Шоқан Уәлихановтың ғылыми және қоғамдық-саяси қызметі

1853 жылы Ш.Уәлиханов кадет корпусын өзінің курстастарынан бір жыл бұрын аяқтады. Бұған себеп болған 1851 жылы Петербордан келген нұсқаулық «не переводить воспитанников-киргизов (казахов – К.А.) в специальный класс, где изучались военные дисциплины». Осы жөнінде Шоқан жазған: «Горцы и киргизы не допускались в кадетских корпусах на специальные классы, где преподаются военные науки». Ол оқу орнын аяқтаған кезде корнет деген лауазымға ие болып, Сібір казак әскеріне қызметке жіберілді. 1854 жылдың қазанында Батыс-Сібір генерал-губернаторы Г.Х. Гасфорттың адъютанты қызметіне тұрып, Омбыға қайтып келеді. Омбыда ол сібір ведомствосына қарасты қазақтар тарихы туралы материалдарды жинақтаумен айналысады. Осы мақсатпен Сібір қазақтарының шекаралық басқармасының мұрағатындағы құжаттармен жұмыс жасайды.

Қадіржан Әбуев,
тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткері

1855 жылдың жазында Уәлиханов генерал-губернатордың Семей облысы мен Іле аймағы бойынша жолсапарында ілесіп жүреді. Оның жолсапарының бағыты Омбыдан Семейге, одан Аягөз және Қапал арқылы Верный бекінісінің негізі қаланып жатқан Іле Алатауында жатқан болатын. Қайтар жолда Шоқан Гасфортпен Алтынемел жотасына дейін ғана еріп келді. Өз бетімен Жетісу және Тарбағатайға саяхатқа аттанып, одан кейін Орталық Қазақстан және Қарқаралы. Көкшетау және Баянауыл арқылы Омбыға қайтып оралды.
Кейінгі екі жылда Ыстықкөл мен Жоңғарияға зерттеу мақсатымен сапар шекті. Осы сапарлар барысында ол өлкенің тарихын, географиясын, халықтардың ауыз әдебиетін зертеумен айналысты. Осы сапарлар барысында жинақталған қазақ және қырғыз халықтарының мәдениеті туралы материалдар Шоқанға үлкен дәлділікпен Орталық Азия халықтарының өткендегі рухани байлығын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, қазақтар мен қырғыздардың аңыздары осы халықтардың рухани байлығының, ежелден келе жатқан ауыз әдебиетінің дәлелі, сондай-ақ европоцентризмнің көшпенді халықтарда тарих пен мәдениеттің болмағандығы туралы теріс пікірлерін жоққа шығарады. Шоқан үлкен қызығушылықпен қазақтардың халық өнерінің үлгілерін жазып отырған. Оның 1855-1857 жылдары жиналған атақты «Қырғыз-қайсақтардың Үлкен ордасы туралы», «ХVІІІ ғ. батырлары туралы тарихи аңыздар», «Қазақ халық поэзиясының түрлері туралы», «Қырғыздардың көші туралы», «Қырғыздар шежіресі», «Қырғыз-қайсақ молалары және жалпы көнелілік туралы», «Абылай туралы өлең», «Жоңғария очерктері» еңбектерінде, қазақ халқының тарихы, материалдық және рухани мәдениеті туралы терең зерттеулер болып табылады. Бұл зерттеулердің қазақтардың этнографиясына қатысты маңыздылығына байланысты құндылығын айтып жеткізу қиын, олар қазіргі кезде үлкен сұраныста.
1856 жылы жазылған Баян ауыл округі туралы мақалада Ш. Уәлиханов қазақ қоғамының әлеуметтік құрамы туралы ғылыми негізделген анализ береді. «Уәлидің өлімінен кейін, – деп жазады ол – ханның дәрежесі жойылды және жалпы империялық губерниялық басқаруға қолданылған 1822 жылы қырғыздарды басқару үшін сібірлік мекеме ашылды, сондықтан сонымен бірге Омбы облысы қаланды, оның құрамына өзінің басқармаларымен, приказдарымен округтарға бөлінген Ортаңғы Орда кірді. Приказдарымен округтар келесі кезекпен құрылды: 1824 ж. Қарқаралы және Көкшетау приказдары ашылды, 1831 жылы – Аягөз, 1832 жылы – Ақмола және 22 тамызда 1833 жылы – Баянауыл; содан кейін тағы да екі округ қаланды: Құсмұрын 1834 жылы және 1844 Көкпекті». « Үкіметтік бөлінуден басқа, – деп атап өтті ғалым, – қырғыздарда рулық бөлініс те бар… Қырғыздардың үшінші бөлінісі – бұл әлеуметтік бөлініс: ақсүйек және қарасүйек. Ақсүйекті тек сұлтандар ғана құрайды, моңғолдардың ұрпақтары, қырғыз даласын жаулап алғандар, өздерін Жошының ұлдары Тоқай – Темірден, Шыңғыстың немересінен бастайды. Сұлтандар пайда болғанға дейін қырғыздардың рулық князьдары билер болған, құрметті тайпалардың ру басшылары және рудың үлкен өкілдері».
Шоқан Уәлихановтың шексіз еңбек сіңіргені 1856 жылы подполковник М.М.Хоментовскийдің басшылығымен ұйымдастырылған әскери-барлау және ғылыми экспедицияға қатысуы еді. Ол Қырғызстанның географиясын, қырғыз халқының этнографиясын зерттеп, осы елді Ресей империясының құрамына енгізу мүмкіншілігі мақсатында ұйымдастырылған еді.« Екі айға созылған экспедиция көлдің солтүстік шығыс бөліктерін байқап (Ыстық көл- Қ.А.) Ақсу және Зауки өзендеріне және жергілікті жердің жобасын, екі верстік масштабтағы көлемін түсіруге үлгерді. Біз осы экспедицияға қатысу құрметіне ие болдық, – деп жазды Ш. Уәлиханов- және екі ай бойы жабайы тасты қырғыздардың арасында бола отыра, әртүрлі жақсы мәліметтер жинауға үлгердік, көбіне олардың аңыздары мен тілдерін зерттедік».
Орта Азияға саяхат кезінде жиналған материалдар негізінде ғалым кейіннен қырғыз халқының этнографиясы туралы бірнеше еңбектер жариялады. Бұл мынадай еңбектер еді «Ыстық көл сапарының күнделігі», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Жоңғария очерктері». «Қырғыздар туралы» «Қырғыздар туралы жазбаларда» Шоқан жазады: «Жабайы тасты қырғыздар өз өздерін «қырғыздармыз» деп атайды және осы атаумен барлық ортаазиялық мұсылмандар арасында танымал… Жабайы тасты, тастың артындағы эпитеттерін оларға орыстар қырғыз-қайсақтардан айыру үшін берген, сондай-ақ орфографиялық құрамын, олардың жер ерекшеліктерін сипаттайды. Қытайлықтар туземдіктердің ешқандай қатысуынсыз, оларға еш белгісіз бурут деген атауларды тағайындайды және шығыс және батыс буруттар болып бөледі». Ыстық көлге сапар кезінде ол қырғыз эпосы «Манасты» жазып алды. Осы халық өнерінің үлгісін сипаттай келе Шоқан былай деп жазады: «Манас» – бұл энциклопедия, барлық ертегілер, аңыздар, географиялық, діни, саналылық танымның және халықтың адамгершілік ұғымының біріктірілген тұтастығы жиналған, соның барлығы бір ғана батыр Манас бет әлпеті маңында топтастырылған. «Манас» – тұтас халықтың шығармасы, оның жемісі көптеген жылдар бойы пісіп жетілген – халық эпосы, бұл дала Илиадасы сияқты».
1856 жылы Уәлиханов қызметтегі ерекшелігі үшін поручик шеніне көтеріліп, Владимир лентасындағы қола медальмен марапатталды. 27 ақпанда 1857 ж. П.П. Семенов Тянь-Шаньскийдің және академик Е.И. Ламанскийдің нұсқауларымен Уәлиханов Ресей географиялық қоғамының (РГО) мүшесі болып қабылданды. Бұл Шоқанның география ғылымына қосқан үлкен үлесін мойындау еді.
ХІХ ғ. екінші жартысында Ресейдің үкімет басындағыларында көршілес азиат елдеріне деген қызығушылық күшейді. Саясимен қатар бұл экономикалық жағдайлармен де негізделді. Өнеркәсіп өндірісінің өсуі, капитализмнің кең дамуы өнімдерді шығарудың жаңа нарығын игеруді, соның ішінде, сол замандағы ең тиімді Шығыс Түркістан сияқты аймақтарды іздестіруге әкелді. Осы саяси сипаттағы жағдайлар европалықтарға жат ел туралы шынайы мәліметтерді жинау қажеттілігінен туындады. Шоқан Уәлиханов өзінің «Жоңғар очерктері» атты еңбегінде былай деп жазды: «Орта Азия алдында әлі де бір құпия перде ілініп тұрды. Екі құдыретті европалық державалардың, Ресей мен Англияның жақын көршілестігіне қарамастан, оның көпшілік бөлігі көп жағынан европалық ғылымға қол жеткіліксіз. Қоғамдағы біздің ғылыми жолдасымыз П.П. Семенов, Орталық Азия ішкі Африкадан аса зерттелген жоқ деген қорытындыға келді».
Құлжаға сапардан қызмет орнына қайтып келген соң, Шоқан Гасфорт «сарайының» маңындағы өсек, жала жабу сияқты кикілжіңдерге сооқтығысып, қоғамға деген пайда әкелетін еңбек істеуден құштарлықтарды жойды. Бұл ауыр күйзелісін Шоқан Уәлиханов Ф.М.Достоевскийге 1856 жылғы 5 желтоқсандағы жазған бір хатында былай келтіреді: «Омбы өзінің өсектерімен және кикілжіңдерімен өте жек көрінішті, – деп жазады Шоқан, – мен оны тастап кетуді ойластырып жүрмін. Сіз қалай ойлайсыз, қандай ақыл бересіз, Федор Михайлович, қалай оны жақсылап ұйымдастыруға болады».
Жауап ретінде Достоевский үлкен жылулықпен және сүйіспеншілікпен оған Омбыдан кетуден және ғылыммен айналысуды тастамауға ақыл-кеңес береді. Қазақ ғалымына арналған ұлы орыс жазушысының хаты, негізінде ғылыми қызметің бағдарламасы, оның кезеңдері және жүзеге асырудың мүмкін әдістері болып табылады. «Айналысуды тастамаңыз, – деп жазады Достоевский. – Сізде материалдар бар. Дала туралы мақала жазыңыз. Сізге Омбыда да, Петербургте де назар аударды. Сізде бар материалдармен ерекше географиялық қоғамды қызықтырушы едіңіз». Ол өзінің досына Ресейге, кейіннен шетелге оқуға баруға ақыл береді. «18 жылдан соң сіз өзіңіздің тағдырыңызды Отаныңызға ерекше пайда әкелумен орната аласыз. Мысалы, өздеріңізден шыққан алғашқылардың бірі болып Ресейде Дала туралы, оның маңызы және Ресейге қатысты сіздің халқыңыз туралы жазу, бір мезгілде орыстарда ағартушы ретінде Отаныңызға қызмет ету ұлы мақсат, ұлы іс табылмай ма. Сіз европалық білім алған алғашқы қырғыз екеніңізді еске алыңыз. Тағдыр Сізді кең жүрек берген тамаша адам қылып жаратқан… Құдай Сізге бақыт берсін». Ф.М. Достоевскийдің ақылдары мен нұсқаулары Ш.Уәлихановты өзінің ғылыми зерттеулерін жалғастыру ойларын бекітті.
Қашқарияға саяхат. 1858 жылы Қашқария кей деректерде Солтүстік Түркістан деп аталып кеткен өлкеге барған саяхаттың арқасында Шоқан талантты шығыстанушы, ер жүрек саяхатшы ретінде кеңінен танымал болды және бұл сапар оған үлкен абырой әкелді. Ұйғырлар, қазақтар, дүнгендер және қырғыздар тұратын бұл аймақты шамамен осыдан жүз жыл бұрын циндік Қытай жаулап алды, ал ХІХ ғасырдың 50-жылдары Цин империясына қарсы бас көтерулер болып жатты. Осыған байланысты қытай билігі еуропалықтардың Қашқарияға келуіне тыйым салып, бұл өлкеге келгендерді өлім жазасына кесеміз деп қорқытты. Орыс ғалымы В.П. Васильев «манчжур үкіметі Моңғолия, Жоңғария, Түркістан, Тибет және Қытай сияқты елдерге өзінің олжасы ретінде қарады және бұл мемлекеттерді қалған әлеммен жүргізілетін әр түрлі қарым-қатынастардан арашалау үшін бақылап отырды» деп жазды. Ағылшын барлау қызметінде істеген, Қашқарияға Шоқаннан бір жыл бұрын Үндістан арқылы кірген атақты неміс ғалымы Адольф Шлагинтвейт өлім жазасына кесілді. Осы ғалымның қайғылы қазасы туралы нақты мәліметті Ш. Уәлиханов алып келді.
Шоқанды сауда керуеннің құрамына жолсерік ретінде енгізу идеясын П.П.Семенов-Тянь-Шаньский ұсынды. Петр Петровичтің идеясы Географиялық қоғам мен Ресей СІМ-нің Азия департаментінде қолдау тапты. Бұл ведомствоның басшысы, атақты дипломат және ғалым Е.П. Ковалевский Шоқан Уәлихановты экспедиция басшысы ретіндегі кандидатурасын қолдады. 1857 жылдың тамыз айынан бастап Қашқарияға баруға дайындық жұмыстары жандана бастады. Сауда керуенің дайындау және оны жөнелту жұмыстарымен Семей қаласында генерал-губернатор Гасфорттың тапсырмасы бойынша оның көмекшісі К.К. Гудковский айналысты. Қашқарияға дайындық барысында Шоқан қолына түскен Шығыс Түркістан туралы барлық әдебиеттерді оқып зерделеп шықты. Ақырында, 1858 жылдың 25 маусым айында саудагер Мұсабаев жетекшілік ететін сауда керуені жолға шықты. Қашқарияға сапары жөніндегі өзінің есебінде Шоқан былай жазады: «Поручик Уәлиханов 1858 жылдың 28 маусымында Қапал қаласынан 30 верст жерде орналасқан Қарамұлы шатқалынан сауда керуенімен бірге Қашғарға аттанды және сақтық үшін қоқандық боданы Әлімбайдың атын қабылдады. Керуеннің құрамында, керуен басшысынан басқа, жеті приказчик және 34 қызметші болды, оларда 101 түйе мен 64 жылқы болды. Керуен 1858 жылдың қазан айының басында Қашғарға келді де, 1859 жылдың 11 наурызына дейін сонда болды».
Керуеннің Қашқарға келіп тұрақтауы жөнінде Л.С. Берг былай жазады: «Үш айлық жолдан кейін керуен Қашқар қаласына келді. Қашқарияда шетелдіктер осында болған уақытта уақытша некеге шариғатта белгіленген қағидалар бойынша тұра алады деген салт болды. Уәлиханов жергілікті дәстүр бойынша үйленіп, әйелінен көп мәліметтер алады. Семейден Қашқарияға келген ташкенттіктер арқылы керуенде орыс агенті бар деген сөз тарады. Сондықтан керуен барлық тауарларын сатып, үйге асықты және 1859 жылдың көктемінде 10 жарым ай жырақта жүргеннен кейін Верный қаласына оралды».
Өзінің «Жоңғария очерктері» атты еңбегінде Шоқан былай жазады: «1858 жылдың аяғында мен қоқан керуенімен бірге қоқан саудагері ретінде Қашқарға кіре алдым, мұнда атақты Марко Полодан (1272) және иезуит Гоестен (1603) кейін екі европалық қана болды: неміс, тегі белгісіз ост-инд қызметінің офицері, одан кейін оның саяхаты туралы жазба мен төтенше әуесқойлық маршруты сақталды және ғалым пруссак Адольф Шлагинтвейт. Алғашқысы Қашғарда бамбуктармен қатты соққыға жығылғаны соншалықты, екі күн бойы атқа отыра алмады, екіншісінің басы шабылып, оның басы адам бастарынан жасалған мұнараға қойылды.
Расында да, Қашқарға сапар шегу өте күрделі және қауіпті болатын. Шоқан өз өмірін бірнеше рет қатерге тікті, бірақ, бақытына орай, бәрі сәтті аяқталды. 1859 жылдың 12 сәуірінде сауда керуені Верный қаласына сәтті сапармен оралды. Күткендегідей, Шоқан шығыс қолжазбалары мен қатар, Шығыс Түркістанның тарихы, географиясы, экономикалық ахуалы туралы да материалдарды жинады. Бұдан басқа, Шоқан қызықты нумизматикалық коллекцияны, тау жыныстары үлгілері мен қолөнер бұйымдарын да жинап әкелді.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар