Тарихқа дұрыс көзқарас қажет

Тарих десе, бәріміз білгішсінеміз. Тарих десе, бәріміз сын айтып, тарихымызды өзгертіп, бұрмалауға тырысамыз. Дастарқан басында да, теледидар алдында да, жұмыста да, ғаламторда да жауыр болған тақырыптарды қозғап, қызыл кеңірдек боламыз. Қазақ хандығының 550 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту жөнінде идея айтылғаннан бастап, ол үшін аламан-жарыс басталып кетті. Телехикая, сериалдар түсірілетін болды. Нәтижесінде қазір тартыстар да болып жатыр. Оған тоқталғым келмейді. Менің басты айтпағым – осы тарихи жылға деген көзқарас пен жауапкершілік  мәселесі.
Біз әлі сын айтуды және оны көтеруді үйрене алмаған халықпыз. Қандай мәселеде болсын, мейлі ол тұрмыстық-отбасылық жағдайда болсын, мейлі мемлекеттік деңгейде болсын, көретініміз қып-қызыл эмоция.
Енді тарихшылар мен «білгіштер» жа-йында. Тарихтың екіге бөлінетіні белгілі. Біріншісі – кәсіби тарих, екіншісі – ұлттық тарих. Біздің қазекең, жалпы, тек біз ғана емес, посткеңестік елдердің барлығы түгел осы ұлттық тарихты түп-тамырына, «түп-тұқиянына» дейін зерттеп алған. Бұл екеуінің арасында қандай айырмашылық бар деп сұрасаңыз, кәсіби тарих – ол аты аталғандай, кәсіби тарихшылардың, мамандардың еншісінде ғана болатын тарих. Оған кірісе қою  оңай шаруа емес. Әдетте, оның есігі бәріне жабық болмайды, бірақ оңайлықпен кіре де алмайсың. Еңбектену керек.
Келісіңіз, Алтын Орда билеушісі Берке хан қай жылы туған деген сұрақ, тек кәсіби тарихшылардың әлем бойынша жүз шақты, тіпті он шақты маманның көкейін мазалайтын тақырып. Міне, кәсіби сұрақ дегеніміз осы. Ал, ұлттық тарихқа келетін болсақ, сіз де, біз де оның маманы болып саналамыз, бірақ, негізгі туды көтеруші мемлекеттің өзі болып табылады. Ұлттық тарих әрқашанда кәсіби тарихтан кешігіп отырады. Ол кәсіби тарихтың жетістіктерін таңдап, талдап, өзіне қажеттісін алады. Сондықтан да, ұлттық тарих таза тарих емес, сонымен қоса, ұлттық идеология. Ал, идеология атаулының бәрі өзгеріп тұрады. Мысал ретінде Кеңес дәуірі кезіндегі тарих пен қазіргі тарихты алыңыз. Екеуінің арасында  үлкен айырмашылық бар. Оның  есігі баршаға ашық болғандықтан, ішінде бәрі бар. Жаны таза, ұлтшыл азаматтар да, авантюрист «біркүндік көбелектер» де сонда. Олармен дауласу мағынасыз дүние болып табылады.
Әңгімемізді Қазақ хандығы тарихы айналасына өрбітсек. Хандық тарихының жарқын беттері тарихтан әлі лайықты орны мен бағасын ала алмай отыр. Неге? Жоғарыда аталған мәселелерден басқа, біз постколониалды-постотар қоғамбыз, ойымыз бен мәдениетіміз соған сай қалыптасып үлгерген. Бір шектен екінші шекке тез секіріп өтуге құмар болып тұрамыз. Шыңғыс хан қазақ, Аттила қазақ, біздің тарих сонау сақтардан басталады деп жатырмыз. Ал, кітап оқымаймыз. Тарихымыз баяғыдан бері жазылған, әлі де жазылып келеді. Шоқан Уәлиханов бабамыздың төрт томдығы мен В.В.Бартольдтың тоғыз томын кім оқыды? В.П.Юдиннің бастамасымен жазылған жауһар – МИКХ-ны (Материалы по истории Казахских Ханств), Нұрболат Масановтың «Кочевая цивилизация казахов» сынды зерттеулеріне көз салған жан бар ма? Менің бұған үлкен күмәнім бар. Жоғары оқу орындарындағы тарих пәнінің жағдайы мүшкіл. Тарихшы студенттер классик болып танылған тарихшылардың еңбектерінен мақұрым, хабарсыз, есімдерін де естімеген, білмейді. Қажетін тек «Википедиядан» үстіртін қарай салуды әдетке айналдырған. Оған әрине, оқытушылар да, жалпы білім жүйесі де кінәлі.
Тарихты бар жүрегімен бағалайтын, аялайтын адамдар баршылық. Оны жоққа шығара алмаймыз. Ал, тұтастай алсақ, бізде ғылыми орта жеткілікті қалыптаспаған. Ғылымда, білім жүйесінде кездейсоқ адамдар көп. Ал, нағыз ғылым мұндайды көтермейді.
Талапкер УӘЛИЕВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы
Көкшетау мемлекеттік
университетінің оқытушысы,
гуманитарлық ғылымдар магистрі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар