Қара қылды қақ жарған бабаларды үлгі тұтамыз

Мемлекет басшысы өзінің сот реформасы жайлы  бұл сөздерінде соттардың демократиялық мемлекеттің негізгі құқықтық институты екендігін және әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалардың табыс-ты болуы да көп жағдайда осыған байланысты болатындығы баса айтылады.

Демек, қоғамымызда адамдардың әділетті өмір сүруі немесе ақиқатқа қол жеткізуі құқықтық реформаның тиімділігіне де байланысты екенін естен шығармауымыз керек. Ал, бұған судьялар жұмысының ерекше ықпал ететіні еш жасырын емес. Ең бастысы, осы жылдар ішінде әділ сот төрелігі біздің еліміз үшін демократиялық және құқықтық реформаның  маңызды бір тұтқасына айналды.
Осы ретте, жаңа мемлекетімізде сот жүйесін қайта құру кезеңі 1993 жылдан бастау алды деп айта аламыз. Өйткені, сол жылы тәуелсіз еліміздің сот жүйесінің негізгі бағыттарын анықтаған Ата Заңымыз қабылданған болатын. Ал, 1995 жылғы бүкілхалықтық референдуммен қабылданған Конституциямызда тәуелсіз сот билігінің негізгі қағидалары анықталды. Сондықтан, бұл жаңа Конституцияның қабылдануы елімізде сот жүйесін нығайтудың жаңа кезеңі басталғанын да көрсеткендігі анық.
Сонымен бірге, 2000 жылдың 25 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» конституциялық заңы қабылданып, осы саладағы реформалау ісінің жаңа белеске көтерілгенін аңғартты. Сөйтіп, азаматтардың, қоғам мен мемлекет мүддесін қорғауға қабілетті биліктің дербес құрылымы ретінде сот жүйесі өзінің іргесін нықтай түсті.
Судьялардың негізгі міндеті – жұртшылықты әлеуметтік даулардан қорғап, мемлекеттегі тұрақтандырушы күштің біріне айналу болып табылады. Неге десеңіз, қазіргі уақытта азаматтар сот органдарына өз құқықтарын қорғау жөнінде жиі шағымданады. Ал, сот болса, өз құзыры шеңберінде заңға сүйеніп,  олардың кез-келген мүдделерін қорғап, көмек көрсетуге даяр болуы керек.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың ел халқына арнаған Жолдауларында да сот – құқықтық реформаларды жетілдіру маңызды мәселе екендігі тілге тиек етіледі. Ең алдымен, адамдар сотқа өздерін қорғайтын сенімді кепілдік ретінде қарауы тиіс. Сонда ғана демократиялық қоғамдағы әділдік өзінің шынайылығымен көрінер еді.
Ал, еліміздің Ата Заңы – Конституция-да адам және оның өміріне, құқықтары мен бостандықтарына өзінің ең қымбат қазынасы ретінде қарайтын мемлекет екені де аталып көрсетілген. Сот жүйесін реформалау да құқықтық мемлекет құрудың бір талабы – сот төрелігін тиімді жүзеге асыру арқылы көрінеді.  Бұл ең алдымен сот өндірістеріндегі  адамдарды әуре-сарсаңға салатын жағдайларды азайтып, соттардың азаматтарға ашық та, оңтайлы қызмет істеуіне мүмкіндік туғызады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Соттардың шешімдеріне қарап, қоғамның мемлекетке деген көзқарасы қалыптасады, заңның үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың мүдделерін қорғау қабілеті бағаланады» деген сөзінің астарында кең ұғым жатыр. Себебі, осы жылдар ішінде халықаралық озық стандарттарға сәйкес келетін азаматтардың құқықтары мен  бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ететін ашық және бүкпесіз сот жүйесін қалыптастыруға бағытталған көп іс-шаралар қолға алынып, қабылданды.
Салмақты, салиқалы сот шешімі – бұл дау-дамайды шешудің өркениетті нәтижесі ғана емес, азаматтар құқықтары мен еркіндіктерін қорғаудың сенімді құралы болып табылады. Әсіресе, құқықтық сот реформасын жүзеге асыру ісінде судьялар бірлестігінің қоғамдық рөлі және заңнамаларды жетілдіру, сонымен бірге, судья  әдебін сақтау нормалары, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуден сақтандыруға қатысты мәселелер күн тәртібіне қойылды.
Сот – халықтың ар-намысы. Ал, намысқа ешуақытта ешқандай іспен немесе пиғылмен дақ түспеуі керек. Соттардың қабылдаған шешіміне, оның әділдігіне ешкім де күмән келтірмеуі тиіс. Әрине, мұның бәрі де ең алдымен сот төрелігін жүзеге асыратын судьяның кәсіптік біліктілігіне қатысты екенін ұмытпасақ дейміз.
Судьялардың алдында тұрған жаңа міндеттері қатарында азаматтардың үмітінің ақталуы, олардың әділеттілікке деген сенімділігі судьялардың қызметтерімен тығыз байланыс-ты екенінде десек те болады. Сондықтан, біздің жұмысымыз үлкен жауапкершілікті де талап етеді. Ал, азаматтар соттардың қағазбастылықсыз жұмыс істеуіне, әрқашан заңның қорғауында болатынына, қылмыстардың жазасыз қалмайтынына, сот үкімінің оларды дер кезінде тыятынына сенуі тиіс.
Сөзімнің соңында судья да халықтың ар-ожданы дер едім. Сондықтан, жаны таза адам ғана судья мәртебесін иеленіп, қарапайым адамдардың мұң-мұқтажын ойлағандай шеше алады. Біздің еліміз өркениетті мемлекет ретінде  тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыруға зор ынта қойып отыр. Демек, әрбір судья осы жауапкершілікті түсініп, халық мүддесіне адал қызмет етсе, біз үшін одан асқан абырой жоқ.

Нұрғазы ӘБДІҚАНОВ,
Ақмола облыстық сотының төрағасы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар