Індетті жеңу – міндет!

I. Жаңа провизорлық орталық ашылды

Коронавирустық індеттің алдын алу мақсатында Макинск қаласындағы «Арай» оңалту орталығының балалар бөлімшесі базасында провизорлық стационар ашылды.

Қазіргі уақытта аталған стационарда 21 адам ем алуда. Аудан тұрғындарының ынталы тобы стационарға көмек көрсету бойынша WhatsApp мессенджерінде чат-топты құрды. Бүгінгі күнге дейін өңір тұрғындары мен жеке кәсіпкерлері 3 миллион теңгеге жуық қаражат жинап үлгерді. Осының нәтижесінде індетке қарсы костюмдер мен оларды тігуге арналған заттар, бетперделер, қолғаптар, ылғал оттегіні беретін аппаратты жинауға арналған шығын материалдары, бір рет пайдаланатын ыдыс-аяқтардың 1000 жиынтығы, төсек-орын жабдықтары, дезинфекциялайтын және антисептикалық құралдар, дәрі-дәрмектер және тағы басқа заттар сатып алынды.
Бұл орайда, Макинск құс фабрикасы дәрі-дәрмек сатып алуға 7 миллион теңге бөлгенін айтқымыз келеді. Қазіргі уақытта препараттар (азитромед, ингавирин, цефтриаксон және т.б.) сатып алынып, стационарға жеткізілді. Сонымен қатар, Никольск ауылдық округінен «Шахатов Р .Т.» шаруа қожалығы 101,99 килограмм сиыр еті түрінде демеушілік көмек көрсеті.

II. Сын-қатерді жауапкершілік жеңеді

Жаhанды дүрліктірген пандемия Атбасарды да айналып өткен жоқ. Елімізде төтенше жағдай жарияланған бойда аудан көлемінде карантин шаралары енгізілген болатын.

Жергілікті әкімдіктің ұйымдастыруымен Атбасар шаһары аумағы бойынша 5 блок-бекет орналастырылып, санитарлық тәртіп пен талаптар әлдеқайда күшейтілді. Кейін уақыт көрсеткендей, қолға алынған іс-шаралардың арқасында ауданда бұл індеттің асқынуына жол берілмеді.
Аудан әкімінің орынбасары Абай Бекбаевпен тілдескенімізде қазіргі таңда коронавируспен күресуге қолда бар мүмкіндіктердің барлығы жұмылдырылғанын білдік. Атбасар қаласында және Мариновка ауылында жалпы саны 150 адамға арналған екі арнайы провизорлық орталық ашылып, науқастарды емдеуде екен. Одан басқа, аудандық аурухананың стационарында өкпе қабынуымен түскен науқастарға арнайы 30 орындық бөлімше ашылған. Індетке қатысты кеңес беретін аудандық «Call-орталығы» жұмыс жасап жатыр. Ауыр науқастар есебінде тұрған адамдарды тексеретін арнайы 6 мобильдік медициналық топтар құрылып, олардың денсаулығын күнделікті бақылауға алып отырады.
Аудандық аурухана тиісті медициналық құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмектермен, қажетті шаруашылық заттармен уақытылы қамтамасыз етілуде. Қазірдің өзінде аудан әкімдігінің бюджеті мен іскер азаматтардың тарапынан 13 миллион теңгеден астам қаржының көмегі көрсетілді. Бұл қаражатқа оттегі концентраттары мен баллондар, пульсоксиметрлер, инфрақызыл термометрлер, маскалар, арнайы қорғаныс киімдері, төсек-орын және азық-түлік сатып алыныпты.
Сондай-ақ, Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжановтың өкімімен құрылған, құрамында мүдделі мемлекеттік органдар, кәсіпкерлер палатасы, депутаттар, қоғамдық ұйымдар өкілдері бар арнайы мониторингтік топтар аудан бойынша профилактикалық рейдтерді өткізуде. Олардың міндеті аудандық мекемелердің, сауда-тамақтану нысандарының санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауын, дәріханалардың дәрі-дәрмектермен уақытылы қамтамасыз етілуін, бағалардың өспеуін жүйелі түрде бақылау болып табылады. Аталған рейдтер аптасына екі-үш рет өткізіліп, талдау нәтижелеріне қарай тиісті шаралар қабылданады.
–Әрине, халықтың денсаулығын жақсарту, медициналық қызметтің сапалы әрі қолжетімді болуын қамтамасыз ету мемлекеттің басты міндеті және сол үшін барлық жұмыстар атқарылады және қатаң бақылауда ұсталады. Бірақ, қоғамдық ұйымдар, азаматтар да бұл іске белсене атсалысуы керек. Халқымыздың «Жақыныңа жанашыр бол» деген тағылымы да бар ғой. Бүгінгі күннің табалабы: «Әуелі өзіңді, сонан соң өзгелерді сақтай біл!». Бұл орайда бәріміз ортақ іске жауапты екенімізді ұмытпағанымыз жөн. Тек дәрігерлердің көмегіне жүгініп қана қоймай, әрқайсымыз санитарлық, гигиеналық талаптарды сақтауымыз керек. Қарапайым ғана қарекет жасасақ, яғни, маска тағып, қолымызды антисептикпен залалсыздандырып, көп адамдар шоғырланған жерлерге әзірге бармайтын болсақ, жақын арада бұл індетті жеңетінімізге сенімдімін, – дейді Абай Бекбаев.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Атбасар ауданы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *