Адамға денсаулық қымбат

Біздің Ақмола облысында да  тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету ең маңызды мәселелер қатарына жатады. Бұл тұрғыда әсіресе, ауылдық жерлердегі емдеу орындарына жете көңіл бөлген абзал. Нақтырақ айтсақ,  қажетті медициналық қондырғылармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жақсарта түсуді қажет етеді. Олардың қатарында біздің №2 Ақмола облыстық аурухана  да бар.

Кезінде Целиноград аудандық ауруханасы болған біздің емдеу орны облыс орталығы Көкшетау қаласына ауысқан соң 2000 жылы облыс әкімінің өкімімен аймақтық емдеу орны мәртебесіне ие болған еді. Ал, 2011 жылдан бастап №2 Ақмола облыстық ауруханасы атауына ие болдық.
Барлығы 190 мыңдай тұрғыны бар облысымыздың 7 ауданына медициналық қызмет көрсетуге тиіс біздің аурухананың қызметкерлері өз міндеттерін ойдағыдай атқарып келеді деуге негіз бар. Бүгінгі таңда ауруханада қызмет ететін 51 дәрігердің арасында 2 ғылым  докторы және 3  медицина ғылымдарының кандидаты бар. Басқа дәрігерлер де білікті мамандар.
Өкінішке орай, біздің ауруханада да шешімі табылмаған проблемалар аз емес. Мәселен, 2009 жылдан бері ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, заман талаптарына сай медициналық қондырғылар, басқа да қажетті құрал-жабдықтар алынбаған. Мұның бәрі сайып келгенде, жұмыс сапасына кері әсерін тигізеді.
Осы жазда, нақтырақ айтсам, шілде айының орта шенінде облыс әкімі Сергей Кулагин ауруханаға арнайы келіп, жағдаймен толық танысты. Сөз орайында айта кетейін, біздің ауруханаға ауданаралық емдеу орны мәртебесі берілгенде де облыстың бірінші басшысы  Сергей Кулагин еді. Сол кезде қаржы бөлініп, біраз істер атқарылған екен. Кейіннен түрлі себептерге орай аурухана назардан тыс қалған.
Енді міне, облыс әкімі кезінде өзі қолға алған істі одан әрі жалғастырып, аурухананың облыстық  деңгейдегі емдеу орны мәртебесіне сай болуына жол ашады деп сенеміз. Оның айғағы ретінде Сергей Кулагиннің тапсырмасымен әйелдер босанатын бөлімге қажетті қондырғы алу үшін 74 миллион теңге қаржы бөлінгендігін айтуға болады. Сондай-ақ, облыс әкімі келесі жылы аурухана ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін арнайы қаржы бөлінетіндігін айтты. Облыс әкімінің бұл қамқорлығы жылдар бойы қараусыз қалғандықтан жақсылықтан күдер үзе бастаған аурухана ұжымын бір серпілтіп тастады. Ал, біз өз кезегімізде облысымыздың жеті ауданының тұрғындарына көрсетілетін  медициналық қызмет сапасын мейлінше жақсарта түсуге тырысамыз. Оған біздің мамандардың білімдері де, біліктіліктері де жетеді. Тек заманауи медициналық құрал-жабдықтар қажет-ақ. Сайып келгенде, Елордамызда орналасқандықтан біздің облыстық аурухана қай жағынан алып қарасақ та Астанадағы емдеу орындарынан кем болмауға тиіс. Ол үшін әрине, облыс басшылары тарапынан көмек ауадай қажет.
Осы ауруханаға бас дәрігер болып тағайындалғанға дейін Астанада қалалық, республикалық емханаларда бөлім меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары қызметтерін атқарған мен үшін мұндағы тозығы жеткен қондырғылар, жөндеу көрмеген ғимараттың жағдайы көңіліме кірбің ұялатқаны рас. Дегенмен, «шешінген судан тайынбас» демекші, облыс басшылары сенім артқан соң іске білек сыбана кірістік.  Өкінішке орай, бүгінгі таңда аурухананың облыстық емдеу орны деген атына заты сай емес. Тіпті, қарапайым құрал-жабдықтардың өзі жетіспейді. Жылдар бойы дұрыс назар аударылмағандықтан дәрігерлер мен басқа да медициналық қызметкерлер де аурухананың болашағына күдікпен қарай бастаған. Сондай-ақ, білікті жас мамандар да бұл аурухананы айналып өтуге тырысады. Міне, алдымызда осы келеңсіздіктердің бәрін жойып, аурухананы Елордадағы басқа емдеу орындарынан кем түспейтін, заман талаптарына сай сапалы медициналық қызмет көрсете алатындай жағдайға жеткізу міндеті тұр.
Жалпы, жоғарыда айтып өткенімдей, облыс орталығынан шалғай орналасқан жеті ауданда 190 мыңдай тұрғын бар. Олардың жиырма мыңы 14 жасқа дейінгі балалар екендігін ескерсек, облысымыз үшін біздің аурухананың қаншалықты маңызы бар екендігін пайымдауға болады.
Әрине, бәрі бір күнде түзеліп кетеді деу-ге болмас. Дегенмен, облыстың бірінші басшысы Сергей Кулагиннің өзі барлық жағдаймен танысып, барлық проблемаларды оң шешуге көмектесетіндігін айтты. Ал, біз өз кезегімізде  қызмет көрсету сапасын талап деңгейіне сай  қылу жолында аянбай еңбек ететін боламыз.  Бұл орайда, Нина Васильевна Клименко, Алтай Қазбекұлы Джиешев, Галина Николаевна Коломиец сынды тәжірибелі мамандар тірек болады деп сенемін. Сондай-ақ, қазірдің өзінде аурухананы көркейте түсуге атсалысып, біліктіліктерін танытуға дайын жас мамандар да бар.  Облыс басшысы тарапынан жан-жақты көмек болатынын түсінген дәрігерлер мен кіші медициналық қызметкерлердің көкейлеріне сенім ұялады. Яғни, №2 облыстық аурухананың облыста ғана емес, республика деңгейінде де алдыңғы қатарлы емдеу орындарының біріне айналары сөзсіз.
Еліміздің Ата Заңында көрсетілгендей, республика тұрғындары сапалы медициналық көмек алуға құқылы. Ал, біздің міндетіміз – осы үрдістен шыға білу. Оған біздің мүмкіндігіміз жеткілікті, ынтамыз да зор.
Тимур МҰРАТОВ,
№2 Ақмола облыстық
ауруханасының бас дәрігері.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар