Ерейменде екі ақын бар Сайлау деген

Сонау 80-жылдардың аяғында елімізде айтыс өнері қайта жанданып, еліміздің түкпір-түкпірінен суырып салма ақындар сөз сайысына шыға бастағанда Ақмола облысының намысын абыроймен қорғаған ақындардың бірі де, бірегейі де Сайлау Байбосын екендігі өнер сүйер қауымға мәлім болуға тиіс. Кезінде Әбдікәрім Манапов, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова сынды дүлдүлдермен сөз қағыстырып, намысты қолдан бермеген Сайлаудың поэзия әлемінде өзіндік орны бар. Сондай-ақ, оның журналист-жазушы  ретіндегі қарым-қабілеті де оқырман қауымға аян.

Жуырда Ерейментау қаласындағы Үмбетей жырау атындағы мәдениет үйінде Сайлау Байбосынның «Қанжығалылар» атты тарихи-танымдық кітабы мен жергілікті ақын, талантты суретші Сайлау Жылқыбаевтың «Құдіретпен тілдесу» атты өлеңдер жинағының тұсаукесері болып өтті.
Сайлау Байбосын аталмыш кітабының алғысөзінде «Егер ұлт шежіресі әр ұлыстың тарихынан құралатын болса, Ереймен мен Баянауыл, Ақкөл-Жайылма жерін жайлаған Қанжығалы елінің тарихы да Қазақ халқы тарихының ажырамас бір бөлігі, яғни, бұл кітап ру мен тайпа шежіресі емес, ұлт тарихының бір тарауы» деп түйіндейді.
Талмай ізденіп, Астана мен Көкшетау, Алматы мен Омбы қалаларындағы мұрағаттардағы құжаттарды ақтарып, көптеген деректер жинаған Сайлау Байбосын ел аралап, ата-бабаларымыз туралы аңыз-әңгімелерді де бір жүйеге келтіріп, мұрағаттардан алған деректерімен дәйектеді.
«Кез-келген халықты құлға айналдыру үшін оны тамырынан ажырату керек», – дейді Сайлау бір сөзінде. – Ал, тамыр дегенің сенің тарихың, салт-дәстүрің, тілің мен дінің, ұлттық ерекшелігің.  Құндылықтардан ажыраған халық бөтеннің айдауына көніп, айтқанына жүреді. Осы бір үлкен апаттан аман-сау қалуымыз да қазақтың ұлттық ерекшелігі – ру-тайпа шежіресінің жоғалмауында». Міне, жоғарыда айтып өткеніміздей, Сайлау Байбосынның «Қанжығалылар» атты кітабын қазақ тарихының бір бөлшегі деп қарасақ, оқырман қауымның одан алар танымы мол  болмақшы.
Ал, ереймендік екінші Сайлау – Сайлау Жылқыбаевқа келетін болсақ, танымал жазушы Дүкенбай Досжан Сайлау туралы бірде: «Сайлау өлеңді өндіріп жазады, жай ұйқас қуып жазбайды, арқасы ұстаған кезде баяғы жырауларша тірі сөзді жүрегінен төгіп жазады. Ең ғанибеті, сөзді сезіне біледі» деген екен. Шынында да, Сайлаудың табиғат  тылсымын, адамның ішкі жан дүниесін не бір жарасымды ұйқаспен, ерекше бір екпінмен суреттеуі оқырман көңілінен шығады деп ойлаймыз. Сайлау «Құдіретпен тілдесу» атты жинағында:
Жігерім құм боп жүдедім демен,
Жоқ менің мұң мен қайғым да.
Ақ желкен керген жүрегім – кемем
Жыр дейтін жүзем айдында, –
деп өзінің поэзия әлеміне деген көзқарасын білдіреді. Сайлау Жылқыбаев сонымен қатар, өлеңдеріне ән жазатын композитор, ол әндерін өзі орындайтын әншілігімен де көзге түсіп жүрген талант иесі.
Ереймендік екі ақын Сайлау Байбосын мен Сайлау Жылқыбаевтың оқырмандармен болған бұл жүздесулеріне көмек қолын созып, оларға ерекше ілтипат көрсеткен Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғымановтың өнер адамдарына, жалпы тарихқа, тілімізге, дінімізге деген айрықша көзқарасын бұрыннан білетінбіз. Бұл жолы да  уақытын бөліп, екі ақынның оқырмандармен кездесуіне бастан-аяқ қатысып, ілтипат көрсетуі тоқығаны мол, өнерге жақын, үнемі халықтың ортасында жүруге бейім, ұлтжанды  азамат екендігін байқатса керек.
Сонымен ереймендік қос жампоз – Сайлау Байбосын мен Сайлау Жылқыбаевтың жаңа бір туындылары оқырманға жол тартты. Тарихқа, поэзияға жайбарақат қарамайтын көзі қарақты оқырман  екі кітаптан өзіне керегін табады деген сенімдеміз.
Ерейментау ауданы.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар