40 оттегімен демалу қондырғысы ауруханаларға табыс етілді

Науан хазірет мешіті «Өмірге үміт сыйла!» акциясы аясында қаражат жинап, емдеу орындарына жетіспей жатқан оттегімен демалдыру қондырғыларын сатып алуда. Жақында қайырымдылық акциясы аясында сатып алынған осы медициналық қондырғының алғашқы 40 данасы облыстың ауруханаларына таратылды.

Бүгінде бүкіл қоғам болып коронавирус індетімен күресуге құлшына кіріскен уақыт екені көрініп-ақ тұр. Жаны жабырқап, індеттің қармағына ілінген науқас адамдарды арашалап қалу Алланың үйі – мешіттердің де басты мейірімділік қам-қаракетіне айналып отыр. Имандылықты ту еткен мешіт азаматтары медициналық қондырғының 40 данасын ауруханаға тарту етті.
Имандылық – адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуіш қадір-қасиет, адам бойындағы адамгершілік пен ізгіліктің, кісіліктің белгісі. Сондықтан, иман – жүректегі нұр, нұрдың сыртқы болмысы, яғни, имандылық – Алла тағалаға иман еткен адамға бітетін көркем мінез екен. Алла жіберген әрбір пайғамбарының міндеті – иман мен имандылыққа уағыздау деп саналған. Міне, осындай ізгіліктен бастау алған жүрегінде иманы мол азаматтарымызға қашан да денсаулық тілеп, қауіпті індетті жою үшін атсалысып, мұсылман қауымын бір ортаға тоғыстырып жүрген мейірімді жандарға ризашылығымыз шексіз.
Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Сәбит алдағы уақытта тағы 120 қондырғы әкелініп, емдеу орындарына берілетінін жеткізді. Мешіттеріміздің осындай елдік істе көштің алдында жүргені қуантады. Халықтың басына түскен ауыртпалықты осылай барша қоғам болып көтергенде ғана оның нәтижесі болары сөзсіз. Осы тұрғыда барша имамдарымыз бен дін қызметкерлеріне ізгілік жолында жасаған істеріңізге береке берсін, Алла дұға-тілектерімізді қабыл етсін демекпіз.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар