Ана деген атқа лайық болайықшы!

 

Сағат таңғы жеті. Қызым оянып кетпесін деп жолдасым екеуіміз ақырын жұмысқа жиналып жатырмыз. Шайымызды ішіп, енді кетейік деп жатқанымызда қызым оянып, бар дауысымен жылап қасыма «мамалап» жүгіріп келді. Амал жоқ жұмысқа кешігіп қалмайын деп артыма қайрылмастан үйден шығып кеттім…

 

Декреттік демалыстан жұмысқа шыққалы бері күн сайын осылай. Құлаққа күлкілі естілгенімен, таңертең қызым менің кетейін деп жатқанымды көріп, жылап қалмасын деп үйден екі өкпемді қолыма алып кәдімгідей қашып шығатыным рас. Балапанымның «анашым,  кетпеші» деген жылаған даусын естігенде менің де жүрегім қақ айырылады. Алайда, еңбек етіп, отбасыма пайда әкелемін деген мақсат ылғи да алға жетелейтіні тағы бар. Әсіресе, кешке жұмыстан келгенде құлыншағымды құшағыма алғанда бар уайымым ұмытылғандай болады. Сондай сәттерде осы кейбір ата-аналар балаларын бір күнге емес, мәңгіге қалайша тастап кетеді деген ой санамды мазалайды.
Ондай ата-аналардың бүгінгі қоғамымызда бар екендігі ащы да болса, шындық. Осы күні облыс орталығындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тұрып жатқан алты жасар Бақытжанды да безбүйрек анасы тастап кеткен. Аталған орталық басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Әсел Қаппасованың айтуынша, бүлдіршінді мұнда нағашы атасы алып келген екен. Анасы баланы бағудан бас тартқаннан кейін, атасы да кішкентай Бақытжанмен тұрғысы келмеген көрінеді. Сөйтіп, осы орталыққа келіп баладан бас тарту жөнінде арыз жазып, өзі бейкүнә бүлдіршіннен құтылғанша асығып кете барыпты. Мұны естігенде жүрегіміз езілгенін несіне жасырайық?
– Оның анасына талай рет хабарластым. Тіпті, бір жұманың ішінде ұлын алып кетпесе, оны балалар үйіне жібереміз деп те қорқыттым. Өйткені, біздің мекемеде балалар көп болса, тек үш ай  ғана тұрақтайды. Ал, анасы Астанада жүргенін, баласымен қауыша алмайтынын ғана айтады, – деген Әсел Болатқызының сөзіне қарағанда туған-туыстары да Бақытжанның бір айдан бері бейімдеу орталығында тұрып жатқанынан хабардар көрінеді. Тек, ешбірінің оның хал-жағдайын білуге аяқтары баспағаны өкінішті-ақ.

Мұнда әке-шешесіне де, ағайын-туысқа да қажет болмай қалған тек Бақытжан ғана емес. Одан басқа орталықта тағы тоғыз бала бар. Олардың сегізі тастанды балалар деп саналса, екеуінің әке-шешелері сот шешімі бойынша ата-ана құқығынан айырылған екен. Айтуға оңай көрінгенімен, сотта ананы баласынан айыру қай тұрғыдан алып қарасақ та қиын екені анық. Алайда,  баласынан гөрі ішімдікке жақын, оларды соққыға жыққан, зорлыққа барған ерлі-зайыптыларға біздің заңымыз түбегейлі қарсы екенін естен шығармағанымыз жөн. Ақмола облысының жасөспірімдер ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әділбек Дүйсебаевпен әңгімелескенімізде бірталай  мәліметтерге қаныққан едік. Өткен жылы аталған сот ата-ана құқығынан айыру туралы 112 іс қараса, оның 36-сы шешімсіз қалдырылған. Оның себебін, судья соттың қарауына келіп түскен кейбір материалдардың жеткіліксіз болуымен түсіндірді.
–Жасөспірімдерге қатысты істерді көбінесе білім бөлімдері мен ішкі істер органдары бірлесіп жібереді. Көп жағдайларда олардан ата-ана құқығынан айыру туралы келетін құжаттар жітік зерттелмегендіктен, сот ісі қараусыз қалып жатады, – деді судья.
Иә, оның бәрі заңға негізделіп шешілетін мәселелер. Ақыр соңында осының барлығынан да зардап шегетін тек бейкүнә бүлдіршіндер ғана. Олар айналасында болып жатқан жайттардан да, ата-аналары оларды не үшін тастап кеткенінен де бейхабар. Балалардың бар білетіні – «анашым келеді» деп, тек жақсылықты армандау ғана. 2014 жылы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына келіп түскен 201 баланың 103-і, биылғы жыл басынан бері 61 баланың  өз отбасыларына қайтарылуы сол бүлдіршіндердің арман-тілегінің орындалғаны ғой. Тағы бір мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы балалар үйіне орталықтан 51 бала орналастырылса, 20 баланы бөтен  отбасылар өз қамқорлықтарына алған. Қазіргі таңда тәрбиеленіп жатқан 10 бала Көкшетау қаласы мен Атбасар, Бурабай, Ақкөл аудандарынан әкелінген екен.
Ал, төрт жасар Сашаны жуырда ғана бір туысқаны әкеліп тастапты. Біз барғанда барлық балалар тып-типыл ұйықтап жатыр екен. Тек, Саша ғана ояу. Тәрбиешісі «Неге ұйықтамайсың?» дегенінде   тәп-тәтті тілі былдырлап, орысша «Не хочу» деп жауап берді. Ақыры ұйықтамағасын біз де оны әңгімеге тарттық. Сашаның үш жасар інісі де осында екен. Әке-шешесінің екеуі де арақты салынып ішетіндіктен, бұлар біраз уақыт ата-әжелерінің қолында тұрып, кейіннен осында ауыстырылған. Тастанды балалардың анасыз өмірге бейімделуіне, балалық шақтарын шынымен де бақытты етуге педагог мамандар тарапынан үлкен еңбекті қажет ететіні айтпасақ та белгілі жайт. Педагог-психолог Татьяна Ширяева балалардың жүрек түпкірінде өз ата-аналарына деген сағыныш жататынын, әке-шешелері оларды тағдыр тәлкегіне тастап кетсе де, түптің түбінде балалары оларға қайтып барғылары келетінін жасырмады. Кіршіксіз сәби жүрегі кек сақтауды білмей, кез-келген қателікті кешіруге дайын тұрады екен. Осыдан барып бала махаббатының шегі жоқ екендігіне қаныққандай боламыз. Тек, ана көңілінің балаға емес, далаға ауып бара жатқаны алаңдатады.   
P.S. Бақытжанды қанша көргіміз келсе де, тәтті ұйқысын бұзғымыз келмеді. Бәлкім, түсінде анасын көріп жатқан болар… Атыңа затың сай болып, өмірде ең бақытты жан болуыңды Алла нәсіп етсін, Бақытжан.
Ал, оның анасына айтарымыз, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды. Қателіктеріңізді түзетіп, балаңызды құшағыңызға алуға ешқашанда кеш емес.
О, аналар, ана деген атымызға лайық болып, мына жалған фәниде балаларымыздың көз жасына қалмайықшы!

 

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар