Жаңа мектептер салынып, көше жолдары жөнделіп жатыр

Кеше облыс әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Целиноград ауданында болып, өңірдегі бірқатар әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандардың жұмысымен танысты. Ауданда жүргізіліп жатқан құрылыс алаңдарына ат басын бұрып, алда 

тұрған маңызды міндеттерді пысықтап, нақтылы тапсырмалар берді.

Әкімнің жұмыс сапары Арайлы ауылында 2014 жылдан бері салынып жатқан 300 орындық мектепті аралап көруден басталды. «Халықаралық құрылыс консорциумы» серіктестігі жүргізіп жатқан жобаның құны 758 миллион теңгені құрайды. Мектеп құрылысы басталғалы бері қосалқы мердігер компания бес рет ауысыпты. Тек былтыр ғана құрылыс қарқын ала бастапты. Жоспарға сәйкес, мектеп алдағы тамыз айында пайдалануға берілуі тиіс. Алайда құрылыс жұмыстары үстіміздегі жылдың сәуір айынан тоқтап тұр екен. Оны жалғастыруға қаржы мәселесі қолбайлау болып отырған жайы бар. Екі қабаттан тұратын мектептің сырты толық біткен. Енді тек ішкі әрлеу жұмыстары, есіктерін орнату мен еден төсеу қалған. Осы орайда, облыс әкімі мердігер компанияны қатты сынға алды.
– Мен бұл құрылыс алаңында былтыр мамыр айында болғанмын. Сонда сіздер мектепті өткен оқу жылында тапсырамыз дегенсіздер. Бұл не қылған жауапсыздық. Жобаға ақша жеткілікті бөлінді. Қалғанын тек құрылысты бітірген соң ғана аласыздар, – деді Ермек

Маржықпаев. Әкімнің сын-ескертпелерінен кейін бас мердігер компания басшысы Ерден Нұрабаев мектепті биылғы қыркүйекке дейін салып бітіруге уәде берді.
Бұдан кейін облыс әкімі Ақмол ауылындағы «Samhat» аяқ киім фабрикасына ат басын бұрды. Фабрика директоры Асхат Исабеков әкімге аяқ киім жасау цехтарын түгел аралатып көрсетіп, үстіміздегі жылдың қыркүйегінде фабриканың қуаттылығы артатынын айтты. Өйткені, мұнда «Даму» қоры арқылы субсидияланған 100 миллион теңгеге жаңа құрал-жабдықтар әкелінген. «Samhat» шығарған аяқ киімдер елордадағы «ЖанНұр» сауда үйінде сатылады, әрі Ресейге экспортталады. Бір сөзбен айтқанда сұраныс жоғары. Себебі, аяқ киімнің сапасы жақсы. Шеберлер өндірісте табиғи таза теріні пайдаланады. Өткен жылы мұнда 45 мың жұп аяқ киім жасалыпты. 2020 жылдың жарты жылында аяқ киім өндірісі 70 мыңға жеткен. Қазір мұнда 40 адам еңбек етуде. Фабрика толық қуатында жұмыс істеген кезінде 150 адамды жұмыспен қамту мүмкіндігіне ие болады. Әзірге кейбір мамандардың жоқтығы қолбайлау болып отыр. Мәселен, технолог, механик, тігінші тәрізді бірнеше мамандық бойынша маман қажет. Фабрика бүгінгі таңда ерлер мен әйелдер аяқ киімін, әскери-күштік құрылымдарға, жұмысшыларға арналған аяқ-киім шығарады.
Қажымұқан ауылында болғанында әкім мұндағы көше-жол желілеріне жүргізіліп жатқан күрделі жөндеудің, сондай-ақ, 300 орындық мектеп пен су құбыры желілері құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Қажымұқан ауылында үш ауысымдық оқыту өзекті мәселе болатын. Биылғы жаңа оқу жылында 300 орындық жаңа мектептің ашылуымен бұл проблема шешімін табады. Қазір ауылда мектеп құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Тіпті, екінші қабаттағы кабинеттерге парталар

орналастырылып қойыпты. Мектепті аралап көрген Ермек Маржықпаев құрылыс жұмыстарының сапасында бірқатар кемшіліктерді байқап, оларды түзетуді тапсырды. Жақында Қажымұқан ауылында су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, ауыл толықтай сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Әкім тұрғындарды ғаламтор мәселесін толғандыратынын айтып, оны тез арада шешуді тапсырды. Аудан басшысы Бақытбек Оспанбековтың айтуынша, қазір билайн компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. Ауылда бұрыннан қордаланып келген жол мәселесі де шешілуде. Осы күні ауылішілік 46 шақырым жол салынуда.

Ал, Талапкер ауылында салынып жатқан жолдардың сапасына облыс әкімінің көңілі толмады.

Жолдарға қатысты кемшіліктерді жоюға және жыл соңына дейін электрмен жабдықтау мәселесін шешуге аудан әкіміне тапсырма берді. Бүгінде талапкерліктерді электрмен жабдықтау мәселесі толғандыруда. Тұрғындармен кездесу барысында облыс әкімі оларға мән-жайды түсіндіріп, электрмен жабдықтауға қатысты арнайы жол картасы әзірленетінін жеткізді.
Үстіміздегі жылы Талапкерде көкөніс сақтау қоймасы пайдалануға беріледі. Кәсіпкер, «ПКФ Табыс» серіктестігінің директоры Евгений Самусевич қойманың 80 пайызында картоп сақтамақшы. Нұр-Сұлтан қаласының азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету аясында бұл көкөніс сақтау қоймасының қажеттілігі зор. Мемлекет кәсіпкерге жол салуда, электрмен жабдықтауда қол ұшын береді. Тек, су тартуда әзірге қиындықтар бар. Көкөніс сақтау қоймасына су торабын жеткізу үшін үш жылдай уақыт керек.
Осылайша ауданда биылғы жаңа оқу жылында бірнеше білім ошағы пайдалануға берілмекші. Оның бірі Арайлы ауылындағы 300 орындық мектеп болса, оған қоса, Қажымұқандағы 300, Қоянды ауылындағы 1200 орындық мектептер де оқушыларға есігін айқара ашады. Қояндыда мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан білім ошағы көз тартады. Мұнда үлкен спортзал, мультимедиялық кабинеттер болады. Ал, мектеп ауласында оқушылардың спортпен айналысуы үшін жасанды шөп төселген футбол және баскетбол алаңдары бар. Облыс әкімі құрылысты жүргізіп жатқан «Заводстрой» серіктестігінің басшыларына алғыс білдіріп, алдағы тамызда мектептің ашылуына арнайы келетінін айтты.
Ауданға жұмыс сапары барысында Ермек Маржықпаев Қосшы ауылында салынып жатқан 1200 орындық мектеп пен бір ауысымда 100 пациентті қабылдауға арналған емхананың құрылысын, ауылдағы Рақымжан Қошқарбаев атындағы бірінші мектепке «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысын көрді. Сондай-ақ, Қабанбай батыр ауылындағы «Grinstar агрофирмасы» серіктестігінде болып, Талапкер, Қосшы ауылдарында көше-жол желілерінің құрылыс жұмыстарымен де танысты және барлық жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар