Қазіргідей қашықтықтан жұмыс істеуге көшкенде салаларды цифрландыру аса маңызды

Облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының саяси кеңес бюросының кезекті отырысына қатысып, 2018-2022 жылдары өңірімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы жөнінде баяндама жасады.

Онлайн режимде өткен саяси кеңес бюросының отырысына бірқатар аудандардың әкімдері, партияның аумақтық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары, басқарма басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Алдымен, облыс әкімінің орынбасары Қанат Мұратұлы сөз алып, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының облысымыздың аумағында қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Баяндамашының айтуынша, бағдарлама өмірлік маңызы бар 11 саланы қамтиды. Оның ішінде, білім беру, денсаулық сақтау, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, өнеркәсіп және әлеуметтік салалар бар. Атап айтсақ, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында барлық мектепке дейінгі мекемелерге кезекке тұру рәсімдері автоматтандырылған. Ата-аналардан 15 мың өтініш қабылданып, 6672 бала кезекке қойылған. Сонымен қатар, жалпы білім беретін мектептердің басым көпшілігінде «Балаларды мектепке қабылдауды автоматтандыру» мемлекеттік қызмет түрі енгізілген. Сол арқылы 8500 бала мектепке қабылданған. Барлық мектептер 100 пайыз «Kundelik», «Bilimland» білім беру ақпараттық жүйелерімен және қолжетімді интернетпен қамтамасыз етілген. Алайда, облысымызда елді-мекендерді интернетпен қамту мәселесі әлі шешілмей тұр. Отырыста сөз алған «Smart Aqmola» мекемесінің басшысы Бауыржан Серікпайұлы бұған бірнеше себептерді келтірді. Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов барлық мекемелер қашықтықтан жұмыс істеуге көшірілген қазіргідей кезеңде аталмыш бағдарламаның маңыздылығы арта түскенін атап өтті.

–Мектептердегі компьютерлік парк 15 мың бірлікті құрайды. 152 мектеп роботехника кабинеттерімен жабдықталған. Оқушылар үшін тегін IT-сыныптар ашылды. Үстіміздегі жылы тағы 1200 компьютер сатып алу, 25 робототехника кабинетін жабдықтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Үкіметтің қолдауымен облыс орталығында балалар мен жасөспірімдерге, жастарға қосымша білім беруге арналған инновациялық орталық «Болашақ сарайы» пайдалануға беріледі, – деді Қанат Ыдырысов.

Бұл күні саяси кеңес бюросының отырысында Целиноград ауданында «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының іске асырылуы, «Бақытты отбасы» жобасы аясында көпбалалы отбасылардың баспанамен қамтылуы жөнінде мәселе қаралды. Ол туралы аудан әкімі Бақытбек Оспанбеков есеп берді. Ал, партияның қоғамдық қабылдауына Зеренді ауданы тұрғындарынан «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында келіп түскен өтініштерінің қаралуы туралы осы ауданның әкімі Бауыржан Ғайса айтып берді.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар