Сенім мен үміттің үндеуі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың телевизиялық үндеуін тыңдап, сол үндеудің мәтінін де зер сала оқып шықтым.

Расын айтқанда пандемия үдеп, осы індеттен қаза болып жатқандар да күн сайын көбейіп, ел мен жұртты үрей билеп, қазіргідей алаң күйге түсіп отырған жағдайда Мемлекет басшысының бір ауыз сөзі керек еді. Өйткені осы індет жайылғалы ел ішінде неше түрлі қауесеттер тарап, дүрбелеңге салынушылық бой ала бастады. Бұл негізсіз де емес еді. Өйткені, дәріханаларда дәрі-дәрмек жетіспеушілігімен бірге, кейбір дәрілерді үстеме баға қосып сату сияқты келеңсіздіктер орын алғаны да рас.

Тіпті осы індетпен күресіп жүрген дәрігерлердің өздерінің де пандемияны үсті-үстіне жұқтырып алып жатқандықтары да әлі де бар.Және де сол дәрігерлер ауырғандарға көмек көрсетуге келгенде дәрменсіз болып қалуы, жедел жәрдемдердің кешігуі, тіпті кей жағдайда келмеуі де, ауруханаларда орынның болмауы сияқты жағдайлардың Қазақстан бойынша орын алуы жайлы зар жылаған халық әлеуметтік желі арқылы байбалам салуға дейін шығып кетті. Мұны да Қасым-Жомарт Тоқаев «Осындай күрделі жағдай кезінде ел арасында көптеген жалған әңгімелер тарауда. Теріс ақпарат таратып жүрген арам пиғылды адамдардың әрекеттері орын алуда.

Өкінішке қарай, кейбір азаматтар жалған ақпаратқа сенетін болды,-деп қоғамда орын алып отырған ахуалды орынды атап көрсетті.

Міне, осындай халықтың көз жасын бұлайтындай жағдай қалыптасып бара жатқанда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі телевизиялық Үндеуі арқылы індет бойынша және онымен күрес жағдайының қазіргі ахуалын өз аузынан айтуы көптеген жайға қанықтырды. «Өкінішке қарай, біздің елдегі жағдай да оңай болып тұрған жоқ»,-деп Мемлекет басшысы жағдайды жасырған да жоқ.

Осы орайда Президент « Ашығын айту керек, денсаулық сақтау жүйесі індетке тойтарыс беруге дайын болған жоқ. Осы мәселе бойынша біз тергеу жүргіземіз және бұл жағдайдан сабақ аламыз. Әкімдердің жіберген қателіктеріне тиісті баға береміз»-деп халықтың дабылына құлақ асып отырғандығын және елдегі ахуалды өте жақсы біліп отырғандығын көрсетті. Және де әділін алға тартты.Біз неге дайын болмадық? Енді бұдан қандай сабақ аламыз? Адам баласын сәт сайын сынаққа салып отырған және әлі де талай қатаң сынақтары бола түсетін жағдайға дайын болу үшін не істейміз?.

Біз шынын айтқанда «бізде бәрі жақсы» деп өз ауруымызды өзіміз жасыруға бой алдырып, үйреніп алғандаймыз. Әйтпесе ұзақ жылдарда бері медицина

саласында жүргізілген реформалардың, бұл салаға мемлекет тарапынан бөлініп жатар қыруар қаржының қайтарымы қайда? Халық қазір осыны айтады! Сондықтан да ендігі арада сұрау осы тұрғыдан болғаны да абзал.

Қазір әлемдегі пандемияға байланысты қалыптасып отырған жағдайдың күрделене түсуі және де коронавирустың таралуы бәсеңдемей отырғандығын ескеріп,Қазақстан бойынша. Мемлекеттік комиссияның шешімімен 5 шілдеден бастап екі аптаға карантин шаралары енгізілуі осы індеттің бетін қайтарудың аса қажетті шешімі болды. Бұл жағдай жалғыз біздің елде болып отырған жоқ. Президент бірқатар елдерде карантин тәртібі қайта күшейтіліп, әуе, көлік қатынастары қайтадан шектелгендігін алға тартып отыр. Ендеше біздің елде де карантин шараларының енгізілуі орынды болды.

Бір ақиқат бар айтатын! Осы індетке қарсы күресте біздің дәрігерлеріміз бен түрлі дәрежедегі медицина қызметкерлері ерлік танытты әлі де ерлік жасауда! Оларға Президентіміздің пәрменімен үстеме ақы төленуі де, Мемлекеттік марапаттардың берілуі де орынды әрі адами тұрғыдан алғанда да парасатты іс болды.

-Дегенмен, «Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, Әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде.

Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын.

,-деп Президенттің әр азаматтың қазасына орай қабырғасы қайыса көңіл айтуы және де 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялауы көңілден шықты. Расында да, «біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деп Абай айтқанындай әркімнің қазасы жанына ауыр тиетін бауырмал да ағайыншыл қазақтың әр баласы үшін қаралы күні аза тұтылып жатса, кез-келген індеттің, соның ішінде осы коронавирустың аса қауіпті екендігін тағы да терең ұғындыра тұсер еді. Және де осы 13 шілде күнін жыл сайын пандемиядан қайтыс болғандарды еске алу күні деп белгілеген де жөн болар еді. Шал ақын айтқандай «біздерге жала-қаза жоқ демеңіз» деген жайды және де әлемде қауіпті де қатерлі індеттердің бар екендігін, одан сақтана білуді еске салып тұратын күн болса деп те ойлаймыз.

« Бірақ, біздің күресіміз жалғаса береді.Бұл індетті адамзат жуық арада жеңе қоймас.Алайда, уайым мен қайғыға батып, түрлі қауесеттерге сеніп, еңсемізді түсіруге тағы да болмайды»-, деп Президенттің осы айтып отырғанына тоқтағанымыз абзал. Ел тізгіні ұстап отырған Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің қалың елін салмақты да, сабырлы болуға шақырып отыр.және де өз халқын бүкіл күш жігерімізді жинап, індетпен күресе беруге шақырып отыр.

-Біз – талай зобалаң мен сынақты бастан өткерген, тарихтың талай дауылына бой бермеген халықпыз.Батыр бабалардың жолын жалғаған бүгінгі ұрпақ та қазіргі қиындыққа төтеп береді деп сенемін.Бәлкім, бұл біздің бірлігімізді байқау үшін берілген сынақ шығар,-деп Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді жігерлендіріп те, қанаттандырып та, рухтандырып та отырғандығы әрқайсымызға деген сенімі деп қабылдадым.Ендеш осы сеніммен келер күндерімізге де сеніммен қарайық! Қазіргідей күрделі жағдайда жалған сөйлеп, болмағанды болды деп қауесет пенүрей тарата бергенше бір*бірімізді сабырға шақырып, қаяу көңілімізді өсіре сөйлейтіндей жақсылықтар айтайық!.

Жабал Ерғалиев,

жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Сенаторлар Кеңесінің мүшесі.

Көкшетау.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар