Уақыт сынынан өткен елдігіміздің негізі

 Әлемде  «өз заңын құрметтей білген, заңына бағына білген ел ғана озады» деген дана сөз бар. Конституциямыз қабылданған күнінен бастап, тағдыр тоғыстырған көпұлтты халқымыздың татулығы мен тұрақтылығына тұғыр болып келеді.

Біз Ата Заңға сүйене отырып, қазақ мемлекеттігінің іргесін бекіттік, дамудың даңғылына түстік. Құқықтық мемлекет құру мен қоғамды демократияландыру ұзақ та күрделі үдеріс. Бұл біздің жас мемлекетіміздің аяғынан қаз тұру жолынан да жақсы байқалады. Тоталитарлық жүйеден демократиялық қоғамға өту қажеттілігі айқын болған күннен бастап-ақ, Қазақстан халқының алдында ең алдымен мемлекеттің егемендігі мен тәуелсіздігін қорғау міндеті тұрды.
Республика азаматтарының құқығы мен міндеттерін сөз еткенде, екі мәселені ерекше атап өтуге болады. Бірі – заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы болып табылса, екіншісі – Отан қорғау да әрбір азаматтың қасиетті парызы. Тәуелсіздік алғаннан бастап Қазақстан нарықтық экономиканың даму жолына түсті және  батыстық экономикалық қарым-қатынастың үлгісін таңдады. Алдымен, экономикалық дағдарысты жеңу үшін еліміздегі ақшалай қаражатты  қатаң есепке  және бақылауға алу қажет болды. Дәл сол кезде экономикалық құрылымдарды реформалау қажеттілігі туды.
1994 жылдың қаңтар айында осы міндеттерді орындау үшін Қаржы министрлігінде қазынашылық басқармалары құрылды. Бухгалтерлік есеп бойынша бюджеттік басқару қызметі қалыптастырылды. Сонымен бірге, Бас қазынашылық басқармасы  бюджеттік қаражаттың  орынсыз жұмсалмауы үшін министрліктер, ведомстволар, кәсіпорындар мен ұйымдарды тексеру, ондай  деректер айқындалған  кезде, басқа мақсатта пайдаланған сол қаражаттарды қайтару  өкілеттіктеріне ие болды.
Қазынашылықпен шешілген және жүзеге асырылған маңызды   мәселенің бірі – Ұлттық Банкте 1996 жылдың маусымында Бірыңғай  Қазынашылық  Шоттың (әрі қарай – БҚШ) ашылғаны. Онда республикалық және жергілікті бюджеттен ақшалай қаражаттар жинақталып отырды.  Қазынашылықтың  БҚШ бойынша төлемдерді өткізу негізі әзірленіп,  кіріс және шығыс жөніндегі күнделікті ақпараттар өңделген күйінде  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті басшылыққа   жөнелтілді.    
1998 жылғы қаңтар айында мемлекеттік Бюджеттік банк жойылып, бюджетті кассалық орындау қызметі Ақмола облысының қазынашылық басқармасына  жүктелді. Осыдан кейін  барлық  аудандарда  аумақтық қазынашылық бөлімшелері құрылды. Біздің  департамент бүгінде еліміздің қаржылық-экономикалық, өндірістік және әлеуметтік негізін құрайтын буындардың ажырамас бір бөлігі болып табылады. Ұжымымыз облыстың қоғамдық-мәдени өміріне үзбей қатысып отырады. Айталық, Көкшетау қаласында ағымдағы жылдың сәуір айында өткен «Ассамблея – бірлікке жол» мега-жобасында да ерекше белсенділік  көрсетті.  
20 жыл ішінде Конституциямыз уақыттың бар сынынан өтті. Негізгі Заңымыз қазіргі әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде де қоғамдағы тұрақтылық кепілі болып отыр. Олай болса, баршаңызды 30 тамыз –  Конс-титуция күнімен құттықтай отырып, зор денсаулық, бейбіт өмір, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін. Лайым ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын!

Сансызбай БЕЙСЕНОВ,
Ақмола облысы бойынша
қазынашылық департаментінің
басшысы.

 

Қазақстан Конституциясы – заң жүзінде көрініс тапқан жалпыұлттық идея. Ол біздің азаттық аңсаған ата-бабаларымыздың өз тағдырын өзі шешу мүмкіндігі, тәуелсіз ел туралы армандарының осы заманғы құқықтық түсініктерін бейнелейді.

Қазақстан халқы осыдан 20 жыл бұрын тарихи таңдау жасап, бағыт-бағдарын айқындап, жаңа Конституциясын қабылдады. Тарих үшін 20 жыл қас-қағым сәт. Алайда, бұл мемлекет өміріндегі сындарлы жылдар болды. Осы қысқа да болса, үлкен оқиғаларға толы мерзімде халқымыздың бүгіні мен болашағына байланысты қыруар саяси-экономикалық, әлеуметтік, мәдени мәселелер оң шешімін тапты.
Әрине, бұл тереңнен ойластырылған, ұлы істер жемісі екені баршаға аян. Соның ішінде Конституцияда тұжырымдалған Президенттік биліктің бүгінгі кезеңдегі эволюциялық үдеріске үйлесімдігін және оның объективті жолмен жүзеге асырылуын атап өту керек. Яғни, Ата Заңда көзделген билік жүйесінің негізгі табиғаты, оның іске асырылу тәсілдері мен жолдары ел дамуының қазіргі сатысының талабына барынша жауап береді.
Егемендігіміз жарияланған күннен бас-тап Қазақстан құқықтық мемлекеттің жолын ұстанып, осы идеяны берік түрде қабылдады. Шынтуайтында, 1991 жылдан бастап өмірдің қандай саласында болмасын тек заңға мойынсұнып, адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуді мақсат тұтқан жас мемлекет өзіне тән рухани әлемі, саясаты, экономикасы, әлеуметтік бағдарламасымен ерекшелене білді деуге толық негіз бар. Ұлттық құқық жүйесіне жаңа дем беру арқылы Конституциямыздың бүкілхалықтық референдумда мақұлдануы тәуелсіз мемлекетіміздің дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан тарихи оқиға болды.
Конституциялық реформалардың негізінде  мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасында түбегейлі өзгерістер орын алды, ол еліміздің аяғынан тік тұрып, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуінде жаңа нарықтық экономикаға бет бұрған азаматтарымыздың сана-сезімінің қалыптасуында маңызды рөл атқаруда. Конституция қоғамымызда өміршең құжатқа айналып, соның арқасында қоғамдық тұрақтылық нығайды, әлеуметтік экономикалық тұрғыдан алға ұмтылуымыздың құқықтық алғышарты  жасалды.
Ата Заңымыздың рөлінің және маңызының нығаюы – құқықтық дамудың заңды
беталысы. Тәуелсіз мемлекетімізді нығайту ісіне өз үлесімізді  қоса отырып, оның құқықтық саясатының негізгі бағыттарын іске асыру жөніндегі жұмысты жүйелі және мақсатты түрде жалғастыруымыз қажет. Қазақстанның қоғамдық қатынастардың көптеген салаларында қол жеткізген жетістіктері егемен еліміздің қалыптасуы жолындағы қиындықтарды еңсеруге ғана емес, сонымен қатар, оның халықаралық-құқықтық беделін айтарлықтай күшейтуге де мүмкіндік беріп отырғаны айқын.

Талғат ӘЛМАҒАМБЕТОВ,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Ақмола облысы бойынша
басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар