Рэй Куни:№13. Онлайн!

Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының әртістері ағылшын драматургі Рэй Кунидің №13 спектаклінің премьерасын онлайн режимде көрерменге ұсынды. Осылайша комедия жанрындағы спектальмен театрдың ХХІІІ маусымы жабылды.

Бұл қазақ театр тарихында тұңғыш рет залдағы көрерменсіз онлайн премьера болды. Қоюшы режиссері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов. Спектакль үйленген еркектің бір танысымен қонақ үйде жасырын кездесіп, көңіл көтермек болған жерінен басталады. Айтып отырған әлгі еркек жай адам емес, Премьер-Министрдің көмекшісі еді. Есімі Ричарт Уилли.

Өкінішке орай, олардың бұл жоспарлары күл-талқан болады. Себебі, бұл екеуі жатқан қонақ үй бөлмесінен терезеге қыстырылып, жан тәсілім еткен ер адамның денесі табылады. Сәтсіздікпен басталған кеш екеуін шырғалаңға салады. Осылайша нағыз шытырман басталады.
Бұлардың болған жағдайды полицияға хабарлауға құлқы жоқ. Полицияға хабарлаған жағдайда Ричарт Уиллидің күллі абырой-беделіне нұқсан келмек. Неге десеңіз, дәл осы сәтте ол саясаткерлердің тікелей эфирдегі пікірталасына қатысуы керек-ті. Бұл болса, көңілдесімен қонақ үйде жүр…
Оқиға әрі қарай түрлі күлкілі оқиғалармен толысып, шиеленісе түседі. Ричарт бұл жағдайларды өзге біреулер, әсіресе, әйелі естісе не болатынын ойлап уайымдап, өзін қоярға жер таппайды. Сөйтіп, бәледен құтылу үшін өзінің көмекшісі Джорджды қонақ үйге шақырып, әлгіні мәйітті бір жерге жасырып қоюға көндіреді. Ричарт, Джордж бен қонақ үйге премьер-министрдің көмекшісімен көңіл көтеруге келген хатшы қыз үшеуі мәйітті жасырғанша, небір жағдайларды бастан өткереді. Күтпеген жерден қонақ үйге хатшы қызды іздеп, күйеуі Рони, артынша Джордждың әйелі келеді. Терезеге қыстырылып жан тапсырған адам Ронидің тапсырмасы бойынша Джордж бен хатшы қызды аңдыған тыңшы болып шығады. Әу бастан-ақ өтірікпен басталған оқиғаның басты кейіпкері Джордж бұлардың соңдарына түсіп, шындық іздеп келгендерді құлақтан теуіп, өзін бұл жағдайдан сүттен ақ, судан таза етіп алып шығуды ғана ойлайды. Ақыры олар өлдіге санаған адам тірі болып шығады. Бірақ, ол есін білмейтін. Сол кезде тыңшы жағдайды есіне түсіріп, бәрін Рони мен әйеліне айтып қоймауы үшін Ричарт оған ұйықтататын дәрі бергізеді. Алайда, соңында мәселе аяқ астынан шешіледі. Рони де, Джордждың әйелі де, жұбайларының көздеріне шөп салмақ болғанын білмей қалады.
Екі бөлімнен тұратын спектакль көрерменді бірден қызықтырып, оқиға желісі одан әрі елітіп әкетеді. Режиссер оқиғаны қазіргідей карантин жағдайында болған жайсыз құбылыс етіп көрсетпек болған. Спектакль барысында қонақ үй қызметшісі бөлмені қайта-қайта залалсыздандыруға келіп, ал, меңгеруші маскаларын киюлері керектігін естеріне салып, онсыз да мәйіттен шошып, зәресі зәр түбіне жеткен әлгілердің мазасын алады.
–Қойылымның басты мақсаты көрерменге ой тастап, рухани азық беру, спектакль арқылы қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерді көрсету еді. Әлемдік індетке алаңдап, уайым шегіп жүрген жұрттың көңілін көтергіміз келді, – деді Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Манарбек Қыдырбайұлы.
Қысқасы, театр әртістері бұл жолы да жоғары дәрежеде өнер көрсетті. Спектакльді онлайн тамашалаған көрерменнің берген бағасы да осы екеніне сенімдіміз.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар