Жалақы қарызы азайып келеді

Жалақы қарызы азайып келеді

Адамдардың табан ет, маңдай терімен тапқан жалақыларын уақытында  ала алмау жағдайлары өкінішке орай, облысымыздың әр өңірінде кездесіп қалады. Осындай заң бұзушылыққа орай прокуратураға шағымданатындар қатары азаймай отыр.

Степногорск қаласының прокурорына шағымданған «Шестой СТ» өндірістік кооперативінің өкілдері құзырлы орган тарапынан жасалып отырған заңсыздыққа байланысты жалақы төлей алмай отырғанын мәлімдеді. Кәсіпорын басшысын қайта сайлауға байланысты оны қайта тіркеу қажет болған. Бірақ құзырлы органның қырсыздығынан қайта тіркеу созбалақтанып, соның салдарынан кәсіпорында еңбек ететін 25 адам бірнеше айдан бері жалақыларын ала алмаған. Қала прокуратурасының араласуымен бұл мәселе бір-ақ күннің ішінде шешімін тапты. Осы арада «егер прокуратура араласпаса, кәсіпорын қайта тіркелмей, оның қызметкерлері айлап, жылдап жалақы алмай жүре бере ме?» деген сауал туындайды.

Биылғы жылдың басында облысымызда түрлі мекемелерде еңбек ететін 1 мыңнан астам адамға 220 миллион теңге жалақы қарызы болған екен. Прокуратураның араласуымен қазіргі күні жалақыларын ала алмай жүргендер  саны 100-ге дейін азайып, жалақы қарызының мөлшері 15 миллион теңгеге дейін қысқарған. Прокуратура бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруда.

Қ.КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.

 

 

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *