Нақтылы міндеттер жүктеді

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласындағы бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандардың жұмысымен танысып, салынып жатқан құрылыстың сапасына назар аударып, қазіргі барлық жұмыстардың өз мерзімінде аяқталуын талап етіп, тиісті сала басшыларына нақтылы тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді.

Облыс әкімі алдымен Сарыарқа мөлтек ауданындағы жобалық құжаттамаларынан олқылықтар табылған 60 пәтерлі үш тұрғын үйдің құрылысы бойынша мәселеге назар аударып, мердігерлермен кездесті. Құрылысы өткен жылы бастау алған бұл үйлер әлі күнге дейін пайдалануға берілмей келеді. Осыған байланысты өңір басшысы тиісті сала басшыларына күрмеулі мәселені тез арада шешуді тапсырды.
Айта кетуіміз керек, аталмыш ауданда жаңа нысандардың бой көтеруіне байланысты бұл жердегі 38 гектар аумаққа инженерлік желілер тартылуда. Сонымен қатар, газ-мазутты қазандық орнатуға 849,2 миллион теңге бөлінген екен. Өңір басшысы инженерлік желілер құрылысының барысына назар аударды. Бұл жобаның сметалық құны 2,2 миллиард теңге, осы мақсатқа облыстық бюджеттен 217,7 миллион теңге бөлінсе, республикалық бюджеттен 906,0 миллион теңге қарастырылыпты. Келісім-шарт бойынша жобаны іске асыру мерзімі 2020 жылдың үшінші тоқсаны. Облыс әкімі сала басшыларына алдағы уақытта жұмысты бәсеңдетпей, бәрін кестеге сай жүргізуді қатаң тапсырды.
Бұдан кейін өңір басшысы жалпы аумағы 4 мың шаршы метрден асатын оқушылар мен жастарға арналған «Болашақ» сарайына барып, ондағы құрылыс жұмыстарының жайын көрді. Қазіргі таңда құрылыстың 80 пайызы аяқталған. Облыс әкімі сонымен қатар, «Хан сарайы» гранд холын аралап көрді. Қалаға көрік беретін бұл нысандар алдағы уақытта қала тұрғындары мен меймандарының көз қуанышына айналатын болады. «Хан сарайы» атына заты сай сәулетті нысан. Бұл жерде барлығы 1000 адамға лайықталып салынған бес банкет залы жұмыс істейді.
Көкшетау күн санап жаңарып келеді. Көз тоқтатып, көңіл жадыратар жаңа ғимараттар, заманауи аялдамалар, сәулет ескерткіштері – бәрі-бәрі бір-бірімен үйлесім тауып тұр. Киелі Көкше осылайша замана талабымен үндесіп, көркіне көрік қосып келеді. Көптеген әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жүргізіліп, абаттанып жатыр.
Сапар барысында өңір басшысы Қопа көлін жағалай салынар көлік, велосипедшілер, жаяу жүргіншілер, арнайы төсенішті жүгірушілер жолдарының жай-жапсарымен де танысты. Қопа көлінің жағасында балалар ойын алаңы орнатылып, амфитеатр да салынбақшы. Жоғарыда біз тілге тиек еткен келбетті нысандардың барлығы көгілдір көшеттер, гүлді газондармен көмкерілмек. Сондай-ақ, Қопа көлінің жағасында айналма жол құрылысы мен Қылшақты өзені арқылы өтетін көпір құрылысы да қолға алынуда.
Биылғы жылы Көкшетау қаласындағы М.Ғабдуллин атындағы көпсалалы мектеп-гимназиясының оқу ғимаратына да күрделі жөндеу жүргізілуде. Жұмыс қарқынымен танысу мақсатында барған өңір басшысы жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Оқу ғимаратының қасбеті мен терезелерін және еден жабындысын жөндеуге жалпы сомасы 152,8 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжат дайындалған. Өңір басшысы оқу корпусына жасалып жатқан жөндеу жұмыстарын көріп, сапаға басты назар аудару керектігін тапсырды. Бұл оқу орнының негізгі бағыты – заманауи білім беру мен инновациялық дамудың жетістіктерін оқу-тәрбие ісіне кеңінен пайдалану. Гимназия оқушылары халықаралық, республикалық, облыстық пән олимпиадаларында жүлделі орындар иеленіп келеді. Осы орайда, қазіргі кезде сапалы білім беру аса маңызды екендігін баса айтқан өңір басшысы алдағы уақытта бұл мәселелер оң шешілетін айтып, өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп отырған ұжым басшылығына осы үдеден көрінулеріне тілектестік білдірді.
Сонымен қатар, өңір басшысы облыс орталығындағы Ақмола облыстық перинаталды орталықтың жөндеу жұмыстарымен, «Революция күрескерлері» мәдениет және демалыс саябағын қалыпқа келтіруге бағытталған жоспарлармен танысып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар