Әл-Фараби және Аристотель

Әл-Фараби және Аристотель

Фараби Аристотельдің, әл-Киндидің ізін қуып, философия мен ғылымның барлық салалары бойынша үлкен жетістіктерге жетеді. Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика» мен «Софистикасына» түсініктемелер жазды. Ол еңбектері күні бүгінге дейін де мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Сөйтіп, Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін таныстыруда үлкен рөл атқарды. Сондықтан да, XI ғасырда өмір сүрген Фарабидің ізін қуушы атақты ибн-Сина (980-1037) тек Әбу Насыр түсіндірмелері арқылы ғана Аристотель еңбектерінің ойын ұғып, қуанғанынан қайыршыларға садақа үлестіргені жайлы жазған екен. Анығырақ айтсақ, Аристотель шығармалары сол кездің өзінде-ақ араб тіліне аударылып үлгерген-ді.

Араб елдерінде Аристотельдің кейбір құнды ойлары бұрмаланып көрсетілді. Бірақ көп еңбектері тәржімаланбағандықтан ұлы грек философының ойын түсіну қиын болды. Сондықтан да, көп тілдерді жетік білген ұлы ғалым жерлесіміз Аристотель шығармаларына араб тілінде түсіңдірме жазуды ұйғарды. Сөйтіп, ол ұлы философтың мұраларын жаңсақ пікірлерден тазартып, өз қалпында дұрыс түсіндіре біліп, өзінің бірінші ұстазға деген ғылым саласындағы үлкен адамгершілік, азаматтық, іс-әрекетін таныта білді. Сондықтан да, шығыс философтары оны «Ал муаллим ас-сани» – екінші ұстаз деп атаған. Фараби Аристотельдін философиясына түсініктемелер жаза отырып, өз тарапынан да «Ғылымдардың шығуы», «Ғылымдар энциклопедиясы немесе тізбесі», «Ізгі қала турғындарының көзқарасы», «Музыканың үлкен кітабы», «Философияны аңсап үйрену үшін алдын ала не білу қажеттігі жайлы», «Ақылдың мәні туралы», «Әлеуметтік этикалық трактаттар», «Философиялық трактаттар» сияқты көптеген философиялық еңбектер жазған.
Фараби ғылымның философиялық-логикалық іргетасын дұрыстап қайта қалап шықты. Ол музыка жайлы күрделі зерттеулер жүргізді. Фарабидің метафизика, тіл ғылымы, логика, психология, география, этика, т.б, ғылымдар жайлы жазған еңбектерінің мәні ерекше зор. Ол туған елінің мәдени байлығын, иран, үнді, антика мәдениеттерінің жемістерін бойына дарытты. Сондықтан да, ол тайыз ұғымдар мен соқыр сенімдерден жоғары көтеріле біліп, өзінің ойлау жүйесін сындарлы да икемді ете білді. Әл-Фараби өз заманындағы өнер-білімнің ең асылын таңдап ала біліп, өз дәуірінің шынайы энциклопедиясын жасап берді. Оның терең мағыналы пікір айтпаған, жете зер салмаған, данышпандық болжам жасамаған бірде-бір ғылым саласы жоқ десек артық айтқандық емес. Мәселен, Фараби өзінің «Философияны үйрену үшін қажетті шарттар жайлы трактат» еңбегінде Аристотельдің философиясын меңгеруге қажет болатын тоғыз шарт жайлы өз пікірлерін ортаға салып, бұл туралы былай дейді: Бірінші шарт – философиялық ағымдарды тану (аты-жөнін білу) жеті нәрседен тұрады:
1  – философиялық бағытқа (ағымға) бас болған ұстаздың аты-жөні;
2 – оның шыққан қаласы;
3 – философияға мекен болған орынның аты;
4 – философиялық ағымды тудырған басты себеп;
5 – философиялық талдауға түскен мәселелер;
6 – философияның алға қойған мақсаты туралы;
7 – философияның практикалық мәні, нәтижесі.
Оның пікірінше, тұңғыш рет философиялық бағыттың алғаш негізін салушы – грек философы Пифагор, яғни, пифагористер мектебі. Бұл жерде Фараби ежелгі Грециядағы негізгі ғылыми философиялық мектептерге шолу жасап, өз пікірлерін ортаға салады. Екінші шарт – өткендегі ірі философтардың еңбектеріндегі негізгі ойларын, мақсаттарын тану. Мұнда Фараби ежелгі гректерден қалған логикалық шығармалардың, яғни, формальдық дәлел (логика); силлогизм; аналитикалық мазмұн мен оқу ретін қысқаша айтып өтеді.
Үшінші шарт – философ болу үшін қажетті ғылымдарды тани білу.
Төртінші шарт – философия ғылымын үйретудегі мақсатты түсіну. Философия ғылымын үйренуде оның күттіретін мақсатын тану. Ол мақсат – жаратқан иені тану. Ол өзі ауыспайтын, өзгермейтін жалғыз зат. Бүкіл дүниені, барлық нәрселерді барлыққа, болмысқа шығарған жаратушы. Жомарттылығымен, хикметімен, әділеттілігімен осы әлемге тәртіп беруші Алла тағаланы тану. Барлық философ ғалымдардың істеген еңбектері өздерінің шамасынша сол жаратқанға ұқсап бағу. Әрине, бұл жерде біз Әл-Фарабидің өз заманының перзенті болғандығын дұрыс түсінуіміз қажет, өйткені, заман талабын аттап өте алмау қай кезде болсын тарихи табиғи нәрсе.
Бесінші шарт – философия ғылымына кірісудің төте жолын тану. Бұл жерде Фараби білім, ғылымға жетудің ең бір дұрыс жолы аянбай еңбек ету дейді. Сонымен қатар философияны тек жаратылыстану ғылымдары арқылы ғана танып білуге болады деген пікірлер айтады.
Алтыншы шарт – Аристотель еңбектеріндегі қолданылған ғылыми ұғымдарды талдай білу.
Жетінші шарт – Аристотельдің өзінің еңбектерін оқыған адамнан терең жұмбақ сырларды шешуді талап етуінің себебін білу, Аристотель еңбектерінде жұмбақ түрінде айтылған түсініктердің сырын ашу. Оның кейбір ғылыми түсініктерді терең жұмбақ түрінде келтіруінің үш түрлі себебі бар. Бірінші, оқушының табиғи қабілетін сынап, үйретуге тұратынын немесе тұрмайтынын айыру. Екінші, философия ғылымын көрінген адамның бәріне бірдей рәсуа қылмай, оны алып жүретіндерге ғана пайдаландыру. Үшінші, ғылым іздеу жолында адам бейнеттеніп, ой-пікірін шынықтыру керек. Осы үш себептен Аристотель еңбектерінде жұмбақ (аллегория) қолданылады.
Сегізінші шарт – философ адамның міндеті мен тіршілік ережесін және қалпын түсіну.
Тоғызыншы шарт – Аристотель ілімін үйрену үшін нендей нәрселер қажет екенін білу. Фараби бұл жерде Аристотельдің логика ғылымын, шығармаларын оқу тәртібін келтіріп, оны жоғары бағалайды.

Бұл ойларды түйіндеп айта келгенде Фараби философияны үйрену үшін ежелгі грек ойшылдарынан бастап өзіне дейінгі ғалымдардың ой-пікірлерін сарапқа салады да, соңында өз ойларын айтады. Фарабидің пікірінше, ғылым мен философия адамы болу үшін қойылатын ең бірінші талап – ол адамның жан тазалығы, ар тазалығы, бүкіл адамға, өз халқына деген таза махаббаты, ғылым мен білімге деген қалтқысыз құштарлығы мен берілгендігі. Бұл шарт орындалмаған күнде адам философияны үйрене алмайды, үйрете де алмайды деп көрсетеді Фараби.

Интернет материалдары бойынша дайындаған
Қалкөз ЖҮСІП.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *