Заңсыз өнім опық жегізді

Жақсы ауданында заңсыз цехта жасалған сурагатты ішімдіктен 12 адам көз жұмды. Бұл улы өнім адам өміріне өте қауіпті. Жергілікті әкімдік пен полиция қызметкерлері өңір тұрғындарын улы ішімдік жайлы жаппай ескертіп жатыр.  

Аталмыш улы өнімнен Жақсы ауданында 22 азамат уланыпты. Өкінішке орай, оның он екісі жоғарыда атап өткендей жан тәсілім еткен. Аудандық полиция мен жергілікті атқарушы билік өкілдері қауіпті ішімдікті анықтауға және тұрғындар арасында ақпараттық жұмыс жүргізуге бағытталған іс-шаралар кешенін қолға алған.
–Бұл қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасуда. Өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық ауылдық округтер мен елді мекендердің көшелерінде дыбыстық хабарландыру, сақтық шаралары бойынша үндеу жарияланды. Әлеуметтік желілерге жазбалар таратылып, әр аулада ескерту жүргізілуде. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әкімдік мамандары бірлесіп, өңірдегі дүкендер мен өзге де кәсіпкерлік нысандарына рейд ұйымдастыруда. Бұл шара барысында бизнес өкілдеріне заңсыз спиртті өнімдерді саудалаудың салдары айтылып, сурагатты ішімдікті анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде, дейді Жақсы ауданы әкімінің орынбасары Ләззат Сейдахметова.
Тергеу нәтижесінде 1990 жылы туылған Атбасар қаласының тұрғыны Петропавлдан 5 тонна этил спиртін сатып алып, заңсыз ішімдік өндірген. Зиянды өнім Атбасар, Жақсы аудандары мен Қостанай облысының Арқалық қаласына саудаланған.
–Ем қабылдап жатқаныма 4 күн болды. Сапасыз ішімдіктен уланып, жағдайым нашарлап кетті. Тіпті, о дүниеге аттанып та кете жаздадым. Өңір тұрғындарына абай болыңыздар дегім келеді, –дейді Жақсы ауданының спирттен уланған азаматтардың бірі.
Атап өту керек, Арқалық қаласында қауіпті улы ішімдіктен 13 адам қайтыс болыпты.
Құқық қорғау органдарының өкілдері тауарлық белгісі жоқ 5 литрлік полиэтилен торсыққа құйылған ішімдіктерді тұтынбауды және мұндай өнімге тап болып жатса, полицияға хабарласуды сұрайды.
Ырысалды ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар