«Жан әке, сені іздеп келді туған елден ұрпағың!..»

Осы бір қайыңды алқапқа қоныс тепкен шағын Жаңатілек ауылынан елуге тарта азамат майданға аттанған. Олар соғысқа кеткеннен кейін ауыл жетімсіреп қалды. Ауылда бас көтерер ешкім қалмаған соң бар жүк әйелдер мен балаларға түсті. Содан да болар, бұл ауыл «келешегі жоқ» деген ауылдардың қатарына ерте қосылып, 1975 жылы соңғы үйі қотаннан көшіп совхоз орталығына қоныстанды..

Жаңатілек ауылынан соғысқа аттанғандардың ішінде 1905 жылы туған Құдайбергенов Балта да бар еді. Ол кезде бұл кісі Көкшетау ауданындағы Күсеп МТС-ының директоры болып қызмет істеп жүрген. Сөйтіп, ойламаған жерде Бибікәмал шешей шиеттей үш баламен қала берді. Үлкені Шәкен 7 жаста, Батырхан 3 жаста, ал, Болатханға бар-жоғы 6 ай болатын. 1944 жылы Балтадан қара қағаз келеді. Ол күндердің ауыртпашылығын айтып жеткізу қиын. Басқа түскен баспақшыл дегендей, Бибікәмал шешей не істерін білмей көп қиналды. Әйтеуір, тірі адам тіршілігін істеп, өлместің күнін көріп, балаларымды қалай сақтап қалам деп жүргенде Бітік деген азамат кездесіп, бар ауыртпашылықты мойнына алды. Оқымаса да тоқығаны мол, көкірегі ояу, адамгершілігі жоғары азамат балаларға әке орнына әке болуға тырысты. Сөйтіп, көппен қатар бұл үйдің балалары да оқудан қол үзген жоқ…
Орнында бар оңалар дегендей, тұрмыс біртіндеп түзеле бастады. Әрине, Батырхан аға жетпістің жетеуіне келсе де, сол қиын-қыстау кезде жанашырлық көрсеткен ауылдағы Оразғали мен Шалан, Кәріп пен Біләл, Алпысбай мен Хамит сияқты ағаларын, Битай мен Бираш апайларын ұмытпайды. «Осындай аға, апаларым болғанына тәубе, мектептегі, институттағы оқуымды ойдағыдай аяқтауыма қол үшін беріп жүрді ғой», – дейді ризашылықпен.
 Көзден кетсе де көңілден кетпеген жары, балаларының әкесі Балтаның белгісіз тағдыры бертін бұл отбасын  ойланта берді. Әсіресе жоғары білімді, ғылымменен айналысып жүрген Батырханның ойынан бір шықпады. Көкшетауда жарық көрген «Боздақтар» кітабының 357-ші бетінде: «Құдайбергенов Балта, сержант, 1905 жылы Жаңатілек ауылында туған. 1941 жылы Красноармейскіде әскерге алынып, 122-атқыштар полкі құрамында соғысқа қатысты. 1943 жылы маусымда майданда қаза тапты. Смоленск облысының Велиховск ауданының Дорожкино деревнясында жерленген» деп жазылған. Мұнда да кейбір жерінде дәлдік жоқ. Содан да болар, әйтеуір,  артында қалған жалғыз тұяғы Батырхан Смоленскіден жарытып жауап ала алмады…
Ұлы Жеңістің 70 жылдығында және бір интернетке жүгінуге тура келді.  Ресей Федерация-сы Қорғаныс Министрлігінің Мемориалында  1943 жылы 27 маусым мен 7 шілде аралығында қаза тапқан 1122-ші атқыштар полкінің басшы және қатардағы құрамындағылардан 67 адамның тізімі бар. Сол тізімде «Кудасберганов Балта, кіші сержант, бөлімше командирі, БКП (б) мүшесі, 1905 жылы туған, Солтүстік Қазақстан облысы Чкалов ауданының тумасы, 1943 жылы 30 маусымда қаза тапты. Смоленск облысы, Велиж ауданы, Дорожкино деревнясында жерленген. Әйелі Кудасберганова Камал» деп жазылған. Міне, бар болғаны екі әріптен қате кетіп, 70 жылдан аса  әкенің ізі табылмаған. Аяулы жан 334-ші атқыштар дивизиясының 1122-ші атқыштар полкінің құрамында соғысыпты…
Енді күтіп отыратын не бар дегендей, Батырхан Балтаұлы жолға дайындалады. Жанына немересі Темірханды алып, Смоленскіге жол тартады. «Жүрмеген жердің ой-шұңқыры көп» дегендей, аздап жүрексіну де болды», – дейді ағамыз. Бірде ұшақпен, бірде поезбен жүріп отырып, Смоленск қаласына да жетеді. Мұнда олар алдымен облыстық әскери комиссариатта болады. Ол жер Велиж аудандық комиссариатына телефон шалып, бұларды қарсы алуын тапсырады. Смоленскіден Велижге дейін 130 шақырым екен, оған автобуспен жетеді. Велижде бұларды жылы қарсы алып, ертеңіне Дорожкино деревнясы қарайтын Логов селолық округінің басшысы Анна Шелаеваның жеңіл машинасы келіп, округ орталығы Ситьководан  12 шақырым жердегі Дорожкиноға жол тартады. Бірақ «бір жол бар жақын, жақын да болса алыс» дегендей, оның 6 шақырымы жолсыз екен, жаяу жүруге тура келеді. Қалың орман, батпақ, шөбі кісі бойындай… Міне, осы жерде 1942 жылдың қысында 40 градус аязда, күртік қарда оппалап біздің жауынгерлерге жаудан қорғануға тура келіпті. Қазір баяғы Дорожкино деревнясы жоқ. Тек бір ағаш үй ғана сақталған, онда жасы 85-тегі бір шал тұратын көрінеді. «Осы жерде тудым, өмірімнің қалған уақытын осы жерде өткіземін» дейтін көрінеді  ақсақал.
«Бауырластар зиратында 4-ші соққы беретін Армияның сан жүздеген жауынгерлері жерленген екен. Қазіргі уақытта мұнда тек 304 жауынгердің аты-жөндері  аталған. Зиратта ескерткіш белгі қойылған. Мәрмәр тақтада біздің әкейдің де аты жазылмағанымен, Смоленск облысының әскери комиссариаты Велиж аудандық комиссариатына белгіленген тәртіп бойынша жерленген жауынгерлердің тізіміне Құдайбергенов Балтаның да есімін кіргізіп, туған-туысқандарына  хабарлауды міндеттеді. Күтімге алынған бауырластар зиратында жерленген жауынгерлердің туыстары қойған бірнеше суреттер де  бар екен. Біз де әкеміздің суреті мен гүл шоқтарын қойып, құран оқыдық», – дейді Батырхан ағамыз.
Осы жерде 1418 күнге созылған сұрапыл соғыстың соңына қандай сойқан қалдырғанын айтпай кетуге болмайды. Балта атамыз жаумен шайқасқан аудан орталығы Велиж қаласына неміс әскерлері 1941 жылдың шілде айының ортасында басып кіріп, қала түгелдей қирайды. Үйлердің тек қаңқиған қабырғалары ғана қалған. 1942 жылдың қаңтарынан 1943 жылдың қыркүйегіне дейін бұл қала маңы қайнаған соғыс алаңына айналады. 4-ші соққы беретін Армияның 145, 249, 332, 334 және 360-шы атқыштар дивизиялары 600 күн қорғаныста болып, жау әскерлерінің Москва мен Ленинградқа өтуіне мүмкіндік бермеді. Олардың ерлікпен қарсыласуы және бейбіт тұрғындарға көмегі, жалпы Смоленск жерін, шекаралас елді мекендерді неміс-фашист әскерлерінен ойдағыдай босатуға зор септігін тигізеді.
– Велиж қаласы мен аудан аумағын совет әскерлері 1943 жылдың 20 қыркүйегінде босатқан екен. Менің әкем қаланы жаудан босатуға екі ай, жиырма күн қалғанда қаза тауыпты, – дейді өкінішпен Батырхан Балтаұлы.
Міне, әкесі мен атасының жүрген жерімен, тіпті, ізімен деуге болады, үлкен  бір міндетті өтеп баласы мен шөбересі елге оралды. Смоленск жеріндегі әке бейітінен алынған бір уыс топырақ Астана зиратында жатқан тұңғыш ұлы Шәкеннің басына жеткізілді. Бұл да болса, 72 жыл өткеннен кейін өтелген перзенттік  парыз еді.
Совет ХАМИТҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар