Коронавирус қашан тоқтайды?..

Барша әлемді жайлаған қатерлі дерт – коронавирус қазір адамзаттың үлкен бас ауруына айналып тұр. Жұқпа басталған төрт айдай уақыттың ішінде 10 миллионнан астам адам осы дертпен ауырып, жарты миллионнан астамы қайтыс болыпты. Қатерлі дерттің бетінің қашан қайтары белгісіз.

Адамзат тарихында миллиондаған адамның өмірін жалмаған жұқпалы аурулар аз болмаған. «Испан тұмауы» аталған осындай қатерлі дерттен 1920 жылы 20 миллиондай адам мерт болған екен. Ал жаңа ғасыр басталғалы бері жұрттың үрейін ұшырып, мыңдаған адамның өмірін жалмап кеткен «құс тұмауы», «шошқа тұмауы», «өкпенің белгісіз қабынуы», «эбола» сияқты дерттер дегенмен, белгілі бір аймақты ғана қамтып қоятын. Ал коронавирус деп аталған COVID-19 жұқпасы әп-сәтте барша әлемге таралып, күн өткен сайын өршіп бара жатқандай.
Бұл жұқпа туралы вирусолог ғалымдардың арасында біржақты пікір жоқ. Әркім әртүрлі айтады. Алғаш тарала бастағанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пәрменімен көптеген елдер бір мезгілде төтенше жағдай жариялап, адамдарды оқшаулау шарасына көшті. Ал ресми БАҚ адамдардың үрейін алатын ақпараттар таратып, соның салдарынан қарапайым жұрт арасында алыпқашты дақпырт белең алды. Әлеуметтік желілерде дерттің таралуына ықпал етіп, шетелге қыдырғандарды айыптап «осылардың кесірінен шыбындай қырылатын болдық» деп жазғандар да аз болмады.
Жұртты үрейлендіретін сондай ақпараттармен бірге ресейлік вирусолог ғалым, профессор Игорь Гундаров, болгариялық ғалым-саясаткер Пламен Пасков сияқтылардың «коронавирус деген тұмаудың бір түрі іспетті, анау айтқандай қатері жоқ, бұл әлем халықтарын қолдан азайту үшін Батыс алпауыттарының ойлап тапқан бактериологиялық қаруы» деген мазмұндағы пікірлері әлемуттік желілер мен Ютуб каналында кең таралды. Осыған байланысты адамдардың пікірі де екіге жарылып, біреулер COVID-19 қатерлі дерт, одан барынша сақтану қажет десе, екіншілер бұл алпауыттардың ойдан шығарған қатері аз, жасанды кеселі, олардың басты мақсаты үлкен экономикалық кризис жасау және адамдарды еріксіз егуге мәжбүрлеу арқылы жаппай бақылау орнату деген көзқарас ұстанды. Бұл көзқарастың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс – оны төреші уақыт көрсететін болады деген ойдамыз.
Бұған дейін барша әлем елдерін түгел төтенше жағдайға көшуге мәжбүрлеген оқиғаның болмағанын ескерсек, COVID-19 дертінің анау айтқандай жеңіл-желпі ауру еместігін бағамдауға болатындай. Бірақ та, жұрттың көңілінде күмән қалдырған жайларды да естен шығаруға болмас. Ең алдымен, әлемдік БАҚ неге сонша бұл дертті адамзатты шыбындай қыратын қатерлі жұқпа деп көрсетуге күш салды деген сауал алдымыздан шығады. Ауруханаға сыймаған науқастар, өлген адамдарды әскери көлікпен контейнерге салып алдында жарқырауық шамы мен дабылы бар полиция көлігімен жұрттың үрейін ала қорымға апара жатқан телесюжеттер – осылардың бәрі қарапайым жұрттың зәре-құтын қашырып, үрейлендіре түскені анық. Оған қоса, жұқпамен күрескен дәрігерлердің әлеуметтік желілерден әредік көрініп қалатын жаншошырлық пікірлері де отқа май құя түскендей болды.
Сол тұста таралған ресми ақпараттардың жалғандығын дәлелдейтін мынадай жайлар да бар. Әлгі жұқпа белең алып, адамдар шыбындай қырылып жатыр деген Италия, Испания елдеріндегі ресми дереккөзден алынған кісі өлімінің көрсеткіші бұрынғы кездегі орташа деңгейден аспапты. Мәселен, Италияда түрлі дерттерден айына 50 мыңдай, жылына 600 мыңнан астам адам өледі екен. Ал, коронавирус белең алған наурыз, сәуір айларындағы кісі өлімі көрсеткіші жылдағы орташа деңгейден кемімесе, аспаған. Испаниядағы жағдай да соған ұқсас. Ал ауруханаға адам сыймай жатыр деп ресми телеарнадан хабар таратқан АҚШ-тың бірқатар штаттарында блогерлер арнайы барып телеканалдан көрсетілген ауруханаларды көргенде, онда ешқандай дүрбелең жоқтығын, жұқпамен ауырғандарға арнап аурухана жанынан ашылған палаткалардың қаңырап бос тұрғанын көрсеткен видеоларын таратты.
Осындай кереғарлықтардың бәрі көпшілік арасында барша әлем елдерін карантинге байлаған қатерлі дерттің қатерлілігіне деген күмән туғызған еді. Әу баста осындай жұрттың арасында кереғар пікір туғызған жұқпалы дертпен күресте әлем елдері әртүрлі тәсілге жүгінгені де коронавирусқа деген көзқарастың біркелкі еместігін айғақтай түскендей. Негізінен АҚШ бастаған Батыс елдері мен бұрынғы КСРО аумағындағы мемлекеттер қатаң карантин режимін енгізу арқылы аурудың таралуын ауыздықтау шарасын жасауда. Осы дерттің отаны болған Қытай жұқпа шыққан Ухань провинциясын ғана қатаң карантинге көшіріп, айналдырған бір айдың ішінде дертті ауыздықтады. Ал Оңтүстік Корея ешқандай карантинсіз-ақ, адамдарға аурудан сақтану шараларын жасауды енгізе отырып, дерттің таралуына жол бермеді. Сингапур COVID-19-ды небары 20 күннің ішінде ауыздықтап, қатерлі дертті жеңді. Белорусь мемлекеті, оның басшысы Александр Лукашенко карантин шарасын мүлдем енгізбестен, күн сайын мыңдаған адамды тегін тестілеуден өткізе отырып, анықталған ауруларды оқшаулап емдеу жолын таңдады. Швецияның таңдаған тәсілі тіптен, өзгеше. Бұл мемлекет оқшаулау шарасын мүлдем қолданбастан, жұқпалы дертті бетімен қоя берді. Бұл елдің мамандарының пайымынша, барлық адам жұқпамен ауырған кезде ғана аурудың таралуы тоқталады және дерт анау айтқандай қатерлі емес, өлім деңгейі 1 пайызға да жетпейді.
Жұқпа тарала бастаған төрт айдан астам уақыттың ішінде өзінің беймәлімдігімен жұртты шошытқан дерт туралы біраз жайлар белгілі бола бастағандай. Ең бірінші белгілі болған жай: өлім көрсеткіші шынында да төмен, 1 пайыздың көлемінде ғана екен. Екінші белгілі болған жай: таза короновирустан өлгендер саны өте аз, негізінен вирус адам бойындағы бұрыннан бар түрлі ауруларды қоздырып, күшейтеді де, көп адамдар содан қайтыс болады екен. Үшінші белгілі болған жай: ауруды емдейтін нақты дәрі-дәрмек жоқ, қазір қолданып жатқан дәрілер топтамасы әр адамға әртүрлі әсерін тигізеді. Яғни, жұқпадан айықтыратын нақты вакцина жоқ, бәлкім ол болашақта табылар. Тағы бір белгілі болған жай: бұл жұқпа тұмау сияқты белгілі бір уақытта өршіп, содан соң жоғалып кететін маусымдық ауру емес, ақпанның ақырған аязында басталған дерт шілденің шіліңгір ыстығында да қайтпай, қайта өрши түскен сыңайлы. Бұл дерттің қашан жойылатынын ешкім дәл басып айта алар емес. Өздігінен ақырындап әлсіреп жоғала ма, болмаса шведтік ғалымдардың болжағанындай барша әлем халқы ауырып, бойларында дертке қарсы тұра алатын антитән пайда болған кезде ғана тоқтала ма, белгісіз.
Жұқпа пайда болған алғашқы кезде-ақ көп ғалымдар мен сарапшылар бұл дерт табиғи емес, лабораториялық жолмен жасалған жасанды вирус деген пікірде болған еді. Коронавирустың жұрт арасында сонша қатерлі болуының негізгі себебі де осы белгісіздігінде сияқты. Вирус қалай таралады, қалай әсер етеді, қаншалықты қатерлі – ол туралы ғалымдардың бірауызды пікірі жоқ. Міне, осындай белгісіз вирус есіктен кіріп, төрімізді жайлап, барша адамзатты әлекке салып қойды. Қазақ «бірінші байлық – денсаулық» деп текке айтпаса керек. Соңғы кезде біздің елімізде де жұқпа белең алып, өршіп кетті. Осы тұста бұрын қадірін біле қоймайтын денсаулықтың қадір-қасиетін халық анық сезіне бастағандай. Соңғы бір аптаның ішінде адамдар дәріханалардан 10 миллиард теңгенің дәрі-дәрмегін талап әкетіпті. Ол дәрінің бәрі коронавирусқа қарсы пайдаланып жүрген дәрілер.
Адамзат баласы өз тарихында талай қатерлер мен жұқпалы дерттерді бастан кешкен. COVID-19 аталған бұл дерт те тоқталар, дегенмен «бір жамандықтың, бір жақсылығы болады» дегендей, қатерлі дерттің жағымды жақтарының болғандығын да ұмытпауымыз қажет сияқты. Ең алдымен, адамдар өз денсаулықтарын сақтауға ден қоя бастады. Одан кейін, қазақты кедейшілік құрдымына құлатып жатқан ысырапшыл той-томалақтар тоқталды. Қарапайым жұрт көпшілік орындардағы қоғамдық тәртіпке ақырындап үйрене бастаған жайы бар. Көпшілік орындарда бетперде тағу, ара қашықтықты сақтау сияқты ережелер санамызға берік сіңіп барады.
Сонымен, коронавирус қашан тоқталады? Бұл сауалға медицина саласының білгір мамандары мен сарапшылары нақты жауап айта алмай отыр. Дегенмен, ғалымдар айтпаған болжамды көріпкелдер батыл жариялауда. Қазақстандық бір көріпкел әйел жұқпалы дерт шілденің ортасына қарай өз-өзінен жойылып кетеді десе, тағы бір көріпкел тамыздың соңында ауру тоқталады деп болжам жасады. Олардың болжамы қаншалықты шындыққа жанасымды, оны уақыт көрсетер. Десе де, қазақ «жақсы сөз жарым ырыс» демей ме. Барша әлемді әуре-сарсаңға салып қойған қатерлі дерт тезірек тоқтасын деп тілейміз.
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар