Есілде жұқпалы дертке қарсы стационарлар жұмыс істеуде

Ақмола облысындағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты бірқатар аудандық ауруханалардың базасында коронавирусты емдейтін бөлімшелер ашылғаны белгілі. Бүгінде Есіл аудандық ауруханасында да COVID-19 вирусы лабораториялық расталған науқастарды және осы ауруға күдікті, яғни, пневмониясы бар науқастарды жатқызатын жиырма орындық инфекциялық және жиырма орындық провизорлық стационарлар жұмыс істеуде.

Есіл аудандық ауруханасының бас дәрігері Дастан Асанұлының айтуынша, инфекциялық стационар маусым айының басында ашылған. Қазіргі таңда онда екі дәрігер, алты мейірбике, алты санитар қызмет атқаруда. Шілде айында жұмысын бастаған провизорлық стационарда да осынша маман бар. Провизорлық стационар науқастарға лық толы. Ал, инфекциялық стационарда 14 науқас ем қабылдауда.
Мұнымен қатар, үйлерінде амбулаторлық ем қабылдап жатқан коронавирусқа күдікті науқастар да бар. Дастан Асанұлының айтуынша, ауданда коронавирусқа шалдыққан науқастардың жағдайы орташа. Қазіргі таңда ауыр жағдайда жатқан науқастар жоқ. Өкінішке орай, оның алдында провизорлық стационарда жағдайы күрт нашарлаған бір науқас қайтыс болыпты. Пневмония диагнозымен осы ауруханада лаборант болып істеген зейнеткер көз жұмған екен.
– Елімізде эпидемиологиялық жағдай күннен күнге күрделеніп бара жатқаны жасырын емес. Ауданымызда пневмонияға шалдыққан науқастардың саны көбейді. Пневмониясы бар науқастарда коронавирус көрсетпейтін жағдайлар кездеседі. Бірақ, түптің түбінде бұған коронавирус пандемиясының әсері бары анық. Себебі, осыған дейін елімізде пневмонияның бұлай көбейіп кету деректері тіркелген емес. Қазір бізде сондай біраз науқас үйлерінде ем қабылдап жатыр. Ауруханада дәрі-дәрмек жеткілікті. Қызметкерлеріміз обаға қарсы костюмдермен қамтамасыз етілді. Үйде емделіп жатқан науқастарды қарау үшін, қызуы бар науқастарды тексеру үшін де ақ халаттылар обаға қарсы костюмдермен барады. Провизорлық стационарда екі, инфекциялық стационарда бір өкпені жасанды желдету аппараты бар, – деген бас дәрігер аудандық аурухана жанындағы емханада мобильдік бригадалар ашылғанын, олар тек қана қызуы бар науқастарды қарайтынын және пневмонияны амбулаторлық деңгейде емдеумен айналысатынын айтты. Індет таралып жатқан кезеңде есілдік жалпы тәжірибелік дәрігерлердің де жүктемесі артқанын айта кетуіміз керек. Ақ халаттылар жарғақ құлақтары жастыққа тимей, уақытпен санаспай қызметтерін атқарып, науқастардың тез жазылып кетуі үшін қолдан келгенше тырысып бағуда.
Өкінішке орай, инфекциялық бөлімше меңгерушісі Ольга Кузнецованың коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдеу барысында өзі де індет жұқтырып, қазір екі өкпенің пневмониясы диагнозымен ауруханада жатқанын әңгіме барысында білдік.
– Білікті дәрігер Ольга Алексеевнаның ауруханамызда жұмыс істеп келе жатқанына 25 жылдан асты. Кезінде еңбек жолын педиатр дәрігер болып бастаған. Қазір инфекционист дәрігер. Коронавируспен күрес мақсатында инфекциялық бөлімшенің ашылуына өте зор үлесін қосты. Әріптесіміздің тез сауығып кетуіне тілектеспіз. Пандемиямен күреске жанын салып жатқан барша әріптестеріме зор алғысымды айтқым келеді. Отбасын, бала-шағаны қалдырып, күні-түні ауруханада жүру оңай емес екенін білеміз. Қазіргі таңда стационарларда жұмыс істеп жүрген қызметкерлеріміз үйлеріне бармай, әкімдік арнайы бөлген балалар үйінің жатақханасында қонып жүр. Өмір мен өлім таразы басына түскен қазіргідей қиын кезеңде адам жанының арашасына айналған ақ халаттыларға денсаулық, жауапты қызметтерінде табыс тілегім келеді. Індеттен құтылып, еркін тыныстайтын күн жақын екеніне сенейік, соған ел болып атсалысайық, – деген Дастан Асанұлы телефон желісі арқылы өрбіген әңгіме барысында инфекциялық және провизорлық стационарларда коронавирусқа қарсы шараларға жұмылдырылған және қазір де сонда еңбек етіп жүрген Ольга Кузнецова, Наталья Тустановская, Айгүл Ерденова, Гаухар Рамазанова, Гүлжан Қатиева, Екатерина Шлегель секілді дәрігерлердің есімдерін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, бас дәрігер тұрғындарды санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырып, карантин кезінде үйде оқшаулануға, адам көп жиналатын жерлерге, той-томалаққа, отырыстарға бармауға және дүкенге кіргенде қолдарын жиі-жиі антисептикпен уқалауға, дене қызуы көтеріліп, дәм, иіс сезбеу белгілері пайда болса, дереу учаскелік дәрігердің көмегіне жүгінуге кеңес берді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Есіл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар