9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлерінің күні

Судың тазалығы – адам денсаулығының кепілі

Орманды, далалы болып келетін Ақмола облысы табиғи су жүйесіне өте бай. Бұл өңір 14 622 мың гектар жерді алып жатса, оның 388 550 гектары немесе 3 пайызы су айдындары.

Біздің облысымыздың аумағында 111 өзен, 494 көл, 12 су қоймасы, 6 тоған, 54 су бөгеті, 5 гидротораб бар. Су ресурстарын ластанудан, қоқыстанудан және сарқылып қалудан қорғау үшін әртүрлі іс-шаралар жүргізіледі. Солардың бірі суды күзету аймағы мен жолағын орнату болып табылады. Суды күзету аймағы мен жолағының жобаларына жергілікті атқарушы органдар тапсырыс береді. Сондай-ақ, кейбір су нысандарымен суды күзету аймағы мен жолағын орнату қажеттілігіне мүдделі жеке және заңды тұлғалар айналысады. Сөйтіп, антропогендік ықпалға түсетін барлық ірі нысандарда суды күзету аймағы мен жолағы орнатылған. Мәселен, 2008 жылы Ақмола облысының 24 өзенінде, 29 көлінде, 3 су қоймасында, 4 су бөгеті мен 1 тоғанында суды күзететін аймақ пен жолақ орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасуда.
Суды күзететін аумақта орналасқан елді мекендерде су нысанын ластамау үшін оны пайдалану режимі сақталуы тиіс. Суды күзететін жолақ маңына су нысандарының сапасы мен гидрологиялық жағдайын нашарлататын шаруашылық және өзге де жұмыс түрі жіберілмейді. Сондай-ақ, мұнда су шаруашылығы мен су алатын ғимарат пен коммуникациясынан, көпірлер, порттар, пирс-
тер мен су транспорты жұмысымен байланысты танспорттық инфрақұрылымдардан, энергия көзі болып табылатын нысандардан, демалыс аймағынан өзге ғимарат салып, пайдалануға болмайды. Суды күзететін жолақ маңына бау-бақша және саяжай құрылысы үшін жер учаскесі берілмейді. Бұл жерде су нысандары мен оның суды күзететін аймақ пен жолағын ластайтын, ғимараттармен және қондырғылармен қамтамасыз етілмеген нысандарды пайдалануға болмайды. Суды күзететін жолақ маңында ағаш көшеттерін отырғызу үшін жерді өңдеуден өзге (жер жырту, мал бағу, пайдалы қазбалар өндіру) топырақ пен шөп қабатын бұзатын жұмыс жүргізуге болмайды. Сондай-ақ, мұнда шатыр қалашығы мен автокөлік тұрағын құруға, малдың жазғы тұрағын салуға болмайды, пестицидтер мен тыңайтқыштардың барлық түрлерін қолдануға рұқсат берілмейді.
Суды күзететін аумақта су нысандарын ластамайтын ғимараттармен және қондырғылармен қамтамасыз етілмеген жаңа және қалпына келтірілген нысандарды пайдалануға болмайды. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдармен, бассейн инспекциясымен, облыстың қоршаған ортаны қорғайтын өкілетті мемлекеттік органымен, санитарлық-эпидемиологиялық саласындағы мемлекеттік органмен және өзге де мүдделі органдармен бекітілген тәртіпте келісілген жобасыз ғимаратты, коммуникация мен өзге нысандарды қалпына келтіруге, құрылыс пен жарылыс, жер қазу, пайдалы қазбаларды өндіру, кабель, құбыр мен өзге коммуникацияларды тарту жұмысын жүргізуге болмайды. Бұл аумақта тыңайтқыштар, пестицидтер, мұнай өнімдерін сақтайтын қойма, техникалық қызмет көрсету, автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникаларын жуатын бекеттер, механикалық шеберхана құрылысын жүргізуге, тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды төгуге, аппаратураларды пестицидтермен толтыру алаңын және авиациялық-химиялық жұмыс жүргізу үшін ұшып, қону жолағын ашуға, судың сапасына кері ықпал ететін өзге де нысандар орналастыруға рұқсат етілмейді.
Суды күзететін аумақта мал шаруашылығы фермасы мен кешендерін, жаңбыр суын жинайтын нысанды, зиратты, мал көметін орынды, сондай-ақ, жер асты суын микробпен ластауға қауіп төндіретін өзге де нысандарды орналастыруға болмайды. Бұл жерде мал бағу, оны шомылдыру мен санитарлық өңдеу тәрізді су айдыны режимін нашарлататын өзге де шаруашылық жұмысын жүргізуге рұқсат етілмейді. Ауыл шаруашылығы дақылдары мен ағаш көшеттерін ұшақ арқылы пестицидтермен және минералдық тыңайтқыштармен өңдеу су айдынынан екі шақырым қашықтықта жүргізілуі тиіс. Бұл маңда шектеулі концентрациясы белгіленбеген пестицидтер қолдануға, қарға тыңайтқыштар енгізуге болмайды. Сондай-ақ, мал асты мен хлорорганикалық пестицидтерді тыңайтқыш ретінде пайдалануға рұқсат етілмейді. Суды күзететін аумақта санитарлық өңдеу жүргізу қажеттілігі кезінде уы аз пестицидтер пайдаланылады.

Руслан ӘУБӘКІРОВ,
Ақмола облыстық табиғи ресурстар
және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар