Бір үміт алға жетелеп…

Тағдырдың салған ісін кәтепті қара нардай көтеріп, еменнің иір бұтағындай мықтылық танытатын қайраты кемел, қажыры мол адамдарды көргенде қайран қалатының рас. Он екіде бір гүлі ашылмаған, мүгедектер арбасына таңылып отырса да, онлайн саудамен айналысып қарекет етіп жүрген қаршадай қыздың ерік-жігері жалпақ жұртқа жақсы өнеге.

Өнегесі несі дерсіз? Біз бұл арада ең алдымен кейіпкеріміздің бойындағы алапат қайсарлықты майдан қыл суырғандай етіп айта отырып, жабыққан жанның жарасын жазатын құдіреттің еңбек екендігін еске салғымыз келгені. Жасыратыны жоқ, он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін азаматтар да айдың-күннің аманында өмірге өкпелеп жүр емес пе? Қазір құлақ сарсытатын себеп, жұмыстың жоқтығы. Сол жоқшылық боркеміктердің ерік-жігерін бордай тоздырып, етегінен тартып-ақ келеді. Ал, айтпай келген апаттан мүгедек болып қалғанымен, көкірегіндегі мен адаммын, кәдімгі адамша өмір сүремін, ешкімнен кем емеспін деген сенімді көргенде сезімің селт ете түспей ме?!
Бәрін басынан баяндайықшы. 2015 жылдың қоңыр күзі еді. Дала шіркін алтын жалатқандай жалт-жұлт етіп тұр. Қолдың саласындай аққайыңдардың жапырағы сары бояумен боялып, соңғы биін билеп тұрғандай. Көркем сурет көңіл арбап, қойнауына шақырмай ма? Бір топ құрбы Бурабайға бет алған. Апат айтып келе ме, өрікпеген көңіл сап басылып, қырсық көлденеңнен кездесті. Көлікті тізгіндеген Айғаным Сұлтанова соққыны жүргізуші отырған жақтан алды. Төрт бірдей омыртқасы опырылып, оң жақ қолынан мертікті.
Екі жылға жуық төсек тартып жатуға тура келді. Алғашқы ота сәтсіз болды. Кейін Нұр-Сұлтан қаласындағы дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Үкідей үлбіретіп, желге, күнге тигізбей бағып отырған қыздарының қамын ойлаған ата-ана Ресейге де апарған. Сөйтсе, күндердің бір күнінде аяғынан тұрып кетуі өзінің ерік-жігеріне байланысты екен. Төсек тартып жатқанында қазбауыр бұлттай қалың, найзағайдың отындай санасын күйдіріп өтетін небір ойлар тұмшалаған.
Қайран жастық қандай әдемі еді. Жас көңілде алаң жоқ-тұғын. Облыс орталығындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің қаржы факультетіне түскен. Тәжірибеден өтуге банкке жіберді. Әркімнің көңілі құлаған шаруасы болады емес пе, Айғаным да кішкентай кезінен сауда-саттықты ұнататын. Мына жердегі қарбаласқан тіршілікті көрген соң жұмыс істеуге ұмтылған. Банкте бір жыл қызмет етіп, сәл-пәл тәжірибе жинақтаған соң сауда саласына ауысты. Алматы мен Бішкектен тең-тең киім-кешек тасыды. Әкелгені іркіліп жатып қалмай, тез өтетін. Бәлкім, саудагерлер көп айтатындай қолы жүрді ме, әлде тауарының үстіне үстемеақыны көп қоспағандықтан ба екен, әйтеуір, қаржы жылдам айналды. Барлығы оңынан оралып келе жатқанда жол апатының тағдырын тас-талқан еткені.
Алғашқы кезде қайраты кеміп, жігері жасығаны да рас. Талай түнді ұйқысыз өткізді. Қабағы түйілсе, ата-анасының жаны шығып кете жаздайтын. Қарап отыруды жаны сүймейтін ежелгі әдетімен төсек тартып жатса да бір нәрсемен шұғылданғысы келді. Күндердің бір күнінде зейнеткер анасына өтінішін айтқан.
–Қыркүйек айындағы зейнетақыңызды маған берсеңіз, өз алдыма кәсіп істеп көрейін,–деген Айғаным.
–Ал,–деген анасы,–бәрі сенің жолыңнан садаға. Қарағым-ау, өзіңнен аяйтын не бар бізде?
Бұрын талай барған Алматы мен Бішкекте көзтаныстары бар. Телефон арқылы хабарласқан. Төлемақысын алдын ала төлесе, тауарларын жіберуге дайын. Осы бір ұмтылыс сәтімен оралып, жұмысы жүріп берді. Құрқылтайдың ұясындай шағын үй тауар қоятын қоймаға айналып кете жаздаған кезде әкесі есік алдынан дүкен салып берген. Адам аяғы сирек жүретін жер болғанымен, Айғанымның көңілін көтеруге, кәсібіне қолдау көрсетуге ниет білдірген сыныптастары мен жолдастары дүмеп келіп жатты. Олар бұл тауарлар өздеріне керек пе, жоқ па, ол жағы есеп емес, әйтеуір, бар тауарды пышақ үстінде бөлісіп алатын. Кейін ойлап қараса, жанын жүдетпей, мұңға батырып мүсіркемей көмек қолын созған түрлері екен. Бар шаруа оңқай асықтай үйіріліп түсе бере ме, кейде қолбайлау жайлар болып қалады. Сондайда қалта телефонымен хабарласса болды, достары бар мәселесін бір сәтте шешіп береді, әлі де солай. Дос көңілінің көктем райлы демі әз жанын гүлдендіріп жібереді емес пе.
Бірде орталықтағы «Береке» дүкенінен бөлім ашқан. Бажайлап қараса, қасындағы екінші бөлім де бос тұр екен. Бірінде төсек орын жабдықтарын сатса, екіншісінде корей косметикасын сата бастады. Бір ғажабы, сауданың салтымен бағасын тым көтерген жоқ. Өзінің айтуына қарағанда, негізгі мақсат қырып қаржы табу емес, бос отырмау үшін бір нәрсемен айналысу керек. Ал, айналысатын нәрсе аз емес. Күнделікті жұмыстың ара-арасында бассейнге барады, теннис ойнайды.
–Су деген ғажап қой, аға,–дейді Айғаным, – қол-аяғың жеңілдеп, өзгеше әлемде жүргендей боласың. Еркін, бостан қалпыңда. Тіпті шыққың келмейді. Көресіз күндердің бір күнінде аяғымды басатын боламын. Мен де ел қатарлы екі аяғымды тең басып, құрбыларыммен бірге ғұмыр кешемін.
–Айтқаның келсін!–дедім мен қаршадай қыздың қайратына сүйсініп.
Бір үміт алға жетелеп, бақытсызбын деп баз кешпей, бойындағы бар қажыр-қайратын мынау жарық дүниенің қызылды-жасылды қызығын екі аяғын тең басып тұрып көруге ұмтылып келе жатқан қаршадай қыздың талпынысына таңданып.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар