Біздің заманымыздың нағыз ері

13 шілде – елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланған болатын. «Қарусыз майданда» – коронавирус індетімен күресте алғашқы күндерден-ақ алғы шепте адамдардың денсаулығы үшін аянбай еңбек етіп, өз өмірін құрбан еткен қаһарман дәрігерлер ақмолалық Олег Исаев пен ақтөбелік Қалихан Қозбағаровқа жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, Алтын жұлдыз бен «Отан» ордендері тапсырылатын болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілде – жалпыхалықтық аза тұту күні коронавирус індетімен күресте өз өміріне қауіп төндіріп, қайтыс болған ақмолалық және ақтөбелік дәрігерге «Қазақстанның еңбек ері» атағын беру және Алтын Жұлдыз бен «Отан» орденін тапсыру туралы Жарлыққа қол қойды.
Олег Николаевич Исаев Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасының бөлімше меңгерушісі, анестезиолог, реаниматолог дәрігері болды. Ол 1967 жылы Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында дүниеге келген. 1994 жылы Семей мемлекеттік медициналық институтын тәмамдаған. 2000 жылдан бастап, осы күнге дейін Көкшетау қалалық ауруханасында еңбек етті. 2008 жылы анестезиология және реаниматология бөлімшесіне меңгеруші болып тағайындалды. Ол Қазақстанның ең үздік он анестезиологтарының бірі болды.
Әлемді дүрліктірген COVID-19 жұқпасымен күреске алғашқы күндерден-ақ білек сыбана кіріскен. Ол Көкшетау қалалық ауруханасының базасында коронавируспен күресу мақсатында ашылған провизорлы, кейіннен жұқпалы аурулар бөліміне ауыстырылып, өмірін қатерге тігіп, еңбек етті. Күніне 12 сағаттан астам уақыт жұмыс орнында жүріп, бар күш-жігерін науқастарды ажал тырнағынан алып қалуға жұмсады. Бірақ, өз өмірін сақтап қала алмады. Коронавирус індеті оның да ғұмырын қиып әкетті.
«Әрбір науқас үшін уайымдап, тәж-тажал алып кеткен марқұмдарды ойлап, өзі де психологиялық стреске ұшырады, бұл оның өз организмін қорғап қалуға мүмкіндік бермеді» дейді әріптестері.
Олег Исаев медицина саласындағы ұзақ жылдар бойғы еңбегі үшін 2010 жылы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласының үздігі атанған болатын. Бар өмірін адамдардың денсаулығын сақтап, ажалдан арашалауға арнаған дәрігерге бұл лайықты құрмет екені анық және оның ерлік ісі халықтың есінде сақталатын болады.

Ырысалды ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар