Бір үлгідегі мектеп киімін кию талап етілмейді

Биылғы жаңа оқу жылының оқыту форматы үш нұсқада дайындалып жатыр. Ал, оқушылар мектеп формасы болмаса, классикалық стильдегі қолы жеткен киімдерін киіп баруларына рұқсат етіледі.

Биылғы жыл еліміз үшін ауыр да күрделі болып отыр. Қытайдан бастау алған індет мемлекет дамуының қай саласына болмасын, түрлі өзгерістер мен ауыртпалықтар алып келді. Наурыз айынан бастап мектеп оқушылары қашықтықтан оқып, соңғы тоқсанды әупірімдеп бітірді. Бұл өзгеріске Білім және ғылым министрлігі де дайын болмағандығын мойындады. Қаншама шалғай елді мекендерде сабақ жүргізу Интернет пен компьютер құралдарының болмауынан қиындады. Сондықтан, ұлттық бірыңғай тестілеу мен мектеп бітірушілердің мемлекеттік емтихандарына да біраз өзгерістер енгізілгендігі белгілі.
Алда жаңа оқу жылы келе жатыр. Елімізде коронавирус індетінің екінші толқыны үдеп барады. Оқу жылына министрлік барынша дайындыққа кірісіп кеткен. Елдегі эпидемиологиялық ахуалға қарамастан жалпы білім беретін мектептер өз жұмысын қыркүйек айында бастамақшы.
– Қазір жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл тұрғыда Білім және ғылым министрлігінің жалпы жоспары бар. Күрделі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, біз әу бастан үш негізгі нұсқаға дайындалдық. Болжамымыз дұрыс болып шықты», – дейді министр Асхат Аймағамбетов онлайн форматта өткен тілшілермен кездесуінде.
Министрдің айтуынша, осы үш бағыт бойынша дайындық жұмыстары басталған. Бірінші нұсқа – қашықтықтан оқыту.Бұл нұсқа таңдалған жағдайда, шалғай орналасқан Интернетсіз елді мекендерден басқалары қашықтықтан оқытылады. Екінші нұсқа – іштей және қашықтықтан оқыту. Бұл жағдайда санитарлық талаптар қойылады, яғни, мектептерде міндетті түрде термометрия, санитайзерлер болуы тиіс. Әлеуметтік арақашықтық сақталып, сабақтар қысқартылады. Кабинеттік жүйелер алынады. Үшінші нұсқа – штаттық режимде қатаң санитарлық шектеу шаралары сақтала отырып, сабақты жалғастыру.
–Бұл нұсқада балалар іштей оқиды, қоңырау арасы қысқартылады, сыныптардың толымдылығы мен ауысым, кабинеттік жүйелер, асханаға бару секілді шараларда қатаң шектеулер қойылады, – деді министр.
Сонымен бірге, мұғалімдерге арналған курстар да дайындалуда.
Жалпы, қандай нұсқа таңдалса да, мұғалімдер дайын болуы тиіс, әрі соған жаңа дағды керектігі анық. Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мектептердің алдағы жаңа оқу жылына дайындығын пысықтаған болатын. Әкімдіктер жаңа оқу жылына жедел дайындалып, мектептер мен жекелеген мұқтаж отбасыларды қажетті техникамен жабдықтауға тиіс. 1 қыркүйекте жаңа оқу жылы басталады.
Сонымен бірге, биылғы жаңа оқу жылында мектеп формасын міндетті түрде кию туралы талап қойылмайды. Бұл өте дұрыс шешім екендігін ата-аналар да қолдап отыр. Қазіргі карантиндік шектеулер кезінде жұмыстары тоқтап қалған кейбір отбасылар үшін оның ауыр тиетіні анық. Әсіресе, көп балалы отбасылар үшін мектеп формасын сатып алу мәселесі өте қиын болатыны белгілі.
–Мұнымен мектеп формасын кию деген түсінік ешқайда жоғалып кетпейді. Бірақ, біз мектеп формасына қатысты бұйрыққа арнайы тармақ енгіземіз. Яғни, төтенше жағдай, карантин, шектеу шаралары мен басқа да жағдайларда оқушыларға қолында бар классикалық киіммен келуге рұқсат етіледі. Ал, форма сатып алып қойған оқушылар болса, оларға кимеңдер деген шектеу қойылмайды,– деді Асхат Аймағамбетов.
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар