Әлеуметтік желіде айтылған кеңестерге сене бермеңіздер!

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой үйде коронавирустан емделіп жатқан азаматтарға әлеуметтік желідегі жалған рецептілерге сенбеуге кеңес берді.

–Бүгінде әлеуметтік желілерде жалған рецепттер көп. Біздің азаматтарымыз соған сеніп, ауруханада қабылдайтын дәрілерді үйде отырып ішеді. Ал ондай препараттарды дәрігерлер қадағалап жүруі тиіс. Себебі, ондай дәрілердің әсері қатты, ауруды асқындырып жіберуі мүмкін. Ондайда адамның жағдайы нашарлап кетеді, – деді Цой бүгінгі онлайн брифингте. Министрдің айтуынша, ауру белгілері байқалмайтын науқастар жиі қателік жасайды. Олар ПТР-тесттің оң нәтижесін алғаннан кейін дүрбелеңге салынады. Коронавирустың анық симптомдары болмаса да, антибиотиктерді қабылдай бастайды.

–Ондай науқастар психологиялық үрейге салынады да, антибиотиктің бірнеше түрін ішеді. Дене қызуы болмаса да, температураға қарсы дәрі қабылдайды. Дәруменді артығымен ішеді. Олай істеуге болмайды. Аурудың нақты симптомдары болса ғана дәрі ішу керек. Оның арнайы регламенті бар. Сонда амбулаториялық деңгейде, яғни үйде қандай дәрі ішуге болатыны жазылған, – деп атап өтті Алексей Цой.

Министрдің айтуынша, кейбір адамдар сәл жөтел пайда болса, «Алувия» сияқты препараттарды интернеттен іздей бастайды. Сөйтіп, заңсыз дәріні тауып, үйде ішеді. Ал, ондай препарат басқа органдарға салмақ түсіреді. Оны бақыламаса, адамның денсаулығы керісінше, нашарлап кетеді. Осындай дәрілерді қабылдағанда қанды және тағы басқа симптомдарды қатаң бақылап отыру қажет. Әйтпесе, бүйрекке, бауырға салмақ түсіп, жағдай одан да нашарлап кетуі әбден мүмкін.

Сонымен бірге, министр әлеуметтік желідегі сан алуан ақыл-кеңестерден бұрын ресми ақпаратқа көбірек мән беру қажеттігін жеткізді. –Қазіргі кезде біз қарапайым жадынамаларды әзірлеп қойдық. Бұдан бөлек, емдеу схемалары да біздің ресми сайтымызда жарияланады. Сонда емдеу шараларына қатысты нақты ақпарат болады, – деді Цой.

Ы.ШАМШИЕВА.

#Жақыныңа жанашыр бол

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар