Екі өңірге тең тұлға

Таяуда бір шаруамен қалалық әкімшілікке барсам, Қабыкен Қажыбайұлы Закарьянов жұмыста жүр. Бұл кезең біздің қалада коронавирус дертінің өршіп тұрған кезі еді. Мен бетпердемді тағып, көзіме көзілдірік киіп, қолымда қолғабым бар, бұл індеттен қалай сақтану керек, соның бәрін орындап жүрсем де қорқыңқырап барсам, Қабекеңде ештеңе жоқ, бұрынғыдай қызметін атқарып отыр. Ол кісіге қойған бірінші сұрағым: ағай бүгінгі жағдайдан қорықпайсыз ба? – деп едім. –Ереке, неге қорқамын? Мен тексеруден өттім, бәрі дұрыс. Дәрігерлердің айтқандарын орындасам, маған жұқпауға тиіс, онымен қоса, осы өмірімде талай қауіпті қиын жағдайлар басымнан өтті. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары болған ашаршылықтың әліде басылмай тұрған кезінде дүниеге келдім. Одан мен екі жасқа келгенімде халқымыздың бетке ұстар зиялыларын жаппай абақтыға жауып, біраздарын атып, қалғандарын ит жеккенге жіберді. Енді мектепке барам деген кезеңде фашистік Германия тұтқиылдан шабуыл жасады. Бала болсақ та сол қиындықтарды бастан кешірдік. Соларды жеңген халық, пандемияны да жеңеді деген сенімдемін,–деп сөзін аяқтады.

Қабыкен Қажыбайұлының өмір жолын қарап отырсам, мақтануға тұрарлық ғұмыр кешіп келеді. Өзі осы астанадан жетпіс шақырымдай жерде Шалқар деген елді мекенде балалық шағы өтіпті. Ол кісінің айтуынша, ауылдың іргесінде биіктігі сексен метрдей «Тасқұдық» деген төбе бар көрінеді. Сол төбеге шықса, ауылының өңірі, көлдер, онымен қоса, етегіндегі ағып жатқан бұлақ әдемі көрініс беретін көрінеді. Туған ауылыммен мақтанам дейді кейіпкерім. Таяуда бұл кеңшардың құрылғанына 90 жыл толыпты. Егін, мал шаруашылықтары жақсы дамыпты. Оның өркендеуіне үлкен еңбек сіңірген тұрғылықты халық болса, оны ұйымдастыра білген кезінде Жоғары Кеңестің депутаты болған марқұм ағамыз Есенжол Қамзебаев, Қасым Тәукенов, тағы сол сияқты білімді басшылар.
Жиырмасыншы ғасырдың ортасында мектепті бітіргеннен кейін Көкшетау, Новосібір арқылы айналма жолмен Алматыға оқуға түсуге барады.
–Ауылымда жүргенде бір қонаққа келген бай әйелді көргенмін, денесінің өн бойы алтын десем артық айтқандығым емес шығар. Сол алтынның қалай өндірілетінін білгім келетін, сосын түсті металдар факультетіне құжаттарымды тапсырдым,–дейді Қабекең. Оқуға түсу қиын болыпты, бір орынға оннан артық бала үміткер болған екен. Осы жерде Қабекең ағамыз әкесі Қажыбай ақсақалдың көрегендігіне риза болады. Әкесі мектепте оқып жүргенінде екі рет орыс отбасына пәтерге тұрғызады. Сонда үйренген орысшасы оқуға түсерде көп көмегін тигізеді. Абай атамыз айтпақшы, орыстың тілін білсең, дүниеге көзің ашылады деген қағида сол кезде дұрыстығын дәлелдеді. Мен өзім де институтта қазақ тобында оқыдым, біздің тілде керек кітаптар жоқ, амалсыздан орысшасынан оқуға тура келді. Тіпті, лекциялардың кейбіреуі ресми тілде оқылатын. Әкесі қойшы, шешесі сауыншы, қазақ ауылынан шыққан қара домалақ бала астананың политехникалық институтының металлургия факультетіне түседі. Институтта металл жөнінен көрнекті өкілдер Евней Букетов, В.С.Пономарев, С.А.Бочкарев, тағы басқалары білім алады.
Институтты үздік бітіріп келген Қабыкен Қажыбайұлы өзі армандаған алтынды қалай өндіру тәсіліне Ақсу руднигінде жетінші разрядтағы жұмысшы болып бастаудан қанығады. Әрине, бұған дейін басқа металдарды өндіруді Балхаш, Ленгер, Зайсан сұрыптау фабрикаларында өндірістік практикада көрген болатын. Жұмысшы мамандығын жақсы игергендігін және білімділігін ескерген зауыт басшылары мастерлікке, одан цех бастығына дейін жоғарылатады. Осы жұмыста жүргенде Бестөбе руднигінде Жаңа (Новая) атты шахтаның ашылуына белсене араласады. Комбинат, рудник басшылары
В.С.Синицкий, Рязанов, Қошқарбай Тілеуғабылов, Ғазиз Бейбітов сияқты ағаларының мол тәжрибесінен үйрене жүріп, қоян-қолтық қызмет атқарады.
Қанша айтқанмен, Коммунистік партияның тұсында кадр мәселесіне жете көңіл бөлетін сияқты көрінетін. Облыс орталығынан кемі екі жүз шақырым жерде жатқан Бестөбе руднигінің қатардағы инженерін бірден облыстық партия комитетіне нұсқаушы етіп қабылдайды. Қабыкен Қажыбайұлы өндірістік тәжірибе жинақтаған қызметкер ретінде мұнда да өндіріс орындарының жұмысын қадағалап, заман талабына сай болуына бағыт бағдар беруші, ұйымдастырушы болады. Осы қызметте жүргенде Степногорск комбинатының еңбек өнімділігінің жағдайы туралы мәселені облыстық партия комитетінің бюросына дайындауға қатысады. Ол кезде бұл комбинат тікелей Орталыққа бағынатын, оған әркімнің тісі бата бермейтін. Мәселе ойдағыдай қаралып, бірінші хатшы Н.Е.Кручина министр Славскийге жеткізгенде, ол кісі ризашылығын білдіріпті. Қ.Қ.Закарьянов мырзаның білімділігін, ұйымдастырушылық қабілетінің барлығын байқаған облыстық партия комитеті Сандықтау (ол кезде Балкашин) аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына ұсынады. Бұл аудан облыс орталығынан ең алыс аудандардың қатарына жататын. Мұнда да көптеген шешілмеген проблемалар шаш-етектен болыпты.
Кейде бірінші басшы нақты ұсыныстарды қабылдамаған кездері де кездесіпті. Жаңалықты кіргізуге онша құштар болмапты. Сонда да егін, мал шаруашылығын дамытуда біраз істер атқарылып, аудан облыста алдыңғы қатардан көрініп жүріпті. Ол кісінің есінде қалған Михаил Довжик пен Нұрғабыл Мәлғаздаровты әрбір гектарды тиімді пайдалану мәселесі бойынша кездестіріп, екеуі жемісті еңбек етіп, бұл бастама облыстық партия комитетінің бюросында қаралып, үндеу ретінде облыс егіншілеріне таратылады. Кейін осы екі бригадир де Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Сілеті аудандық партия комитетінде істеп жүргенімде әріптесім, бұрын сол ауданда қызмет атқарған В.И.Марченко Қабыкен Қажыбайұлының сауаттылығы, жұмысқа белсенділігі, газеттерге жиі мақала жазатындығы туралы жылы лебіздер білдіретін. Алыс ауданда тапсырылған жұмысты абыроймен атқарып жүрген жерінен Қабыкен ағамызды облыс орталығындағы ең жауапты Ленин ауданына атқару комитетінің төрағасы қызметіне тағайындайды. Осыдан бастап Қабыкен Қажыбайұлын Ақмола облысы мен еліміздің астанасына тең тұлға деуімізге болады, өйткені, осы кезеңнен бастап облысқа еңбегін сіңіре отырып, болашақ астанамызға алғы шарттар жасап жатты. Бәріміз де білеміз, бұл қызметтегілер ауданның экономикасы мен әлеуметтік жағдайына толық жауап беретінін. Қай жерде болсын, ол кезде Ленин көсеміміздің есімін кез-келген ауданға бермейтін. Берген аудан басқаларынан жоғары болуы жазылмаған заң болатын. Оны сондай дәрежеде ұстау әр басшының қолынан келмейтін. Ал, Қабыкен Қажыбайұлы осы қызметті сегіз жылға тарта атқарып шықты. Ол кісі көп салалы қызметті атқарып жүргенде ауылдарға көмек ретінде қала мекемелерінің күшімен шөп дайындап, қаланың сыртына маялап қою дәстүрге айналыпты. Соны бір келгенінде Д.А.Қонаев көріп, қалалықтарға рахмет деп Қ.Қ.Закарьянов мырзаның қолын алады. Бұл да Саяси Бюро мүшесінің тарапынан аудандық атқару комитетінің төрағасына берген үлкен баға деп есептеймін.
Сексенінші жылдардың басында облыстық жергілікті өнеркәсіп басқармасына басшы болып ауысады. Мұндағы қызметінің нәтижесін бір көрсеткішпен ғана баға беруге болады. Осы басқарма республика көлемінде жиырма жеті тоқсан бойы бірінші орынға шығып отырған. Бұл кісімен қызметтес болған марқұм Ахмедия Аушатов ақсақал Қабекеңнің кішіпейілдігін, адамгершілігін, басқару тәсілін, тағы басқа жақсы қасиеттерін жоғары бағалап отыратын. Бұл кісінің басшылығымен жергілікті өнеркәсіптің тауарларын шығару егемендік алған жылдардың басында басқа республикалармен экономикалық байланыс үзілген кезде өте қажеттілікке жарады.
–Бірде Мәскеу қаласында құқық қорғаушылар жиынында Санкт-Петербург қаласының мэрі Анатолий Собчактың сөзінен кейін елге келгенде менің өмірімде күрт өзгеріс пайда болды. Бас қаламызда «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігін құру идеясы пайда болды. Сөйтіп қаламызда тұтынушыларға дұрыс қызмет көрсетпейтін кәсіпкерлермен, өзге де қызмет жасаушылармен, саудагерлермен күрес «майданына» кірісіп кеттім. Міне, сол қоғамдық ұйымымыздың қызмет жасап жатқанына ширек ғасыр болды,–деп қойды бір тұста кейіпкеріміз. Бұл сияқты қоғам нарықтық экономика кезінде өте қажет. Көпшілік жағдайда кәсіпкерлер халықтың қамынан гөрі өз қалталарын ойлайтыны белгілі.
Қоғамның қызметкерлерінің айтуынша осы кезеңде жүз мыңнан астам қалалықтарға көмек жасалған, бір миллиард теңгеден артық сапасыз тауарлар кейін қайтарылған. Осылай тізбектей берсек, бұл қоғамның астана тұрғындарына тигізіп жатқан пайдасы өте зор. Осы үлкен шаруаның басында сексен бес жастағы, жарты ғасырдан артық бас қалада өмір сүріп жатқан Қабыкен Қажыбайұлы тұр.
Осындай азаматтар тұралы мақала жазғанда қандай марапаттары барын тізбектейміз. Қабекеңнің марапаттары тұралы айтатын болсақ, әлі біраз жазуымыз керек. Ол кісінің негізгі марапаты қала тұрғындарының ризашылығы.
Бірде Қабекеңнің үйіне қоңырау шалсам, бәйбішесі жауап берді. Аты-жөнімді айтып едім, мен сізді білемін, мен Күләш Жаңабайқызымын ғой деді. Бір кездері білім саласында істеп, әріптес болғамыз. Ол кісіні қызметкер ретінде жақсы жақтарынан білетінмін. Бір сөзбен айтқанда өз орнындағы маман болатын. Отбасын құрғандарына алпыс жыл болыпты. Осындай отбасынан дарынсыз ұрпақ тарауы мүмкін емес қой. Үлкен ұлдары Төлеген Қабыкенұлы ширек ғасырдан артық үлкен дәрежелі мемлекеттік қызметтер атқаруда, екінші ұлы Болат Қабыкенұлы Ресей Президентінің аппаратында қызмет атқарса, інісі Абай Қабыкенұлы Мәскеу қаласының бір үлкен ауруханасының бас дәрігері. Халқына, еліне еңбектері сіңіп отырған, бірнеше немере мен шөберелердің сүйікті ата-әжесі атанып жүрген Қабыкен ағамыз бен Күләш жеңгеміз осындай жандар.
Қабыкен Қажыбайұлы астаналық облыс пен астананың өзіне тең тұлға деп айтуға болатын шығар. Қабекең Күләш жеңгеймен қол ұстасып, Алла тағаланың берген ғұмырын жақсылықпен кеше беруін тілейміз.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар