Жағдай әлі де күрделі

Облыста қазіргі уақытта коронавирус індеті бойынша эпидемиологиялық ахуал әлі де күрделі.  17 шілдеге дейін лабораторлық жолмен COVID-19 жұқпасы анықталған 1857 оқиға тіркелді. Олардың 673-інде індет белгілері бар болса, 1184 науқаста жұқпалы дерт білінбей өтуде. Осы уақытқа дейін аталмыш вирустан 24 адам қайтыс болды.

Бұл көрсеткіштер үш жолмен анықталып отыр. Мәселен, 772 адам індетке шалдыққан науқастармен тығыз қарым-қатынаста болғандар, 646 адам медициналық ұйымдарға өздігінен келіп қаралған, 429-ынан індет скринингтік тексеріс кезінде белгілі болды. Облыста бір тәулік ішінде кеше лабораторлық жолмен 45 оқиға анықталса, оның 24-і симптомсыз науқастар. Күнделікті өсім 2,5 пайызды құрап отыр.

Өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың 10-16 шілде аралығындағы бір апталық қорытындысы бойынша, онда 276 оқиға тіркеліп, орташа өсім 2,3 пайызды құраған, яғни 100 мың адамға шаққанда, әрбір 37-ші адам індетпен ауыруда деген сөз. Өткен аптамен салыстырсақ, індет жұқтыру көрсеткіші 1,2 есеге артып отыр.

Аймақтарға бөліп қарастырсақ, осы аптада Зерендіде науқастар саны 2,5 есеге, Көкшетауда 1,5 есеге, Аршалыда 1,4 есеге дейін өскен.

Елдегі ахуал күн сайын қиындап бара жатқаны белгілі. Көрсеткіш саны сағат сайын өсуде. Сондықтан, жерлестеріміз карантин талаптарын қатаң сақтауы қажет. Қаншалықты әкімшілік айыппұлдар салынып, адамдарды жауапкершілікке тартып жатса да, халқымыз тығылып той-томалақ, құдалық өткізу дегенді қоймай келеді. Ас беру, бата жасату дегенді де қазір қоя тұрған абзал. Бұл талаптардың барлығы өздеріңіз бен жақындарыңыздың амандығы, індеттің таралмауы үшін жасалып жатқан шаралар. Сондықтан, адамдар көп шоғырланатын жерден аулақ болуға, қоғамдық орындарға бармауға тырысқанымыз дұрыс. Санитарлық талаптарды өзімізден бастап сақтайық, ағайын!

Ырысалды ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар