«Жаңа оқу жылына дайынбыз»

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Евгений ШЕЛЕНЖЕК:

–Евгений Алексеевич, алдымен, аймақтағы мектептер мен оларда білім алушылардың санына тоқтала кетсеңіз?
–Өңірде  607 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде күндізгі, кешкі, коррекциялық, ведомстволық, мемлекеттік емес сияқты санаттардағы оқу ордалары және Назарбаев зияткерлік мектебі бар.  Биылғы оқу жылында осы мектептерде тәлім алар оқушылардың саны шамамен 111 мыңнан  асады деген болжам бар. Бұл – былтырғыдан әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Қазір аймақта 16 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оқушының он бір жыл бойы алған білімінің нәтижесін көрсетер Ұлттық бірыңғай тестілеуден өткен оқу жылында орташа нәтиже 78,24 балл болды.
–Өңірде шағын кешенді мектептердің көп екендігін білеміз. Осыған орай, сапа жағы қай деңгейде?
– Иә, аймақтағы мектептердің жетпіс пайызы осы санаттағы білім ордалары.  Биыл жеті мектепті жауып отырмыз. Ауылдағы тіршіліктің күретамырындай болып кеткен мектептердің өз жұмысын әрі қарай да жалғастыра беруіне біз де мүдделіміз.  Бірақ,  осындай қадамға мәжбүр болудамыз. Елді мекендерде негізгі, орта мектептердің болмауына байланысты кейбір оқушылар қатынап оқиды.  Мәселен, өткен оқу жылында осылай 3426 бала тасымалданды, тағы үш жүзден астамы мектептердің жанындағы интернаттарда тұрды.  
– Оқушыларды ыстық тамақпен қамту жағы қалай?
–Министрлік тарапынан бастауыш
сынып оқушыларын бірыңғай  жеңілдетілген бағамен тамақтандырудың енді болмайтындығы жөнінде айтылды. Бұл жаңалықты әрине, қоғам оң қабылдай қойған жоқ. Былтыр өңірде оқушылардың 41 пайызы ыстық тамақпен қамтылған-ды. Енді бір мен он бірінші сынып аралығындағы әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардың балалары ғана тегін тамақпен қамтамасыз етілмекші. Бұрын да біз бұл жағынан ауыл шаруашылығы құрылымдарына жүгінетінбіз. Кейбірі ет, сүт, жұмыртқа, көкөніс жағынан көмектесіп тұратын. Солар алдағы уақытта да жоқ-жітікке демеу бола береді деген сенімдемін. Сондықтан да, серіктестіктерден қолдау күтеміз.  
–Мектептердің материалдық-техникалық базасына тоқтала кетсек…
–Күндізгі жалпы білім беретін мектептердің 79 пайызы ғаламтор жүйесіне қосылған.  Ауылдық жерлердегі білім ордалары бойынша бұл көрсеткіш 61 пайызды құрайды.  Бізде бір компьютерге шамамен 12 оқушыдан келеді.  Жаңа модификациядағы кабинеттермен қамту процесінің баяу жүру себебі – қала, аудан әкімдіктерінің  қажет қаражатты толық көлемде бөле алмай отырғандығында. Жаңадан жабдықталған 34 кабинет оқушылардың жан-жақты білім алуына жағдай жасайтын болады. Бұл бағыттағы жұмыстарды Целиноград, Атбасар, Зеренді, Астрахан аудандары әлі де  жандандыра алмай келеді.
– Кадр тапшылығын жою бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Облыстағы мектептерде 14 мыңнан астам педагог кадрлар еңбек етуде.  Жаңа оқу жылынан бастап олардың қатары тағы 147 жас маманмен  толығады деп күтіп отырмыз.  Ұстаздық жолды таңдайтындар саны аз емес  сияқты. Алайда, ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын айқын сезінудеміз. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті, математика,  биология, ағылшын, орыс тілдері мен бас-тауыш сынып мұғалімдері жетіспейді.  Сабақ басталғанға дейін «Дипломмен – ауылға!»  мемлекетік бағдарламасы бойынша жастар әлі жұмысқа келеді деп ойлаймын. Біз өз тарапымыздан оларға барынша қолайлы жағдайлар жасау үшін  жергілікті әкімдіктермен және жеке серіктестіктермен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз.
– Осы орайда, мүмкіндігі шектеулі және жетім балалардың білім алу құқы қалай қорғалған?
–Бұл жағынан 5380 мүмкіндігі шектеулі және 2269 мүгедек бала есепте тұр.  Сонымен қатар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 2750 жеткіншек те мемлекет қамқорлығында. Олардың кейбірі қамқоршы қорғауында болса, кейбірі патронаттық отбасыларда. Көбі жалпы білім беретін мектептер мен арнайы мекемелерде оқып жатыр.
–Техникалық және кәсіптік білім ошақтарының жағдайы қалай?
–Бізде мұндай 41 білім ордасы бар.  Оның басым көпшілігі мемлекеттік болып табылады.  Бұл колледждерде 22 мыңнан астам оқушы оқып, 139 біліктілік бойынша мамандар даярланады. Соның ішінде республикалық және жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік білім тапсырысы бойынша төрт мыңнан астам шәкірт сан түрлі кәсіпті меңгеруде. Осы ретте Еңбекшілдер, Бұланды, Жақсы, Жарқайың аудандарында осындай колледждер мүлде жоқ. Ал, Егіндікөл мен Қорғалжын аудандарында топтар ғана жұмыс істейді. Солардың  негізінде өз алдына жеке колледждер ашуға ұмтылудамыз. Еңбек нарығындағы сұраныс ескеріле отырып,  техник-геодезист, техник-жобалаушы,  техник-механик, техник-технолог және тігінші біліктіліктері бойынша мамандар даярлауды қолға алдық. Аталған оқу ордаларында дуалдық білім беру жүйесі енгізілуде.
–Оқушыларды жатақханамен қамтамасыз ету көрсеткіші жайлы не дер едіңіз?
–Бізде бұл көрсеткіш 60 пайыз деңгейінде. Айтарлықтай тапшылық көріп отырмыз деп айта алмаймын. Алайда, бірқатар жатақханаларға отбасылылар жайғасып алған. Қазір сол орындарды босатып, мұқтаж оқушыларға беру жағы қолға алынуда.
–Жаңа оқу жылының басты ерекшеліктері қандай?
– Биылғы оқу жылында 12 жылдық білім беру жүйесіне көшудің бастауыш сыныптардағы жаңа стандартына көше бастаймыз.  Осыған орай, Бұланды ауданындағы Николский орта мектебі мен Cтепногорск қаласындағы №5 мектеп-лицей  пилоттық нысандар ретінде таңдап алынып отыр. Аталған білім ошақтарының ұстаздары осыған байланысты арнайы курстардан өтіп, онда жалпы дайындық жұмыстары жүргізілді.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген
Перизат БӨЛЕКОВА.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар