Көбей тұзына қатысты тарихтан бір дерек

Ерейментау ауданында, Астана-Павлодар тас жолының бойында Сарыадыр деп аталатын көмір кеніші бар. Бұл кеніш те сол замандарда орыс көпестерінің иелігінде болып, оларға өлшеусіз пайда әкелген өндіріс.
1862 жылы Петропавлдың екінші гильділі көпесі Никон Ушаков деген адам Сібір қырғыздарының облыстық басқармасына хат жазып, Ақмола уезіне қарасты Қамажапар-Қапжығалы (кейін Қоржынкөл болысы) болысының жеріндегі Сарыадыр көмір кенішін зерттеуге рұхсат сұрайды.
«Осы жылдың 9 тамызында Сарыадырды барып көрдім. Бұдан бұрын 1857 жылы поручик Бендеракидың серіктестігі бұл жерлерден шурф қазып, тексерген екен. Сарыадырдың солтүстік-шығысында Көбей деген тұзды көл шамамен жарты верст жерде. Шығысында 12 верст жерде – Өлеңті өзені. Оңтүстігінде 7 верст жерде – тұзды көл Үштаған. Оңтүстік-шығысында 7 верст жерде – Майкөл. Солтүстік-шығысында – Ащы теңіз, Бозша деген сор бар» – дейді Ушаков өз өтінішінде.
Сөйтіп, 1864 жылы сол жерге ие болып жүрген жергілікті Қамажапар-Қанжығалы болысының қазақтары Сарыадырды игеруге келісім береді. (Егер келісім бермесе, зорлап көндіретіні белгілі).
Қамажапар-Қанжығалы елінің болысы Саққұлақ Бапанов пен ауыл старшыны Тіленді Байтаев, би Қарабай Құлымбаевтар: «Сарыадыр жайлауы біздің болыстың Қиқа Көбеев, Төлеген Жылқыбаев, Сайдалы Шілдебаев және Орынбай Тасболатов деген адамдарының иелігінде. Кенішті зерттеуге олардың тарапынан ешқандай қарсылық болмайды» – деп қолхат беріп, соңында мөрлерін басыпты. (ОММ. 345 қор. 1 тізбе. 2621 іс).
Соңынан, 1916 жылдың 24 қарашасында Сарыадыр кеніші хорунжийдің жесірі Анна Павловна Балашова деген әйелге сатылады. Оған Томск тау-кен басқармасы ІІІ Шығыс таскөмір өндіретін жер телімінің берілуі туралы «Мьесторожденіе каменного угля находящееся в Акмолинскомь уезде и области, Коржункульской волости, на урочище Сары-адырь, оть общеизвестного соленого озера Кубей-тузь…» деп, кеніш қазынаның бос жерінде жатыр деген акт тапсырады. Сөйтіп, Балашоваға 250 сажень немесе 104 десятин жер берілген. Балашова әр десятинаға бір рубльден, жыл сайын қазынаға 105 рубль төлеп тұратын болған. Мұрағаттағы осы құжатта Сарыадыр кенішінің жобасы мен картасы да бар. (ОММ. 13 қор. 1 тізбе. 96 «б» іс).
Сол кезде тек кен өндіретін кеніштер ғана емес, тіпті тұз шығатын көлдердің өзі басқалардың иелігінде болған. Мына бір мұрағаттық құжатта ас тұзы облыс көлемінде тек Қоржынкөл болысындағы Үштаған мен Көбей тұзында өндірілетіні айтылады. «Ол өндірістерді қазір Тумашева ханым жалға алып отыр. Үштағанда – 34,364 пұт, Көбейде – 8 820 пұт тұз өндірілген. Бұл жерлерде қазір 19 адам жұмысқа тартылған» деген мәлімет беріледі.
Қазақтар өз жерлерінен шығып жатқан байлықтан рұхсатсыз алып сата да алмаған. Бұл үшін оларға көп мөлшерде айып салынып отырған. Мына бір құжатта Томск тау-кен басқармасы Ақмола әскери губарнаторына хат жолдапты: «Ақмола облысындағы Теке, Сілеті, Келебек көлдерінен жергілікті қазақтар рұхсатсыз тұз өндіріп, Омбы базарына апарып сатып жүр. Ол Коряков және басқа көлдерден үкіметтің рұхсатымен тұз өндіріп жатқан орыс көпестерінің кірісін азайтады. Сондықтан, Ақмола облысындағы көлдерден қазақтар тұзды өзіне пайдалану үшін ғана алсын, саудаға салуға тиым салынсын». (ОММ. 369 қор.1 тізбе. 5065 іс. 1901ж). Алтын емес, күміс емес, көлдің бетінде тегін жатқан тұзды алып сатып, бала шағасының киім-кешегін, қант шайын айырам деген жергілікті халықтың қолы өз жерінен шығып жатқан тұзға да жетпеген.

Сайлау БАЙБОСЫН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

(Арнайы «Арқа ажары» үшін).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар