоғары техникалардың арқасында егін шаруашылығының айтарлықтай дамып отырғанын тілге тиек етті. Бұрын орақ кезінде жан-жақтан мыңдаған адам мен техника ауылдарға көмекке ағылатын, ал, қазір әр шаруашылық өз астығын ың-шыңсыз қысқа мерзімде жинап алады. Өйткені, алымдылығы жоғары шетелдік техникалары бар. Бүгінде әлемдегі астықты экспортқа шығаратын үздік он елдің санатына кіретін Қазақстан астығының төрттен бірін өндіретін Ақмола облысында өнеркәсіп саласы да қарқынды дамып келеді.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті облысты экономикалық тұрғыдан әртараптандырудың басты қайнар көзі аграрлық сектор екенін атап өтті. Астананың бір ғана азық-түлік белдеуі аясында 100-ден астам жобаны жүзеге асыру үшін 85 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. Соңғы 15 жылда 10 мыңнан астам жаңа трактор, астық жинайтын комбайн мен егін егетін кешен сатып алынғаны айтылды. Бұл іргелі кәсіпорынның серпіліп жұмыс істеуіне қосымша мүмкіндіктер ашады…
Міне, арада жылжып, төрт жылдай уақыт өтті. Тұңғыш Президент игі тілегін білдірген кәсіпорын сенім биігінен көрініп, дамудың ауқымды баспалдақтарын игеруде. Бүгінгі күні ұжым әлемге белгілі «Вираж» холдингінің үлескер компаниясы ретінде табысты жолын жалғастырып, өңірлік индустрияландырудың көшбасшылары қатарында тұр. Көкшетаудың индустриялдық-технологиялық паркін қамтитын корпорация өзінің мемлекеттік қаржылық тетіктерін «ҚазАгроҚаржы», «Аграрлық несие корпорациясы», «БРК-Лизинг» акционерлік қоғамдары арқылы іске асырып, өнімдерін республикамыздың 19 қаласындағы холдингтің филиалдары арқылы нарықтық айналымға шығарады.
Қазір кәсіпорынның өндірістік алаңдарында «Ростсельмаш», «Клевер» акционерлік қоғамдарының, «Минск трактор зауыты», «Бобруйскагромаш», «Рубцовск зауыты» жабық акционерлік қоғамдарының», «AGCO-Amity JV» LLC» компаниясының, тағы басқа әріптестердің танымал брендтегі өнімдері құрастырылады. Бұлардың қатарында заманауи астық комбайндары, тракторлар, егіс кешендері, әртүрлі модельдегі коммуналдық техникалар шығарылады. Корпорация 2019 жылы 1464 дана техника шығарса, биылғы жылдың соңына дейін 3000 техника мен әртүрлі бөлшектер дайындалады деп жоспарланған.
Бұған қоса, «Қазақстанның агроинновациялық корпорациясы» ЖШС 2020 жылы «Ростсельмаш» компаниясымен лицензияланған тиімді келісім-шартқа қол қойғанын атап өтуіміз ләзім. Ынтымақты мәміле шеңберінде «Torum» астық комбайны мен «Buhler Versatile-3000» сериялы тракторлары мен кең алымды жемшөп дайындау техникалары шығарылады. Мониторинг деректеріне қарағанда, «Torum» комбайндарына қатысты жылдық нарықтық сұраным 100-120 дананы құрап отыр. Осының өзі кәсіпорынның ішкі нарықтағы абыройы мен өзіндік орнын айқындайды.
Нұрсұлтан Әбішұлы игі тілегін білдірген Көкшетаудағы агроинновациялық серіктестік әріптестерімен тығыз байланыс орнатып, сервистік қызмет те көрсетеді. Біз іссапарымыздың бірінде Қорғалжын ауданындағы «Агрофирма «Жер 888» ЖШС басқаратын Абай Медеубаевпен сұхбаттасқанбыз. Ол 10 мың гектар жері бар екенін, бұрындары жерді өңдеу жұмыстары 9 трактормен екі ауысымға жалғасатынын айтады. Науқанға 18 механизатор жұмылдырылып келген. Бұл уақыттың қадірін білетін шаруа адамына әсте тиімсіз. Осыны ескере келе, ол «Қазақстандық агроинновациялық корпорациясынан» «Amiti» егістік кешенінің 4 данасын лизингпен сатып алыпты. Техника құнының 25 пайызын Үкімет субсидия түрінде өтейді. Қазір шаруаның көңілі жайлы. Себебі, жаңа техника бір мезетте бірнеше қызметті атқаруға қауқарлы.
– Бункерінің сыйымдылығы үлкен. Екі секцияға бөлінген. 6 тонна бидай мен 4 мың литр тыңайтқыш оңай сыйып кетеді. Өзі жер жыртып, бидайды себеді. Ескі техникаға қарағанда артықшылықтары аз емес. Мысалы, осыған дейін 35-40 гектарды әрең өңдейтінбіз. Қазір 90-100-ден аса гектар алқапты игеруде аса қиыншылық жоқ, – дейді диқан.

Бірлескен кәсіпорынның тағы бір жақсы өнегесін атап өткіміз келеді. Техникалық мамандықтарды игеру ел экономикасының дамуына үлес қосып, болашағы бар бағыт болып қала бермек. Сол себепті, мұнда жастарға экскурсиялар мен тренингтер өткізу дәстүрі қалыптасып отыр. Мәселен, Көкшетау қаласындағы №1 Сервис-техникалық колледжінің студенттері зауытқа жиі келеді. Осының нәтижесінде кәсіпорын құрамын толықтырып жатқан жас-тар қатары көбейе түскен. Сондай-ақ, Көкшетаудағы ІТ мектебінің оқушылары үшін сатып алу және құрастыру алаңдары шеберлерінің қатысуымен «Сынып сағаттары» өткізіліп тұратындығы да құптарлық. Облыстағы дәстүрлі «Дала күні» шараларында кәсіпорын мамандары белсенділік танытып жүр.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар