Дәрі-дәрмек әлі де жеткіліксіз

Бүгінде елімізде аты жаман індеттің үдеп, дендеп кетуіне байланысты жұртшылықтың дәріханаларды жағалап, дәрі-дәрмек іздеп жүргенін жиі көріп жүрміз. Көптеген шалғай елді мекендер аудан орталықтары мен жақын қалалардан туған-туысқаны, таныстары арқылы дәрі-дәрмекті әрең тауып, алғызып жатыр. Облыс орталығындағы дәріханалардың басым көпшілігінде дәрі-дәрмектер тапшы. Оған өзіміз де куә болдық.

Осылайша үй жағдайында өз беттерінше емделмекші адамдар қазір дәрі-дәрмектің тапшылығымен де бетпе-бет келіп отыр. Тіпті, бұрын ең қол жетімді болатын «Парацетамол», «Аспирин», «Антигриппин» дәрілерінің өзін табу қазір республика бойынша қиынға соғып тұрғанын әлеуметтік желіден де, теледидар арналарынан да көріп, біліп жүрміз. Дәріханалардың ішіне кіріп, бірер-минут қадағалап тұрсаңыз, келушілердің барлығы да жоғарыда аталған дәрілерді сұрайды.

Өткен демалыс күндері қаладан осы дәрілерді іздеп, өзім бірнеше дәріханаға бардым. Облыс орталығындағы «Вита», «Здоровье» секілді дәріханалар желілерінен сұрастырғанымда бұл дәрілердің бірі болмады, таба алмадым. Абырой болғанда, қаламыздың Автогородок деп танылған ауданындағы «Пульс» дәріханасынан 3 аспирин және келесі бір дәріханадан екі антигриппин таптым. «Парацетамол» Көкшетау қаласы бойынша табылмады. Степногорск, Степняк қалаларынан хабарласқан таныстарым да дәрі-дәрмек іздеп, дел-сал болды. Олар да вирусқа қарсы препараттар іздеп, жай күндері арзан тұратын дәрілерді өте қымбатқа тапсырыспен алыпты.

Осындай жағдай орын алғанын ескере отырып, денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Владислав Зимовпен хабарласқан едік.

–Облыс аумағындағы дәріханаларды дәрі-дәрмекпен қамтитын арнайы бір жүйе немесе барлық фармкомпаниялардың өнімдері жинақталатын бір қойма жоқ. Барлық дәріханалар келісім-шарт негізінде өздері келіскен фармациялық компанияларымен жұмыс істейді. Мәселен, Көкшетау қаласындағы дәріханалардың басым бөлігін Қарағанды облысының «Аманат» фармкомпаниясы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. Ал, қалған дәріханалар болса, Қостанай, Петропавл, Астана, Алматы қалаларының фарм компанияларының жеткізіп берушілерімен келісім-шарт жасаған. Дәріханалардың жұмысын біздің

департамент қадағалап, бақылауда ұстай алмайды. Себебі, ол жұмыс біздің құзыретімізге кірмейді. Ал, демалыс күндері арнайы құрылған комиссия дәріханалардағы баға мен дәрі тапшылығына тексерулер жүргізеді. Сіз сұраған алғашқы кезекте қажет ететін дәрілер дәріханаларға кесте бойынша белгілі бір мөлшерде ғана жеткізіледі. Көбінесе ол дәріханалардың жоспары мен тапсырысына байланысты. Негізі, дәріханаларға күн сайын белгіленген мөлшермен дәрілер жеткізіліп жатыр. Таңертең әкелінсе, кешке дейін бітіп қалады. Бүгін кешке дейін тағы да дәрі-дәрмектер дәріханаларға жеткізілуі тиіс. Сондықтан, жұртшылық «парацетамол», «аспирин» дәрілерін алмастыратын құрамы ұқсас препараттарды алып, пайдаланса болады. Басқа антибиотик дәрілер облыс аумағында жеткілікті, – деді департамент басшысы Владислав Арнольдович.

«Аманат» компаниясының облыс орталығындағы филиалына да хабарласып көрдік, бірақ, ондағы мамандар түсінік беруге қарсылық білдіріп, дәрі-дәрмектің жетіспеушілігіне қатысты ештеңе айтпады. Ал, дәріхана сатушыларынан сұрасақ, олар тапсырыс бергендерін, бірақ қоймаларда болмай жатқандығын, жақын арада жеткізілетіндігін айтып, «Парацетамол», «Аспирин» дәрілерінің құрамындағы қоспалары бар баламалы дәрілерді қабылдауға болатындығын айтты.

Ырысалды ШАМШИЕВА,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

#Жақыныңа жанашыр бол

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар