Әр өтініш назарда болады

Кеше облыс әкімі Ермек Маржықпаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді. Кейбір тұрғындардың мәселесі сол арада шешілсе, енді бір өтініштер негізінде тиісті ведомство басшыларына тапсырмалар берілді.

Қоғамдық қабылдауға Нұр-Сұлтан қаласынан келген «AES Corp» серіктестігінің техникалық директоры Владимир Ким Щучинск қаласында жүзеге асырылатын инвестициялық жобаны таныстырды. Бұл жоба көмір өндірісі қалдықтары мен қайыңды емес сүректен медицинада қолданылатын белсендірілген көмір мен отындық пеллет жасаумен байланысты болып шықты. Владимир Кимнің айтуынша, жобаны қаржыландыратын инвесторлар бар. Тек, шикізат жеткізу мәселесін шешу қажет. Ол үшін облысымыздың орман шаруашылықтарымен келісімшарт жасау керек. Облыс әкімі жобаның маңыздылығын ескере отырып, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына орман шаруашылықтарымен келісімшартқа отыру мәселесін тез арада шешуді тапсырды.
Әлдекім иемденіп кеткен 25 сотық жерін қайтарып беруді сұраған бурабайлық жеке кәсіпкер Мұрат Оразалиннің өтінішін тыңдай келе, облыс әкімі Ермек Маржықпаев бұл мәселе бойынша Бурабай ауданының әкімдігіне тапсырма берді.
Ал, Көкшетау қаласында тұратын жеке кәсіпкерлер Нина Гатенюк пен Екатерина Азарнова жастарға тәжірибелік психологияны оқытуға арналған жобаны ақпараттық және қаржылай қолдауды сұрап келіпті. Олардың айтуынша, аталмыш психологиялық тренингтерді мектеп бағдарламасына да енгізуге болады. Облыс әкімі жобаны алдымен ұстаздар мен білікті психологтардың талқылауына салып, содан кейін ғана психологиялық тренингтерді оқушыларға үйретуге болатынын айтты. Одан әрі қоғамдық қабылдау онлайн режимде жалғасып, Көкшетау қаласының тұрғыны Ержан Шәшкенов өз өтінішін бейнебайланыс арқылы жеткізді. Ол өзі тұрып жатқан Пушкин көшесіндегі 4/8 үйге тез арада жөндеу жұмыстары қажет екенін айтты. Жаңбырлы күндері үйдің шатырынан су ағып, подъезінің қабырғалары опырылып, іші суға толады екен. 1961 жылы салынған бұл тұрғын үй алпыс жылдан бері жөндеу көрмеген. Енді, тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жүргізілсе екен дейді қала тұрғыны.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Иван Юрченконың айтуынша, қалада 2011-2019 жылдары «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы аясында 74 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен. Алайда, қазіргі таңда республикалық бюджеттен бұл мақсатқа қаражат бөлініп жатқан жоқ. Сол себепті, бағдарлама тоқтап тұр. Дегенмен, бүгінгі таңда облыс өңірлерінен жобалық-сметалық құжаттар жиналып, бірыңғай оператор ашу жұмыстары жүргізілуде, – деді басқарма басшысы.
Облыс әкімінің тапсырмасына орай Ержан Шәшкеновті қала әкімі қабылдайтын болды.
Қабылдауға келген зейнеткер Жапаш Шәкенов баспана қажеттігін айтты. Ақсақал бүгінде мүгедек қызымен тұрады. Пәтер кезегінде 292-ші болып тұр. Оның мәселесі заң аясында шешілетін болды. Облыс әкімі қабылдауда болған ешбір тұрғынның өтініші назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Қабылдау соңында Ермек Маржықпаев волонтерлікпен айналысып жүрген белсенді жас Ербол Қажиевке алғыс айтып, кішігірім сыйлық табыс етті. Пандемияға байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде Ербол көпқабатты үйлердің подъездеріне дезинфекция жасап, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбастарына азық-түлік таратыпты. Тіпті, Көкшетауда тұратын жалғызбасты ананың үйінің шатырын да жөндеп беріпті. Әкім белсенді жасқа волонтерлік қызметінде табыс тілеп, естелік суретке түсті.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар