«Көз жастарыңды көрсетпеңдер, менде ешқандай уайым жоқ! Тағдырыма ризамын!»

Коронавирус індеті жұғып, бір апта дене қызуы көтеріліп, халі нашарлаған шақта «Дүниеден өтер болсам, жаназамды бауырым, ұстаз Теміржан қари шығарсыншы, ал, жаназа батама жиналған қаражатты жеке баспанасы жоқ, көп балалы отбасы, мешіт қызметкері Ертай Қапаровқа беріңдерші! Көз жастарыңды көрсетпеңдер, менде ешқандай уайым жоқ. Тағдырыма ризамын!» деп ауруханаға бара жатып, жан-жарымен, балаларымен бақұлдасып, өз өсиеті мен аманатын айтып кеткен аяулы азамат Ербол Шәкіров те бақилық болып кете барды.

Кеше Алатау баурайындағы Шамалған ауылындағы «Үш қоңыр» медресесінің директоры Абзал Амиров арнайы ұшып келіп, Ерболдың отбасына көңіл айтты. Діни медресені бітіргені жөнінде дипломды сексендегі кәрі анасына табыс етті. Жанарына жас толған абзал ана «Үш қоңыр» медресесінің басшыларына өзінің ақ алғысын айтты.

…Жабал ағамыз хабарласып, әлеуметтік желідегі Ербол Шәкіров жайлы жазған жазбамды оқып, осы бір аяулы азамат жайлы мақала дайындап беруімді өтініш етті. Газеттен қол үзіп кетсем де, жазушы ағамыз осындай толғаныс мақалалар жазғанымды қалап тұрады. Қуанып кеттім!..
***
…Біз пешенемізге жазылған өмір сызығы қашан келерін білмегесін пендешілікке көп салынамыз. Адамды қалтасындағы бірнеше дипломымен бағалап, оның лауазымына қарап бас ұрамыз. Елге, жұртқа титтей қызметіміз тие қалса, сөзіміз көпіріп мақтанамыз. Басқалар да өзімізді мақтағанын қалап тұрамыз. Шынында, өмірдің өзегі, ғұмыр жолдың бар тағылымы осы ма еді?!
Ал, өз ортамызда жоғары оқу орнының дипломы да жоқ, биік лауазым да атқармайтын, бірақ, өзінің көркем мінезімен елдің сүйіспеншілігіне бөленген жандардың бар екенін ұмыт қалдырып жататынымыз да рас. Көзі тірісінде ондайларды көзге ілмейміз, көрсек те көрмеген боламыз.
Ербол Шәкіров деген қырықтың үстіне енді ғана шыққан азаматтың ауыр індеттің қыспағына түсіп, бақиға аттанып бара жатып жасаған өсиеті бізге көп ой салды. Өлімді де қасқайып қарсы алғаны жүздердің ойын қозғап, мыңдардың жанын мұңға бөледі. Өзінің о дүниелік болатынын осынша сабырмен күту үшін де үлкен жүрек керек-ау. Бір апта дене қызуы көтеріліп, халі нашарлаған шақта ауруханаға аттанып бара жатып, жан жарымен, балаларымен бақұлдасып тұрып: «Дүниеден өтер болсам, жаназамды бауырым, ұстаз Теміржан қари шығарсыншы, ал, жаназа батама жиналған қаражат жеке баспанасы жоқ, көп балалы отбасы, мешіт қызметкері Ертай Қапаровқа беріңдерші» деп өсиетін аманат еткен екен.
«Көз жастарыңды көрсетпеңдер, менде ешқандай уайым жоқ. Тағдырыма ризамын» деп үйінен ауруханаға аттанып жүре береді.
Алласымен қауышатынын қалай сезді екен, Ербол бауырымыз. Қанша ауырсаң да, өлім аузында жатсаң да, бақи өмірді ойға алуға қорқар едің ғой. Қыршын кетіп бара жатып, өз тағдырына риза көңіл танытқан Ербол бауырымыз тақуаның тақуасы демеске амалың жоқ. Шынында, ол көркем мінездің иесі еді…
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы, белгілі қаламгер Ағабек Қонарбайұлы осы жайлы өз жазбасында былай деп толғанады: «…Кейде бірдің қазасы мыңға сабақ боп жатады. Ол өз өлімі арқылы өнеге қалдырып кеткендей. Өзіне тиесілі соңғы қаражатын тумаса да туғандай болып кеткен Ертай бауырына беруді аманаттап, қырықтың қырқасына жете бергенде ризалықпен Раббысына кете барыпты…»
…Жаназасына барып, бір уыс топырақ салдық. Жанарымызды жас жуып, жүрегіміз жылап қайтты. Асылыңнан айрылғанда қабырғаң қайысып, жүрегің қан жылайды екен-ау.
Иә, өмір бар да, өлмек те бар. Қырық жас ғұмырында қаншама адамға жақсылық жасап, барын да, жанын да аямаған азамат еді. Шариғатта да ең асылыңды мұқтаж ғып сұрап келгенге қия білу нағыз тақуалықтың белгісі деп жатады. Айтыңыздаршы, осындай бір бұйымыңызды біреу қолқаласа бере алар ма едіңіздер. Қиналарыңыз хақ қой. Ал, Ербол бауырымыз басқаның қуанышын өзінен де жоғары қоя білген асыл азамат. Ол осы көркем мінезімен әрқайсымыздан бөлек жаратылған ба деп қаласың.
Қанат имам Қыдырмин өзінің толғаныс сөзін кеше әлеуметтік желіде жазған еді. Содан бірер мысал келтіріп көрейінші: «Біз Көкшетаудан тоқсан шақырымдай жердегі Мәдениет деген қазақ ауылынанбыз. 1996 жылдың жазында Көкшетаудағы қалалық мешіттен намаз үйреніп, өзімнен бес жас үлкен болса да, сырлас, дос болып жүрген ауылдағы Ербол ағама келіп: «Мен намазға жығылдым, бірге намаз оқиық» дегенде ол кідірместен «дәрет алуды білесің бе?» деп бірден құман алып, алғашқы дәретін алып, намазды екінтіден бастаған еді. Содан бері Аллаға шүкір өмірде жұбымыз жазылмады. Әрқашан бірге болдық. Алла мен Оның елшісі ардақты пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанынан жақсы көрген аяулы ағамның адамдарға беймәлім, басқаға ғибрат болсын деген ниетпен бірер амалын жария ашқым келіп тұр.
Имам Ахмадқа бір адамды мақтағанда ол: «Тұра тұр сен әлі оның өмірі немен аяқталатынын білмейсің ғой» деген екен. Өмірінің соңына дейін Алла білсе жеткілікті деп жасырын ізгі амалда болған бауырымның жақсылықтарына Алла алдында куәлік етемін!
Ербол бауырымыз бірде Көкшетаудың көшесінде келе жатып, үсті-басы тозған, араққа салынып ашық қалған дәліз бен жылу құбыры өтетін жертөледе түнеп жүрген жас кезіндегі таныс жігітті көреді. Жанашырлық танытқанымен ол бас тартып, өз жөнімен жүретіндігін білдіргенде қағазға телефон нөмірін жазып: «Кез-келген уақытта хабарлассаң мен саған келемін, жәрдеміңде боламын» деп қолына ұстатады.
Алланың қалауымен арада екі жыл өткенде ағамызға біреу телефон салады. Жылаған дауыс: «Ербол мен пәленше жердің аялдамасының жанында мейірімді бір апайдың телефонынан хабарласып тұрмын. Мені мынадай өмірден құтқаршы!» деп жалынады ол.
Ербол жаңағы айтқан жерге жетіп, үйіне әкеліп, жуындырып, киіндіріп, жанында айлап, әрдайым алып жүріп, имандылыққа тәрбиелеп, кейіннен одан күдер үзген отбасымен қайта қауыштырып бүтініндей ғұмырының өзгеруіне себепші болады».
Міне, Қанат имамның жазған бір хикаяты осы еді. Жанынан жаман иіс сасып тұратын ондай бейшара адамдарды жақын тартуға да мейірбан мінез керек шығар. Адамдардың бәрін алаламай, жүрегін жұлып беруге Ербол сияқты жүрегі жұмсақ, жаны нәзік адамдарға дайын болары хақ.
Оң қолымен берген садақасын сол қолына көрсетпейтін нағыз мұсылман бәлкім осы Ерболдай-ақ болар. Неге біз ондаған жылдар жанында жүріп, оның осындай жасырын амалдарын бір мақтанып ауызға алғанын көре алмадық. Тақуалық адамға жоғары біліммен емес, қарапайым көркем мінезбен келеді екен ғой. Иә, Ербол жоғары білім іздеп оқу орындарының табалдырығын тоздырған емес. Бірақ, ауылдағы абыз ақсақалдардың иман мектебін санасына түйіп өскен жігіт. Ал, асыл анасы да Мәдениет ауылының бір сыйлы тұлғасы еді. Ол жайлы Қанат Қыдырминнің жоғарыдағы жазбасында әсерлі айтылады. Құлақ түріп көрейікші:
«…Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жәннәттің есігін бірінші болып мен ашамын. Алайда, менімен бірге есігінің тұтқасына таласатын әйел адам болады. Мен одан «сен кімсің?» деп сұрайтын боламын. Ол: «Күйеуім қайтқаннан кейін тұрмысқа шықпай, олардың намысы үшін сабыр етіп, балаларымды иманмен тәрбиелеген анамын» дейді екен.
Хадисте айтылғандай Ербол ағамыздың анасы Үмітжан апамыздың жан жары Айтқожа ағамыз дүниеден ерте озған соң сегіз баланы тәрбиелеп, бүгінде сексенге келіп, құлшылығын үзбей орындап келе жатқан батыр ана. Бірде елдегі бір ағамыз: «Өмірде қатты шыққан бір «әй» деген дауысыңды ести алмай кетіп барамын» деп апамыздың мінезінің көркемдігіне баға бергенін естіген едім. Иә, расында да, ол кісіні танитын барша жұрт осылай куәлік етеді. Ұл-қыздарының баршасы имандылықта. Бір ұлы елдегі мешітке ұйытқы болған, бүгінде дін қызметкері, ұстазымыз Нұридден аға. Ал, Ербол аға үйдің кенжесі.
Әскерден келген кезі. Күш қайрат, жігіттік мінезі бар шағында анасы: «Балам, саған өмірлік жар таңдадым, қалай қарайсың?» дегенде, көңіл қалауынан ананың таңдауын жоғары қойып, құп көріп, Құралай жеңгемізбен отасады. Ана таңдауы қателеспеді, шаңыраққа береке тағы келеді. Аналарын алақандарында ұстап, желіге салар сурет пен бейнебаянсыз аяғын бірге жуды. Бүгінде сындар айтылып жүрген келіндік рөл, адал жар, салиқалы мүмін әйел сипаты бойынан табыла білді.
Ербол ағамыздың шаңырақ көтеріп, үй тұрғызған жігіттерге қол ұшын бермегені некен-саяқ дерсің. Қаншама адамның алғысын алып, ризашылығына бөленді. Бірде бір сақаба ықыласты, салиқалы табиғинның ізгі амалдарын көріп, тамсанып: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көргенде жақсы көріп кетер еді» деген екен. Сақаба Ербол аға сияқты мұсылмандарды меңзесе керек.
Бір хадисте: «Кім Раббы ретінде Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), дін ретінде исламға ризамын десе, жәннәт уәжіп болады» делінген.
Мына жаман індет ең аяулы жандарымызды қармағына салып, тұңғиыққа әкетіп жатқаны қандай ауыр еді. Ерболдың талықсып, өмір мен өлім белдесіп жатқан бір шағында қалта телефонына жазған соңғы жазбасы мынау еді: «Еш уайым жоқ. Тек қуану мен ризалық қана».
Шіркін, кей дәрілер Көкшетаудан табылмай, елордадағы бауыр інісі Қанат Қыдырмин жер-көктен іздеп, Ерболды өлім аузынан алып қаламын деп шарқ ұрғанын естігенде сызығының жеткен жері осы болды ма деп қаласың. Дәрілер Көкшетауға жеткенде ол мәңгілік ұйқыға бөленген еді.
Өзімізден жасы кіші болса да, үлкен ағаңдай қорғанышымыз еді. «Аға, сіз ел алдында жүрген адамсыз, мерейіңіздің өскенін қалаймыз. Қазақтың қамы бәріміздің бір бүйірімізде. Ертеңгі күніне қатты алаңдаймыз. Біз де елдің бір қажетіне жарасақ етті» дейтін ол.
Өткен жылы қазақтың көне «Елтірі», «Шалма лақтыру» және тағы басқа ұлттық ойындарын қайта тірілтіп, додалы жарыс өткізгенде жанымнан табылып, жігіттерді ұйымдастырып, осыған ұйытқы болған еді. Сол жолы әке мен ұл баланың арасындағы ұлағатты сабақтастыруға идея айтқан да осы Ербол бауырым еді. Қарапайым ауыл баласының елдің болашағы, ұрпақ тәрбиесі жайлы толғанатыны шынымен даналықтың кенін қопарғандай көрінетін.
Көкшетаудағы көп жігіттер оның шәкіртіне айналды. Оларды санамаласаң, қызметтері де әр салалы еді. Бірі дәрігер, енді бірі мұғалім, шенді офицер ұдайы Ерболдың жанынан табылатын. Ерболдың ақылымен шама-шарқы келмей жатқан жандарға тегін үй тұрғызып, басқа да шаруаларын істеп беретін. Егер біреуге осындай мейірбан көңілмен асарлаудың өнегесі қайсы десе, Ерболдың осы ұлағатын ауызға алар едік.
Ол Қанат Қыдырмин, Серік Халық сынды имамдардың жанашыр ағасы еді. Қаншама адамдарды имандылыққа ұйытты. Дінді де, ұлттық мүддені де жадында берік ұстай білді.
Биыл қырық бес жасқа толғанда Шамалғандағы «Үш қоңыр» медресесін бітірді. Дипломын да алып үлгермеді…
Осылай ол бір адамның тағылымды ғұмырын паш ететін өнегелі өмірімен бақилыққа озды. Ең қиыны, атын ауызға алғың келмейтін індеттің құрбаны болғаны. Қазаққа белгілі уағызшы Ерлан Ақатаев көңіл айту сөзінде Ербол да шаһит болғандардың қатарында болса деп дұға тілепті. Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кімдер шаһит болып өледі дегенде Алланың жолында құрбан болғандар деген екен. Осындай обадан мерт болғандар да шаһиттікке жатады дейді.
Біз де Ерболымызды соңғы сапарына аттандырып тұрып, Алла өз панасына алса екен деп дұға тіледік.
Бақыт Смағұл,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі.

Раббысының разылығын іздеген,
Парыз, нәпіл құлшылығын үзбеген.
Бүгінгінің мүмин ері кім? десе,
Кідірместен, Ербол аға! «Сіз» дер ем.

Деуші едіңіз: ұстанатын жолды аңғар,
Сыныңды айтар, халық деген орман бар.
Сонау жұрттың арасында жандар көп,
Сізді танып, дінге құштар болғандар.

Өз ісінен артық, көріп басқаны,
Пайда алды, Сізден пақыр, жас, кәрі.
Еңкейген қарт, еңбектеген бала да,
Жатырқамай Сізбен болды, дос бәрі.

Адалдықпен бағындырған биікті,
Талай жандар өзіңізден сый ұқты.
Өміріңіз өнегеге толы ғой,
Бір Алланың құлы болған сүйікті.

Сөзіңізге қалатұғын жан жылып,
Амалыңыз, жүруші еді таң қылып.
Бір Алланың мейіріміне бөленіп,
Жәннат болсын мекеніңіз мәңгілік!

Қанат Қыдырмин.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар