«Бурабай» оңалту шипажайының келешегі кемел

Бурабай курорттық аймағы ежелден адам ағзасына тұтастай жағымды әсер ететін таза эфир майларымен және саф ауасымен даңқы шыққан. Бүгінде жер жәннатына айналған Бурабайдың дәл орталығындағы көлдер мен қарағайлы орманның арасында орналасқан «Бурабай» республикалық оңалту орталығы балалар мен жасөспірімдерді сауықтыру бағытында жұмыс істеп келеді.

Бурабай баурайындағы алғашқы отырықшы елді мекен ретінде қоныстанған Қотыркөл ауылының іргесі 1849 жылы қаланған. Бір жылдан кейін Щучинск ауылы атанған елді мекен бүгінде аудан орталығы Щучинск қаласы. 70-жылдардың басында Зубов атты казак Бурабай көлінің солтүстік жағалауына қоныстанады. Ол өзенге су диірменін салған, оның жанынан Бурабай ауылы бой көтереді. Осылайша Бурабай ауылы мен оның әсем табиғаты тез арада танымал бола бастайды. Ол жерге орта және кіші буржуазия өкілдері жиналып, жазғы демалыстарын өткізетін болған. Сонымен, шипажайдың тарихы 19-шы ғасырдың басынан басталады. Сол кезде Омбының генерал-губернаторы омбылық дворяндар демалу үшін коттедждер салған, кейін олар туберкулезбен ауыратын науқастарды емдеуге берілген. Сөйтіп, 1910 жылы Бурабай шипажайы ұйымдастырылады. Ол кезде доктор Емельянов 30 төсек-орындық пансионатта туберкулезбен ауыратын науқастарды емдей бастайды.
Демалушыларға қарағай ауасымен тыныстап, қымыз ішуге кеңес беріледі. Оны жақын ауылдардан жеткізіп отырған. Шипажайдың ашылуына Бурабайға емделушілердің келуінің күрт өсуі себеп болады. А.П.Нифантовтың айтуынша, тек 1913 жылы ондағы демалушылар саны 2000 адамнан асқан. Бірақ, оның курорт ретінде дамуы 1920 жылдан басталады. М.И.Калинин «Жекеменшік саяжайлар мен санаторийлерді халық иелігіне алу туралы» жарлыққа қол қояды. Осылайша Бурабайға республикалық маңызы бар курорт мәртебесі беріледі. 1923 жылы Халық денсаулығы комиссариаты Бурабайдың табиғи байлығы мен оның келешегін ескере отырып, курортты өзінің тікелей қарамағына алады. Сол жылы теміржол құрылысы басталған. 1934 жылға дейін шипажайда 500 төсек-орын болса, содан кейін 750 орынға дейін артады, оның 250-і жыл бойы жұмыс істейді.
Бурабайда бронхо-өкпе жүйесі аурулары бар науқастарға жағымды әсер ететін факторлар көп. Барометрлік қысымның төмендеуі өкпенің желдетілуін жоғарылатады және ауаның жоғары дәрежедегі тазалығына, иондануының жоғарылауына әкеліп соғады, нәтижесінде қабыну процесі төмендейді. Таулы жерлерде серуендеу арқылы науқастарға емдік жаттығулар жасалады және жүрек-қантамыр жүйесі нығая түседі. Сонымен бірге, адам денсаулығына жан-жақты әсер ететін витаминге бай сусын – қымызбен қамтамасыз етіледі.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Владимир Вернадский басқарған КСРО ғылым академиясының көрнекті ғалымдары мен қайраткерлері Бурабайға жіберіледі. Олар Н.Ф.Гамалея, Н.Д.Зелинский, И.И.Шмальгаузен, Л.С.Берг, М.И.Певзнер, Максим Горькийдің әйелі Мария Федорова және басқа да әлемге әйгілі ғалымдар болды. Алдымен академиктерді Томскіге жіберу жоспарланған екен, бірақ соңында бұл шешім Бурабайдың пайдасына өзгертіледі. 1941 жылдың жазында академиктер мен ғалымдар отбасыларымен келе бастайды. Мұнда барлығы 160 академик келген. Олар басымдыққа ие проблемаларды әзірлеу жұмыстарын жалғастырады. В.И.Вернадский Бурабайдың жер тарихы туралы іргелі еңбегін дайындаған, минералогиялық мәселелерді зерттеген, ал, Н.Ф. Гамалея болса, «Безгекті емдеу», «Тұмау» тақырыптарында тәжірибелік медицина үшін өте маңызды жұмыс істеген. Б.Ляпунов Батыс және славян тілдерінің ежелгі байланыстары туралы кітабын жазған. Көптеген ғалымдар біздің аймақтың байлығы мен сұлулығына таңырқап, келгеннен кейін олар Бурабайдың табиғатын зерттей бастаған. Н.Ф.Гамалея курорттың табиғи жағдайын зерттей отырып, «Бурабайдың емдік факторлары» атты жұмысын дайындайды, сонымен қатар, жаралылар мен науқастарды емдеуде де белсенділік танытады. Л.С.Берг аудан су қоймаларында тұқыны климаттау мүмкіндігімен айналысып, «Бурабай климаты» тақырыбында жұмыс дайындайды, С.А.Зернов академик В.И.Шмальгаузенмен бірігіп, Бурабай көлдерінің планктонын зерттеген.
Мәскеуден Бурабайға арнайы жеткізілген кітапхана қорында 70 000 дана кітап болған. Көптеген академиктер Бурабайдан кетер кезде шипажай кітапханасына өздерінің қолтаңбалары қойылған кітаптарын сыйға тартса, олардың барлығы әлі күнге дейін Бурабай оңалту орталығының кітапхана қорында баға жетпес жәдігер ретінде сақтаулы.
100 жыл ішінде Бурабай санаторийінде көптеген қызметкерлер жұмыс істеген, олардың көпшілігі құрметті демалыста. Ұлы Отан соғысы кезінде және соғыстан кейінгі жылдары олардың еңбектері ерекше бағаланды. 2008 жылы Бурабай шипажайы «Қарағай» оңалту орталығы деп аталса, 2016 жылдан «Бурабай» оңалту орталығы деп өзгертілген. Көптеген қиындықтарға, құрылымдық қайта құруларға қарамастан, санатория ұжымы медицинаның жақсы дәстүрлерін сақтап, емдеу-диагностикалық процесті жетілдіруді жалғастыра түседі.
Біртіндеп оңалту орталығы жаңа заманауи көрініске ие болып, балалар ұйықтайтын және медициналық ғимараттар қайта құрылды. 2007 жылы жаңа мектеп пайдалануға берілді. Балаларға арналып жаңадан жабдықталған 80 орындық асхана мен жаңа спорт алаңы салынды. Заманауи құрылғылармен жабдықталған дене жаттығуларымен емдеу және ингаляторлық бөлмелермен қатар, балалар мен ересектердің демалуы үшін барлық жағдайлар жасалған.
Қазіргі уақытта «Бурабай» оңалту орталығы балалардың денсаулығын нығайту мен тәуелсіз еліміздің өркендеуі жолында еңбек етіп келеді. «Бурабай» республикалық оңалту орталығы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 желтоқсандағы № 1366 қаулысының негізінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Қарағай республикалық оңалту орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің республикалық балалар мен жасөспірімдерге арналған оңалту орталығы болып ұйымдастырылған.
2018 жылдың тамыз айынан бастап «Бурабай» республикалық оңалту орталығына медицина ғылымдарының кандидаты, философия ғылымдарының докторы, жоғары санатты дәрігер Гүлнәр Ережеқызы Құлышева басшылық етеді.
Бүгінде 100 төсек-орындық «Бурабай» республикалық оңалту орталығы 10 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді сауықтыру бағытында жыл бойы қызмет көрсетеді. Шипажайда бронхо-өкпе жүйесінің созылмалы аурулары бар науқастар, яғни, өкпе туберкулезі ауруынан кезең-кезеңімен емделіп, жазылып шыққандар келіп осы оңалту орталығында демалады. Осы маусым аралығында еліміздің барлық өңірлерінен келген 718 бала сауықтырудан өтті. Шипажайда барлығы 56 адам жұмыс істесе, олардың төртеуі дәрігерлер, 17-сі орта медициналық қызметкерлер, ал, 16-сы кіші медициналық қызметкерлер, 15-і ұстаздар мен тәрбиешілер.
Реабилитациялық емдеу кешенінде климаттық терапия жетекші орын алады. Мәселен, аэротерипия, гидро және аэро иондарының әсерінен қылқан жапырақты ормандардағы таулы жолдар мен көлдердің жанында жүріп дем алу емделушілердің денсаулығына зор әсер етеді. Сонымен қатар, кешенде бальнеологиялық және медициналық массаж, физиотерапиялық жаттығулар, қымызбен емдеу және басқа процедуралар бар.
Балалар мен жасөспірімдер бөліміндегі емдеу шаралары мектеп бағдарламасын үзбей жүзеге асыруға ықпал етеді. 4-11 сынып аралығындағы балалар қазақ-орыс тілдерінде білім алады. Сыныптар интерактивті тақталармен, парталармен, компьютерлермен жабдықталған. Сондай-ақ, кітаптармен және барлық керек-жарақтармен қамтамасыз етілген. Орталықта 17000 кітап қоры бар кітапхана балаларға қызмет көрсетеді. Ондағы ұстаздар мен тәрбиешілер балалар мен жасөспірімдердің білім алуына қашанда ынталы. Сонымен қатар, шипажайда науқастарды психологиялық жағынан қолдауға арналған психосенсорлық кабинеттер ұйымдастырылған, онда психологтар жалпы және жеке кеңестер береді. Шипажайда спорт залдары мен алаңдары жұмыс істейді. Оған қоса, келушілерге алғашқы күндерде әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасалған. Ал, балалардың бос уақыттарын тиімді пайдалану бағытына келсек, онда музыкалық және би кештері ұйымдастырылып, мерекелік күндерге арналған тақырыптық іс-шаралар өткізу назардан тыс қалмаған және емделушілерге арналған саяхаттар да жасалып тұрады.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар