Алаяқтардан абай болыңыздар!

Карантин режимі ұзартылып, көптеген жұмыс орындары уақытша қысқартылған соң, адамдарға Үкімет тарапынан 42 500 теңге әлеуметтік көмек қайта төленетін болды. Алайда, онлайн қызметінде алаяқтық жағдайлары көбеюде.

Елімізде 4 апталық локдаун жарияланып, карантин шаралары жалғасуда. Жағдайдың күрделілігіне орай адамдар да індеттің таралуы мен одан қорғану мәселелеріне ден қойып, түсіне бастағандай. Көпшілігі өз-өздерін барынша оқшаулауға көшуде. Дегенмен, адамдардың күнімен үйлерінде болып, әлеуметтік желілерде көп отырғандықтарын пайдаланып, алаяқтар өз арам пиғылдарын жүзеге асыруда. Қазір 42 500 теңге әлеуметтік төлемді рәсімдеп беремін деп жарнама жасап жүрген алаяқтар бар. Аталған көмекті қалай алуға болады және қандай әрекеттер жалған екендігін оқырмандарға түсіндіріп бергеніміз жөн болар.
Мысалы, инстаграм парақшасында nurdaulet2070 тәрізді аккаунт иесі 42500 теңге әлеуметтік төлемді рәсімдеп, ақшаны алуға көмектесетіні туралы жарнама беріпті. Ол үшін @42500.enbek_kz парақшасына жазылу қажеттігін көрсетілген. Тағы бір күмәнді тұсы – өтініш берушінің ұялы телефоны мен карта нөмірін жекеге жіберуін сұраған. Осылайша алаяқтар қарапайым схемалар арқылы адамдардың жеке мәліметтеріне қол жеткізеді. Мұндай жарнамалардың шындыққа қаншалықты жанасатындығын білу үшін құжаттарыңызды жібермес бұрын 1411 нөмеріне қоңырау шалып, анықтап алғаныңыз жөн.
Бүгінгі күні 42500 теңге төлемнің процедуралық және техникалық жүзеге асыру мәселесі шешілу үстінде. Барлық ақпараттар Қазақстан Республикасы Үкіметінің ресми ресурстарында және еңбек министрлігінің «Еңбек.кз» сайтында жарияланатын болады.
–Бұған дейін 42500 теңге төлемін алу үшін қолданылған порталдар мен каналдар осы жолы да пайдаланылады. Бұл 42500.enbek.kz, egov.kz, Help42500Bot қызмет көрсету желілері. Каспий және халық банктері де интернет-порталдарын ашуды жоспарлап отыр, –деген болатын еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов. Сонымен бірге, бір айта кетерлігі, егер сіз осыған дейін 42500 теңге алған болсаңыз онда сізге 1414 нөмірінен «табысыңыздан айырылуыңызға байланысты сіз 42500 теңге алуға қарсы емессіз бе?» деген смс келеді. Егер жұмысыңыз шынымен уақытша тоқтаған болса, «иә» деп жауап жазасыз.
Әлеуметтік төлемді телеграмм арқылы рәсімдейтін болсаңыз, келесі жәйттерді ескеру керек:
–42500 теңгені «телеграмм бот» арқылы рәсімдеуде жеке-жеке облыстар бойынша қызмет көрсетіледі. Мысалы, Ақмола облысы тұрғындары үшін «Ақмола телеграмм бот» пайдаланылады. Ол үшін мәліметтер бұрынғысынша банктік есеп шот пен ұялы телефон нөмері көрсетіледі. Еңбек жүйесінде сандық қолтаңба немесе бір реттік құпия сөз пайдаланылады, –дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім меңгерушісі Нұргүл Бексұлтанова.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлері әлеуметтік төлем электронды түрде рәсімделетіндігін айтуда. Сондықтан, тұрғындарды инстаграм, фейсбук, вконтакте секілді әлеуметтік желілердің парақшаларындағы алаяқтық әрекеттерге алданбауға шақырады.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар