Музей тарихы – ел тарихы

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің 100 жылдығына орай, «Музей тарихы – біздің жадымыздың тарихы» атты тақырыпта онлайн режимде екі күндік халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Онлайн конференцияға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, тарихшы ғалымдар, облыстар мен қалалардағы музей қызметкерлері, сондай-ақ, Ресей Федерациясының жетекші музеологтары қатысып, пікір алмасты.

Пленарлық отырысты алғы сөзбен ашқан облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Бекназарова конференцияны ұйымдастыруға қолдау білдіргені үшін облыс әкімінің атына алғыс айтып, бұл конференцияда еліміздің музей ісінің дамуына ықпал ететін ой-пікірлер ортаға салынатынына тілегін білдірді. Облыстық әкімдіктің әлеуметтік мәселелер жөніндегі бас инспекторы Дулат Ахметов Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында халқымыздың мәдениетін, тарихын жаңғыртып, әлемге танытуға, музейлердің жұмысын жетілдіруге қатысты айтылған міндеттерді іске асыру аясында өңірде көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Мәселен, 2018 жылы Бурабай ауданында «Ботай-Бурабай» археологиялық-этнографиялық кешені ашылған.
–Облыстық тарихи-өлкетану музейі халықтық білім беру уездік бөлімінің жанында 1920 жылдың наурыз айында құрылған. Ол бір ғасырда өңіріміздің мәдени білім беру, мемлекеттік және қоғамдық музейлердің ғылыми әдістемелік орталығына айналды. Музей қоры жыл сайын жаңа жәдігерлермен толықтырылады. Қазіргі таңда 120 мыңнан астам жәдігер бар. Өңір тарихын зерттеуге бағытталған музейдің ғылыми қызметі ұлттық тарихымыздың дамуына үлес қосады, – деген Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қуаныш Шақшақов конференция музей қызметінің өзектілігін арттырып, музейлер арасындағы байланысты дамыту, тарихи-мәдени мұраны дәріптеу мақсатында өткізілгенін айтты. Бүгінгі таңда музей «Музей тарихы» ғылыми жобасын жүзеге асыруда. Аталмыш конференция осы жобаның бірінші кезеңі болып табылады.
Конференцияның секциялық бөлімінде тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Ақмарал Ғосманқызы «Отандық музейлердің ғылыми мәртебесін арттырудың маңыздылығы», музеолог Нұрсерік Жолбарыс «Қазақстан музейлері: бүкіләлемдік пандемияның әсері және жаңа дағдылар», Отырар археологиялық қорық-музейінің бас қор сақтаушысы Ералы Шоқай «Отырар қорық-музейінің тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтаудағы рөлі», Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Нұрлыхан Зәкияұлы «Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің цифрландыру бағытындағы тәжірибесі» тақырыптарында баяндамалар жасады. Екі күндік конференция соңында қатысушыларға арнап шеберлік-сыныптары ұйымдастырылды.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар