Құрбан айтының тағылымы

Құрбан айтының тағылымы

Біздер жыл сайын асыға күтетін діни айшықты мейрам – Құрбан айт ғибраты да мол, тағылымы да зор мереке саналады. Бұл араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни, пенде өзінің жасаған ісімен, оқыған намазымен Аллаға жақындау деген сөз. Құрбан айт мейрамында жасалатын негізгі құлшылық түрі – Алланың разылығы үшін құрбандық шалу.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы Ғұламалар кеңесінің бекітуімен биылғы Құрбан айт мейрамы 31 шілде, 1-2 тамыз күндеріне сәйкес келіп отыр. COVID-19 індетінің таралуына және енгізілген карантин режиміне байланысты мешіттерде Айт намазы оқылмайды. Айта кетерлігі, Ханафи мазхабы бойынша үйде жеке-жеке жиналып айт намазы оқылмайды. Індеттің халық арасында таралуын алдын алу мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы QURBAN2020.KZ сайтын іске қосты. Бұл жобаның ерекшелігі құрбандық шалам деген адам үйден шықпай-ақ сайтқа кіріп құрбандық малына тапсырыс бере алады. Толығырақ айтсақ, тапсырыс беруші адам бірнеше қадамнан өту қажет:
1) Тапсырыс беру бөліміне кіріп, өз тұрғылықты өңірін таңдайды.
2) Аты-жөнін енгізіп, құрбандық малын таңдайды. Телефон нөмірін енгізіп, есептің қажет не, қажет еместігін көрсетеді (Есеп қажет болған жағдайда, Whats app нөмірін көрсету керек). Қой малын бір адам шалса, қара мал түрін бір адам немесе 7 адам бірігіп шалса болады.
Ақмола облысы бойынша құрбан мал сомасы:
– Қой – 60 000 теңге.
– Тоқты – 45 000 теңге
– Қара мал – 450 000 теңге тұрады.
3) Тапсырыс қабылданғандығы жайлы хабарламаны алып, көрсетілген Kaspi банк шотына төлем жасайды.

***

Дәулеті жеткен мұсылман адамға отбасы атынан құрбандық шалу ислам шариғаты бойынша міндет болып есептеледі. Шариғат бойынша құрбандыққа қой, ешкі, қара мал және түйе малы шалынады. Айта кетерлігі, қой және ешкі малы бір жылға, қара малдың екі жылға, ал түйе малының бес жасқа толуы шарт. Дегенмен, алты айлық тоқты бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса, құрбандыққа жарамды. Құрбандық мал сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет. Құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт.
Шын мәнісінде Алла пенделердің құлшылығына да, құрбандық шалуына да зәру емес. Құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пайдалары мен хикметтері бар. Дегенмен негізгі мақсат – Алла тағаланың разылығына бөлену. Мал шалғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы Құран Кәрімде былайша баяндалған: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет» («Хаж» сүресі, 37-аят). Ғибадат Алла тағала талап еткен, белгіленген мезгілде және орында жасалуы шарт. Сондықтан, құрбанның дұрыс болуы үшін діни тұрғыдан оның белгіленген уақытта бауыздалғаны жөн. Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.
Сонымен қатар, сайтта құрбандық етін алуға көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жалғазбасты ата-аналар немесе басқа да мұқтаж отбасылар өтініш қалдыра алады. Құрбан малдары шалынғаннан кейін өкілдік жаныңдағы Зекет қоры және еріктілер тобы етті тарататын болады. Айта кетерлік маңызды жайт, карантиндік шараларға байланысты құрбандық шалуға тапсырыс берген адам құрбандық етінің бір бөлігін ала алмайды, ет толықтай мұқтаж отбасыларға үлестіріледі.
Көкшетау қаласында осы тәртіппен құрбандық шалынатын 1 қасапхана орны әзірленген. Арнайы штаб құрылып, күнделікті тапсырыстар мен өтініштерді қабылдауда. Құрбан айт күндері арнайы бригада (Статистик, молда, оператор, қасапшы) мүшелері құрбандық шалынуын жүзеге асырады.
Қуаныш қажы СӘБИТ,
Ақмола облысының бас имамы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *