Әр ашық сәттің нарқы қымбат

Облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Кеңес жұмысына облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихат хатшысы, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, аппарат қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Кеңесте облыс әкімі алдымен, жиналғандарға өз өкімімен жаңадан тағайындалған сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы – Ақмола облысының бас мемлекеттік құрылыс инспекторы Нұржан Мерекеұлы Мұқановты, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Амангелді Халауденұлы Смаилов пен облыстық мұрағат және құжаттамалар басқармасының басшысы Мәрзият Юсупқызы Тохаеваны таныстырып, жауапты қызметтеріне табыс тіледі. Бұл басшы кадрлардың бәрі өз облысымызда бұған дейін де әртүрлі лауазымды қызметтер атқарып, өздерін жақсы жағынан көрсете білген жандар.
Бұдан кейін кеңестің күн тәртібіндегі негізгі мәселелер қаралып, әуелі өңірімізде басталған жауапты науқан – егін орағының барысы сөз болды. Бірқатар жерлер егіннің пісуін тосқанымен, іріктеп ору күн санап күш алып келеді. Сондықтан, қазіргі ең басты міндет – ауа райының әрбір ашық сәтін тиімді пайдаланып, жерден өнгенді қысқа мерзімде шашпай-төкпей жинап алу. Бұл орайда, облыс әкімі тиісті орындарға орақ барысы
туралы жедел мәліметтің күнбе-күн дәл түсіп отыруын қадап тапсырды.
Облыста салық және салық төлемдерін жинауда да кейбір мәселелер туындауда. Әсіресе, болжам бойынша нақтылық жоқ. Бюджеттің шығыс бөлігімен де солай. Облыс оны 98 пайызға орындап отыр. Алайда, әлі 3 конкурс өткізілмеген. Оның екеуіне Бурабай ауданында жол берілген. Осы олқылықтарға тоқтала келе, облыс әкімі өз сөзінде қысқы жылу беру маусымына дайындық барысына да ерекше екпін берді. Есіл, Атбасар аудандары мен Көкшетау қаласында әлі кей қазандықтар жұмысқа әзір емес. Ал, қысқы отынның екі айлық қорына келсек, ол тапсырма бірқатар аудандарда 81-50 пайыздың аралығында ғана орындалған көрінеді.
Жер-жерде өткен жылдары берілген жылудың қарызын жинау да маңдымауда. Қала, аудандар бар, бұл қарыз 1 миллиард 300 миллион теңге күйінде қалып отыр. Сондықтан, облыс әкімінің екі аптадан қалдырмай, қысқы отынның екі айлық қорын жасау, қарыздарды қайтарумен тығыз айналысу жөнінде берген тапсырмалары ендігі арада бұлжытпай орындалуы тиіс.
«Ұйқы» ауруы алаңдатқан Калачидің тұрғындарын басқа елді мекендерге көшіру барысында, онда бұрын басталып қойған бес үйдің құрылысын қайта жалғастыру жайында мүлдем ой болмауы керек. Қайта ол үйлердің құрылыс жабдықтарынан сол калачиліктер үшін басқа жерлерде баспана тұрғызған тиімді. Оразақтағы жағдай тұрақталып келеді. Білім күні мектеп ашылды, енді осы айда тұрғын үйлерді тездетіп пайдалануға беруді ойластырған жөн. Үйдің ішкі әрлендірілуін, басқа жұмыстарды қолы білетін мамандар атқарып, сол үйге қоныстанатын тұрғындар тек оларға көмектесулері керек. Себебі, жай халықтан да, мамандардың өздері атқарған іс қашанда сапалы болады.
Аппарат кеңесінде тиісті басқарма басшыларына ағымдағы мәселелер бойынша басқа да тапсырмалар беріліп, міндеттер жүктелді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар