Суармалы егіншілік – мол өнім негізі

Бүгінде Целиноград ауданында суармалы егіншілік жақсы қарқынмен дамып келеді. Өңірде осы егіншілік түрімен айналысатын «GREEN STAR» агрофирмасы» серіктестігі, «Астана-Өнім» акционерлік қоғамы және «Зеренді» асыл тұқымды шаруашылығы» серіктестігі секілді үш ірі шаруашылық бар.

2013 жылы құрылған «GREEN STAR» агрофирмасы мал азығын дайындайды, картоп, көкөністер өсіреді. Өндірістік қуаттылығы 5500 тоннаны құрайды. Биыл серіктестік диқандары 500 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын сепкен. Соның ішінде, 225 гектарға арпа, 136 гектарға картоп, 25 гектарға көкөніс дақылдарын, 87 гектарға сүрлемдік жүгері егіліпті. Бұдан бөлек, 180 гектарда көп жылдық шөп жоңышқа өсірілуде.
Серіктестіктің 5 мың тонна көкөніс сақтауға арналған көкөніс қоймасы мен 1000 тонна өнім сақтайтын ангар типтес қоймасы бар. Шаруашылықта 42 адам жұмыс істейді. Соның 17-сі тұрақты жұмысқа алынса, 25-і маусымдық жұмыстарға жұмылдырылады. Орташа еңбекақылары 120 мың теңгені құрайды. Былтыр 180 гектар суармалы жерден 3280 тонна пішендеме, сонымен қатар, 94 гектар суармалы жерден 4000 тонна жүгері сүрлемі дайындалыпты. Ауданға жұмыс сапарымен барғанымызда агрофирманың құрылтайшысы Бейбітхан Қабдырахманов журналистерге суармалы алқапты аралатып көрсетті. Біз барғанда онда орақ науқаны жүріп жатты. Диқандар былтыр күзде еккен қара бидайды жинап, жоңышқаның үшінші шабындығын жүргізіп жатқан болатын. Олар жинаған өнімді мал азығына жібереді.
–Заманауи шаруашылықтар ауыл шаруашылығы жерлерін суару жүйесін барынша автоматтандыруға күш салуда. Бүгінгі күні суару жүйесін басқаруды және бақылауды жүзеге асыратын түрлі құрал-жабдықтар жетерлік. Олар метеорологиялық станциялар, топырақ ылғалдылығын анықтайтын құрылғылар, сорғы станциялары мен суару қондырғыларын автоматты және қашықтықтан іске қосу жүйелері. Осының барлығын біздің шаруашылық та қолданып жатыр. Суармалы егіншілікпен айналысқан кезде топырақтың құнарлылығын сақтап, оның құрамындағы тұз мөлшерін қалыпта ұстау маңызды. Суарылатын судың химиялық құрамына да назар аудару керек. Егер, судың сапасы нашар болған жағдайда оны кері осмос жүйесі арқылы оңтайландыру қажет, – деді Бейбітхан Оразханұлы.
Агрофирманың неміс және американдық «BAUER», «Valley» фирмалары құрастырған 12 жаңбырлатып суару жүйесі бар. Шаруашылық бұл суару жүйесін мемлекеттен бөлінген инвестициялық субсидия арқылы елу пайыз жеңілдікпен сатып алыпты. Сондай-ақ, серіктестікке жыл сайын тұқым, тыңайтқыштар мен гербицидтер сатып алуға мемлекеттен субсидия беріледі. Алдағы уақытта серіктестік ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы көлемін ұлғайтуды көздеп отыр.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Дулатовтың айтуынша, үстіміздегі жылы жалпы аудан бойынша 228 мыңнан астам гектарға дәнді-дақылдар егіліпті. Қазір олар масақтану, гүлдену кезеңдерінде. «Алдағы күндері жаңбыр жауса, жақсы болар еді» дейді аудан диқандары.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар