Шәкірттерін домбыраға баулыған

Халқымызда домбырамен ән салып, дәстүрлі әнші немесе домбырамен күй тартып, дәулескер күйші ретінде танылған өнер иелері аз емес. Осы екі өнерді де алып жүру қолынан келсе де, бар саналы ғұмырын туған жерінде шәкірттеріне домбыра үйретуге арнап келе жатқан ұлағатты ұстаз Тастенбек Смағұлов жайында сырт шерткіміз келіп отыр.

Сенмен өссін ұрпағым,
Сақтап намыс ұлт арын.
Сақтау үшін күйіңді,
Болам сенің құрбаның, ­­–
деген жыр жолдары өмірлік мақсатына айналған, қазақтың қара домбырасын қастерлеген кейіпкеріміз сонау 1983 жылдан бері Біржан сал ауданының орталығы Степняк қаласындағы Біржан сал атындағы балалар музыка мектебінде еңбек етіп келеді.
– Кез-келген адам бала күнінде әр нәрсеге қызығады ғой. Мектепте оқып жүргенімде математика сабағы қатты ұнайтын. Домбыраға да қызықтым. Бірақ, туып-өскен ауылым Сәуледе оны үйренуге мүмкіндік болмады. Тек, ауылда сегіз жылдық мектепті бітіріп, Степняктағы мектепке ауысқанымда ғана домбыра үйірмесі ашылып, балаларды домбыраға үйрете бастады. Ара-тұра ауылда домбыра шерту білетін адамдардан домбыраны қалай тартуды көрсетіп беруін сұрайтынмын. Бір күні кітапханадан «Домбыра үйрену мектебі» деген кітапты тауып алып, содан ноталарды үйрендім, – дейді Тастенбек Арыстанбекұлы. Осылайша ол ауылдық мектепті бітіріп, Қарағанды қаласындағы мемлекеттік институттың физика-математика факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнында оқып жүрген кезінде әдейілеп домбыра үйірмесіне жазылып, арманына қол жеткізгендей болады.
1974 жылы математика пәнінің мұғалімі мамандығын алып, ауданға қарасты Құдықағаш ауылында алғашқы еңбек жолын бастайды. Мұнда математикадан сабақ беріп жүріп, алғаш домбыра үйірмесін ашады. Ол кезде балаларды домбыраға нотамен емес, сандық жүйемен үйреткенін айтады ұстаз.
Құдықағашта өз мамандығы бойынша он жылға жуық еңбек етіп, ұстаз ретінде төселіп қалған Тастенбек Арыстанбекұлының домбырада жақсы ойнайтынын, оның үстіне шәкірт тәрбиелеуге шебер екенін байқаған Біржан сал атындағы балалар музыка мектебінің бұрынғы директоры Виктор Валеев оны өзіне жұмысқа шақырады. Осылайша кейіпкеріміз өзінің негізгі мамандығы математикадан емес, домбырадан сабақ бере бастайды. Музыка мектебіне жұмысқа тұру үшін музыкалық білім керек болғасын Қарағандының музыкалық колледжін сырттай оқып алады.
–Бірсыпыра әндерді де білем. Бірақ, көбінесе күй тартамын. Сахнаға шығуға, елдің көзіне түсуге ұмтылмаймын. Өзімді өнер иесі емес, ұстаз ретінде көремін, – деген кейіпкеріміздің сөзінен қарапайымдылықтың нышанын байқағандаймыз. 1998 жылдары музыка мектебі уақытша жабылып қалған кезде де ұлағатты ұстаз балаларды домбыраға баулуды жалғастыра берген. Нендей жағдай болса да, қай жерде жүрсе де, қолынан домбырасы түспеген аптал азамат сол бір қиын шақта Степняк қаласындағы Абай орта мектебінде математика пәнінен сабақ береді және балаларға домбыра үйірмесін ашады.
­Бүгінде өзі еңбек ететін Біржан сал атындағы балалар музыка мектебінде Степняк қаласының ғана емес, алыс-жақын елді мекендерден де балалар келіп-кетіп оқиды. Мектепке жеті жастан асқан балалар қабылданады. Домбыра сабағы аптасына екі рет жүреді.
–Ауылдық жерлерде таңдап алатындай көп бала жоқ. Сол үшін музыкалық мектепке келген балалардың барлығын қабылдап, оқытамыз. Біздің мақсатымыз бес жыл бойы оларды аспапқа үйрету, өнерге қызығушылығын ояту, музыкалық білім беру. Әр сабақ жекелей өтеді. Домбыра тілін тез меңгеру баланың қабілетіне байланысты. Ынтасы бар балалар алғашқы оқу жылында-ақ жақсы нәтиже көрсетеді. Шәкірттеріміз облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүр, –­ деді ұстаз.
­Пандемияға байланысты еліміздің барлық білім ошақтары қашықтықтан оқытуға көшкенде музыка мектебінің ұстаздары да қашықтықтан сабақ берді. Баланы аспапқа үйрету оңай оспақ шаруа емес екенін, бұл жұмыс ауызша түсіндіре салумен өнбейтінін ескерсек, мұндағы ұстаздарға қашықтықтан жұмыс істеуге қиын болғаны анық. Әр сабақты бейнебайланыс арқылы түсіндіріп, шығарманың аспапта қалай ойналатынын әр нүктесіне, әр қимылына дейін көрсетуге тура келген. Осы ретте, ағылшын ағартушысы Уильям Уордтың: Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады, – деген қанатты сөзі еріксіз ойға оралады. Әңгіме барысында Тастенбек Арыстанбекұлы Кеңашы ауылында тұратын оқушыларына ғаламтор арқылы сабақ өткізу мүмкін болмағасын, үй телефонымен домбыра үйреткен сәттерін еске алды.
Бүгінде ұстазының жолын қуған шәкіттері аз емес. Солардың бірі Жеңіс Әлжанов қазіргі таңда музыка мектебінде домбырадан сабақ береді. Тастенбек Арыстанбекұлының жанынан қалдырмай, жастайынан домбыраға баулыған туған інісі Балғабек Смағұлов осы күні Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы академиялық оркестрдің жетекші домбырашысы. «Інісі бардың тынысы бар» демекші, кейіпкеріміз інісінің қазақтың қара домбырасымен бірнеше мәрте халықаралық сахнада өнер көрсеткенін мақтанышпен атап өтті.
Ал, бір қарындасы Қарқаралыда домбырадан сабақ береді екен. Өзінің туған ұлы Нұрбек Смағұлов Нұр-Сұлтан қаласындағы қазақ ұлттық өнер университетін тәмамдаған. Қазіргі таңда осы қалада өнер саласында еңбек етуде.
Тастенбек Арыстанбекұлы өзінен тәлім алып жүрген жас шәкірттері Ерсұлтан Темірхан мен Олжас Аманжолдың, басқа да оқушыларының келешегінен зор үміт күтетінін жеткізді.
–Домбыра үйреніп жүрген балаларға айтарым, қазағымыздың өнерін әруақытта қадірлей біліңдер. Адам сегіз қырлы, бір сырлы болуы керек. Домбырамен қатар, сабақты да жақсы оқыңдар, ғылым-білімді меңгеріңдер, атқа мініңдер, спортпен айналысыңдар, жақсы азамат болып өсіңдер, – деп, тілегін арнаған ұстазға абыройыңыз арта берсін дейміз!

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Степняк қаласы,
Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар